Home » Мақалалар » Ойын арқылы баланың тілін дамыту

Ойын арқылы баланың тілін дамыту

Таубаева Гүлжазира Жүнісқызы
Қызылорда облысы
Қармақшы ауданы
Ақжар ауылы
№ 7 «Шаттық» бөбекжай-бақшасының
тәрбиешісі

Бүгінгі білім беру жүйесінің  жаһандық өзгерісі ақпаратты жедел қабылдауында.  Бұл әлемдік тенденция болып табылады. Тек білім беру процесіне ғана әсер етіп қойған жоқ, сонымен қатар  ол адамзаттың өмір сүру саласының барлық деңгейіне өз ықпалын тигізуде. Бұл өзгерістердің негізгі сипаты — үздіксіздік, үдемелілік, жылдамдық және жаһандық.  Аталған факторлардың барлығы қазіргі үздіксіз білім беру саласына, соның ішінде баланы мектепке дейінгі ұйымдарда оқыту мен тәрбиелеу мәселесіне үлкен талаптар жүктеп отырғаны белгілі.

Балабақшадағы оқыту – тәрбиелеу жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын молайту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, одан әрі күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста ойындар арқылы қолдана білуге ерекше мән берілген.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  Қазақстан халқына Жолдауында – «Кішкентай бүлдіршіндердің дамуына ықпал ететін үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретіндегі мектепке дейінгі білім беруге баса назар аударған жөн. Және бұл сатыны олардың шығармашылық және интеллектуалдық, қабілеттерін дамытуға арналған тиімді бағдарламалармен қамтамасыз ету қажет. Әрбір балалардың білім алуға, еңбекке және қоршаған ортаға бейімі, қарым-қатынасы нақ осы кезеңде қаланатынын естен шығармауымыз керектігі» — деп атап өткен  болатын. Бұл мәселеге отбасы, қоғам, мектеп және бала-бақша жауапты.

Мектепке дейінгі жас, баланың қарқынды даму кезеңі,  уақытында дұрыс сөйлеуді меңгеру, соның ішінде оны белсенді пайдалану баланың қалыпты психофизикалық дамуының, толыққанды тұлғаны қалыптастырудың, мектепке дайындаудың негізгі шарттарының бірі болып табылады.

Сөйлеу бала үшін қарым-қатынас болып табылады, оның ойлау қабілетін және мінез-құлқын реттеуде маңызды рөл атқарады. Сөйлеу қатынасы баланың білімді меңгеруіне, қажетті білік пен дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сөйлеу қызметі ойдың дамуымен қатар өрбиді. Дұрыс сөйлеуге тәрбиелеу коммуникативтік біліктілікті, тілдік (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық) және тілдік емес (мимика, ым, қалып, көзқарас, іс-қимыл) құралдардың көмегімен айналадағы адамдармен қарым-қатынас жасауды реттеу қабілетін дамытуға бағытталған. Тілді дамытуда өз қатарларымен сөйлесе білудің маңызы ерекше.

Осы орайда, баланың шығармашылық, зияткерлік, танымдық қабілетін дамыту тілден басталмақ. Себебі, тіл – адамдардың бір-бірімен пікір алысып, қарым-қатынас жасайтын негізгі құралы.

Тілді дамыту отбасында, бала-бақшада және мектепте әртүрлі пәндердің интерграциялық байланысы негізінде жүзеге асады. Сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын бала айналадағы адамдармен, құрдастарымен   белсенді түрде сөздік қатынас жасайды.

Баланың тілін дамытуда ойынның маңызы ерекше. Баланың қоршаған ортаны тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады.

Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуді меңгеру барысында әртүрлі өзін қызықтыратын сұрақтар қоя бастайды. Айналадағы заттар мен құбылыстар оны қызықтырады. Сөйтіп оның ой-өрісі, танымы және тілі дами бастайды. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала ешнәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады.

Ойын — мектепке дейінгі жастағы  бала қызметінің жетекші түрі, тиімді әдісі және балалардың сөйлеу белсенділігін ынталандыратын оқыту мен тәрбиелеудің бір түрі болып табылады.

