Home » Жаңалықтар » Тағылымды кеш

Тағылымды кеш

Қазір республика бойынша қыркүйек айынан бастап барлық білім ордаларында тіл апталығы өтіп жатқандығы белгілі. Кеңінен аталып өтілетін дәстүрлі қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің онкүндігі аясында  С.А.Ходжиков атындағы №39 мамандандырылған лицейде талантты журналист, «Кешкі кездесу», «New Old Qazaq», «Talk like», «Талпын» бағдарламаларының тележүргізушісі Аман Тасығанмен жылы шырайлы кездесу болып  өтті.   Іс-шараны лицей басшылығының бастамасымен «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы ұйымдастырды.

Белгілі журналист Аман Тасығанды ұстаздар мен оқушылар қарсы алып, кездесуді асыға күтіп отырған көрермендерге толы залға салтанатты түрде бастап кіріп, сахна төріне шығарды. Көпке танымал болған «Ең алғашқы» бағдарламасын өзіне ұсына отырып, журналисті қонақ еттік. Оқушылардың сауалдарына жауап беріп, ақпарат әлемі жөніндегі пікірлерін ортаға салып, өзінің бай тәжірибесімен бөлісті. Қазіргі заман ағымына қарай жастарға қойылар негізгі талап, ол — жаңашылдық. Сол заманауи технологияны жетік меңгеріп қана қоймай, оның пайдасы мен зиянын ажырата білу, әрі әлеуметтік желілерді ұтымды пайдалану жолдарын түсіндірді. Ақпарат ағымындағы танымдарын кеңейтіп, журналистика мамандығының қыр-сырын айтып берді. Қоғамда орын алып жатқан мәселелерді қозғап, оқушыларға дұрыс бағдар көрсетті.

Еркін форматтағы кездесуде Аман Тасыған әдемі әзілімен, қағытпа қалжыңымен балаларды өзіне баурап алды. Оқушылар өздеріне қажетті мол мағлұмат алып, құрметті қонақтың рухани әңгімелеріне қанықты, уақыттарын тиімді пайдала алғандарына қуанды.

Кеш соңында лицей директоры Маликова Найля Токтамуратовна сөз сөйлеп, журналистің қоғамдағы ерекше орнына тоқталып, оқушылар елдің мақтанышына айналған айтулы тұлғалардан үлгі алу керектігін атап өтті. Аман Тасыған мырзаға ұжымның, оқушылардың атынан алғыс білдірді.Ұстаздар мен оқушылар естелік сыйлықтарын табыс етіп «Қандай сәтте де қазақ деген халықтың қасиетін ұлықтап, тілін дәріптеп келесіз. Ұлтымызға деген осындай шексіз сүйпеншілігіңіз үшін басымызды иеміз», – деп ізгі тілектерін білдірді.

Жеткіншектер тағылымды кештен ерекше әсер алып, рухты әңгімелерден қанаттанып шықты.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Динабекова Алина Айбековна

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.