Home » Мақалалар » «Мамандығым-мақтанышым» 

«Мамандығым-мақтанышым» 

Кызылгулова Улжан Муханбетовна
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы,
№3 ЖББ мектеп КММ-сі.

     Адам баласының өмірінде мамандық таңдау – ең маңызды, жауапкершілігі жоғары қадам. Дұрыс таңдалған мамандық адамға бақыт сыйлайды, өмірінің әр күнін гүлдендіреді, адамзаттың игілігіне асады. Ал, жүрек қалауынсыз таңдалған мамандық адамға да, айналасындағыларға да рахатын әкелмейтіні анық. Сондықтан да таңдаған мамандығымыз адамзат әлеміне қажетті болуы керек деп түсінемін.

Менің осы жолда таңдауым қабілетім мен талантыма, өз қызығушылығым мен өмірлік арманыма тікелей байланысты. Сонымен қатар, менің мамандығым  адам бойындағы адалдық — пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады. Ол –  адам баласына жол көрсетуші, тәрбиенің бір ұшын ұстап жүрген ұстаз деген ұлы есім.

Ал ұстаз қандай болу керек? Ұстаздың педагогикалық қызметі не?-деген сұрақтарға жауап беру мен үшін қиын емес.

Себебі, мен ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұстазбын. Әр шәкіртті жақсылыққа, ізеттілікке ,тектілікке тәрбиелеу – ұстаздың борышы. Мұғалімнің әр күнгі сабақ жоспарының бір бөлігі оқушы  бойына «Мәңгілік Елдің» құндылықтарын дарытуға арналады.Сол құндылықтардың бірі-білім. Кез келген өркениетті елдерде білім ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Заманауи ұстаз ретінде кәсіби құзыреттілігімді тәжірибеде пайдалана отырып, жас ұрпақты адамгершілікке, адалдыққа, парасаттылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу мақсатында түрлі кешенді жұмыстар жүргізіп келемін. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі — оның жан-жақты білімінен, ұстаздық шеберлігінен, оқытудың жаңа әдістерін меңгеруінен көрінеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзыреттілік аясы да соғұрлым кең болмақ. Оқушыларымның  алға қойған мақсаты мен оған жету жолындағы шығармашылық  пен ізденістерін саралап, нәтижелі іс жасау керектігіне назар аудартамын. «Адамның ойы түзу болса, сөзі де түзу болады, сөзі түзу болса, ісі түзу болады» деген қанатты сөзді жиі қолдана отырып, оқушыларымның сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмауына қатты көңіл аударамын.  Әрбір істе жауапкершілікті сезінуге бағыт беріп отырамын. Мысалы, сабақ кезіндегі топтық жұмыста жеңіске жету үшін де әр адамның бойында жауапкершілік, көшбасшылық қабілеті болу керек. Әр оқушы бір-бірінің іс әрекеттерін түсіне отырып, бірлесе жұмыс жасау керек.

Қазағымыз ежелден «Ала жіпті аттамағанның абыройы биік», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»  деп ұрпағының шыншыл да әділетті болғанын қалаған.  Жас ұрпаққа тарихымызды түсіндіру барысында қызбалыққа салынбай, әр істі байыппен, ақылмен шешуге кеңес беремін.

Білімді толық игеру үшін оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, еркін сөйлеуіне, өз ойын ашық және толық айтуға үйрету, ой-өрісін кеңейту – оқытудың ең басты мақсаты. Әрбір оқушыны өз мүмкіндігіне қарай білім, дағды алатындай етіп оқытуымыз дұрыс.

Жас өркеннің жақсы азамат, білікті тұлға ретінде қалыптасуы мұғалімдердің білімі мен кәсіби шеберлігіне, мемлекет пен халық алдындағы азаматтық парызына деген жауапкершілігіне тікелей қатысты.

Қазіргі заман мұғалімі шын мәнінде кемелді ұрпақ тәрбиелеуді өмірлік мақсат-мұраты санайтын, өзгелерге өнер-білім үйрете жүріп, өзі де үздіксіз ізденетін сегіз қырлы, бір сырлы жан болуы қажет. Заманауи ұстаз ретінде шәкіртіме мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеймін.

Әр оқушының  пәнді жақсы білуі пәнді оқытатын ұстазына байланысты екені баршамызға белгілі.  Егер оқушы мен мұғалім арасында қарама-қайшылық болса,  ол сабақтың қаншалықты қызық болғанымен де баланың оны білуіне құлқы болмайды, сабақты оқығысы да келмейді. Мұғалімдер өз елінің  жас болашағына тәлім-тәрбие береді, бұдан тек қана баланың өмірі қалыптаспайды, сонымен қатар бұл ұлттың, елдің қоғамы қалыптасады. Қазақстанның өркендеуіне, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуына үлкен әсер етеді.

Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Себебі, ұстаз – баланы адам қылып тәрбиелеп, күлімдеген, күнім деген, сенің жүрегіңе болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға.

Тәуелсіздігімізге 30 жыл толғалы отырғанда, еліміздің әлеуметтік-саяси және басқа да салаларында түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Соның бірі-білім беру саласы. Қай кезеңде болмасын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру қоғам алдындағы ең жауапты, маңызды іс болып қала береді. Дәл осы мамандықтың иесі боланымды мақтаныш тұтамын. Мемлекетіміздің даму, жаңару жолындағы жаңалықтар мен түрлі өзгерістерге  өз үлесімді қосуға міндеттімін деп ойлаймын.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.