27 шілдеде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аппараттық кеңесі өтті. Аппараттық кеңес аясында 2021-2022 оқу жылында орта білім беру ұйымдарына арналған әдістемелік-нұсқау хаттың таныстырылымын Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясының президенті Ғани Бейсембаев жасады.
Ғ.Бейсембаев өз сөзінде академияның домбырамен орындалған күйлерді музыкалық ендірме ретінде мектептерде пайдалану туралы ұсынысын жеткізді: сабақтың басталуы «төкпе» күйі арқылы, сабақтың аяқталуы – «шертпе» күйі арқылы болмақ.
Академия президенті бұл әдіс оқушылардың психикасына, көңіл-күйі мен әл-ауқатына жағымды әсер ететіндігін психологтар зерттеулеріне сілтеме жасап атап өтті. Мұндай жаңалықтар биылғы Күйші Динаның 160 жылдығы аясында айрықша мәнге ие.