Ойын балалар үшін айналаны танып-білу тәсілі. Ойын кезінде бала өзін еркін ұстайды. Дидактикалық ойындар арқылы балалар қоршаған ортадағы заттармен танысып, қасиеті мен сапасын ажыратуға, әртүрлі құбылыстардың ерекшеліктерін білуге талпыныс жасайды, өзіне қажетті көптеген мәліметтер жинайды және олардың сөздік қорлары кеңейеді.   Л.С.Выготскийдің айтуы бойынша,  «Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы».

Ойын кезінде баланың психологиялық ерекшелігі байқалады. Олар ойланады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі – баланың шығармашылық қабілеті мен дарындылығын ұштайды. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданауға тырысады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді.

Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін, әрі тәрбиелейтін де негізгі іс – әрекет ойын. Ойын арқылы бала қоршаған ортамен, адаммен, олардың еңбегімен, қарым – қатынасымен танысады. Ойын арқылы олардың ой-өрісі дамиды. Ойын үстінде балалар әртүрлі рөлде жолдастарымен қарым – қатынас жасауға, ойын үстінде ойлана отырып жауап беруге, қиялдауға, елестетуге үйренеді. Сөздік ойындары балалардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамытады.

Мектеп жасына дейінгі бала заттармен және ойыншықтармен іс-әрекет жасау арқылы өзінің сөздік қорын дамытады.

Мысалы: «Не өзгерді»  ойынында бала қандай заттың жоғалғанын, бөлмеде қандай өзгерістер болғанын, сондай-ақ  ол затты көрмесе де  негізгі белгілері бойынша сипаттайды.

«Неден және қалай жасалды»  атты дидактикалық ойындарда балалар ағаштан, мақтадан және басқа да материалдардан не істеуге болатынын нақтылайды. Бұл ойынның мәні суреттерді шебер таңдауға байланысты. Бұл ойын баланың логикалық ойлау қабілетін ғана дамытып қоймай, сонымен бірге  дидактикалық ойындары балалардың тілін дамытуға, сөздікті нақтылауға және бекітуге, дұрыс дыбыс айтуды қалыптастыруға бағытталған. Баланың тілін дамытуда сюжетті-рөлді ойынның алатын орны ерекше.  Балалар рөлдерді ойнау арқылы кейіпкерлердің бейнесіне еніп, сол іс-әрекеттерді қызығушылықпен орындауға тырысады. Мысалы, «Дүкен» ойынында сатушы және   сатып алушы рөлдерін бейнелеу негізінде баланың қарым-қатынас мәдениеті, коммуникативті дағдысы, ойлау қабілеті дамиды.

Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік жұмысын жүргізу ісі- тіл дамытудың негізгі бір міндеттері болып есептелінеді. Тәрбиеші балалармен сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге,  қасиеті мен сапасын, түр-түсін және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым- қатынас жасай білуге үйретеді.

Сонымен бірге 4-5 жастағы баланың қазақ тілі бойынша даму деңгейіне де талаптар қойылады.

  • қазақ тілінде берілген дыбысқа сөз таба білуі;
  • заттардың атын ажырату;
  • өзінің және өзінің жақын туыстарының аттарын білу;
  • сөздің мағынасын және оны қимылмен көрсете білуі;
  • заттардың атын қазақ және орыс тілдерінде атай білуге;
  • ойын тапсырмаларын орындауға;
  • сөздерді тәрбиешіден кейін қазақ тілінде қайталауға;
  • сөздік қорды меңгеруге тиіс.

Қорыта айтқанда,  балалардың жас ерекшелігіне, қызығушылықтарына байланысты ойындарды ойнау, драмалық қойылымдарды сомдау, кейіпкерлер рөліне ену балалардың тілін  дамыту  үшін өте қажет.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына Жолдауы. — 2012, 12 желтоқсан.
  2. Мектепке дейінгі жастағы балалардың тілін дамыту http://bilimdiler.kz/balabaksha/11275-mektepke-deyingi-zhastagy-balalardyn-tilin-damytu.html
  3. Тунгатарова Н.А. Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиешінің сөйлеу мәдениетінің мәні //Молодой ученый. -2015. №6,  С. 56-59
  4. Выготский Л.С. Психология развития ребенка -М: Издательство. 2010, С.328

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.