Home » Жаңалықтар » Оралдық оқушы – Әлем чемпионы

Оралдық оқушы – Әлем чемпионы

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Орал қаласындағы №19 ЖОББ мектебінің 6-сынып оқушысы Ислам Қабдоллов әлемдік чемпионатта үздік нәтиже көрсетіп, ел қоржынына алтын медаль салды.

Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Ислам Қабдоллов Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен батуттық гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында 11-12 жас ерекшелігінде Қазақстан құрамасы атынан  акробатикалық жолда секіруден жарысқа шығып, нәтижесінде жоғары 31.100 балды қанжығалаған.  Әлем чемпионы атанған Ислам Есенгелдіұлы 2009 жылы 16 желтоқсанда Орал қаласында дүниеге келген. Жас спортшының оқу үлгерімі жақсы, қоғамдық шараларға белсене қатысады. Бес жасынан бастап қаладағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде гимнастикамен шұғылданып келеді.

Чемпионның әкесі Есенгелді Айсағалиев – Батыс Қазақстан өңіріне белгілі самбодан спорт шебері болса, анасы Айжан Мұсабекова да гимнастикадан спорт шебері, облысымызға танымал гимнастика бапкері. Осындай спортшылар отбасында дүниеге келген Ислам да дәстүрді жалғастырып чемпион атанып отыр. Жаттықтырушысы – Альберт Тілепқалиев.

Әлем чемпионы атанған шәкірттерінің жеңісіне шын жүректен қуанған ұстаздар қауімі Исламның спортта ел туын биіктен талай мәрте желбіретеріне сенімді.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ
«BILIM AINASY»
 Орал қаласы БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.