Home » Мақалалар » КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК ПЕН БАЯНДЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ 30 ЖЫЛ

КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК ПЕН БАЯНДЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ 30 ЖЫЛ

Мусакулова Айзат Мустапаевна,
Жамбыл облысы әкімдігінің білім
басқармасының «Дарынды балаларға
арналған мамандандырылған «Дарын»
мектеп-интернатының» қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі, Тараз қаласы

«Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас» Халық мақалы

Тарих ауқымында 30 жыл – қас–қағым сәт. Тәуелсіздікке жетер жол қай кез, қай елде болмасын жеңіл өтпеген. Осы орайда тәуелсіздікке қол жеткізу жолы – ұлы жол десек, артық айтқандық емес. Мың тоғыз жүз он алтыншы жылдағы көтеріліс, жиырмасыншы жылдардағы аштық, отызыншы жылдардағы тотолитарлық жүйе, ұлы Отан соғысы, мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы жерді дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы. Бұның барлығы да қазақ жеріне ауыр жара салды. Қанша қиыншылық келсе де, біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Себебі, бұл – тарих. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы даналық сөз бар емес пе? Осы даналықтың әрдайым жадымызда сақталғанын қалаймын. Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе, XX ғасыр қазақ халқы үшін ауыр тиіп, қайғыға толы кезеңімен есте қалды..

1991 жылғы 16 желтоқсаны – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алған күні, бұл – теңдесі жоқ тарихи күн, Ұлттық мерекеге айналған, кешегі бабалардың арманы жүзеге  асқан күн. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ел дамуында жаңа тарихи кезең басталды. Бейбітшілік пен келісім, саяси тұрақтылық пен экономикалық өрлеу жүйесі қалыптасты. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен егемен еліміз әлем қауымдастығынан лайықты орын иеленді. Аз ғана уақыттың ішінде Қазақстанның әлеуметтік – экономикалық әл-ауқаты, мәдени, рухани келбеті бұрын болып көрмеген биік деңгейге көтерілді. Елімізде қысқа мерзімде жүздеген жылдарға пара-пар қадамдар жасалды. Тәуелсіздіктің өткен осы жылдар белесінде мемлекетіміз талай қиындықтарды еңсеріп, биік асуларды бағындырды, Қазақстан деген мемлекетті, қазақ деген елді бүкіл дүние жүзі таныды.

Еліміздің осындай биіктерді бағындыруына, әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмыла біріктірген ынтымағымыздың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Біз көп ұлтты мемлекетпіз, дегенмен соған қарамастан бір шаңырақ астында тату – тәтті өмір сүріп келеміз. Бұның барлығы – ауызбіршіліктің арқасы.

Көп ұлт пен ұлыстарды бір шаңырақ астына ұйыстырып отырған мемлекетіміздің кез келген азаматы Қазақстанды өз Отаным деп қабылдайды. Осы ретте өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін болашақ ұрпаққа мол әрі аса құнды мұра қалдырған Қасым Аманжоловтың мына өлең жолдарынан байқаймыз:

Уа, дариға, алтын бесік туған жер,

Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!

Жата алмас ем топырағыңды тебіренбей

Ақын болмай, тасың болсам мен егер. Өскелең  ұрпаққа тәрбие беруде осы жыр жолдарынан асқан сөз құдіреті болмайтын шығар, сірә! Отан. Атамекен. Атажұрт. Бұл сөздер қай құлаққа да асқақ естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жия бастаған сәттен өз Отанының тарихына ден қоя бастайды.  Елдің елдігін, жерінің байлығын сақтап қалу жолында талай ержүрек, ақылды, шешен де білгір азаматтарымыздың бастауымен «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген қағидаларды сақтап, «Абылайдың ақ жолы», «Нұрсұлтан ағамыздың нұрлы шапағатына» ұласып отырғанын көріп отырмыз.

Кемел келешек пен баянды тәуелсіздік жолындағы 30 жыл ішінде елімізде айтарлықтай тарихи оқиғалар болды. Атап айтар болсақ: 1990 жылдың 25 қазанында Егемендік туралы Декларация қабылдады, одан әрі 1991 жылы 16 желтоқсан күні Тәуелсіздігін жариялап, заң жүзінде шынайы бостандыққа жеттік. 1991 жылғы тамыздың 29-ындағы «Семей полигонын жабу туралы» Жарлық жарияланды. Тәуелсіздікке қол жеткен халықтың бостандығын айғақтайтын қасиетті Ата Заңымыз қабылданып, елтаңба, ту, әнұранымыз жазылды.

Тәуелсіздік тағылымы жайында айтқанда бар даусымызбен мақтанып, шаттанып айтатын бір белгі – жаңа астана – Нұр-Сұлтан бой көтерді.

Тәуелсіздік бізге не берді десек, Тәуелсіздік ойға еркіндік берді! Азат өмірге қол жетті! Дамыған елдермен тереземіз тең болды! Тәуелсіздікпен бірге біз елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті жаңғырттық. Осылайша, төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың «Мәңгілік ел» мұратын қайта жалғадық.

Біз аз уақыт шінде қуатты ұлтқа, дәулетті елге айналдық. Мемлекет шекарасы айқындалды. Іргеміз мызғымастай бекіді.

Тәуелсіздік жолындағы жетістіктер мен атқарылған ауқымды істерді айту бір күннің әңгімесі емес. Өр рухты бабаларымыздың арманы болған, бүгінгі бақытты ұрпақтың келешегін баянды ететін бостандықты биік көтеріп тағзым ету – ұлттық парызымыз. Тәуелсіздік, азаттық, бостандық – ең қымбат байлығымыз.

Халқымыздың дәл осы пейіліне ғасырлар бойы күткен, іздеген тәуелсіздік «Бостандық ізгі періште…» деп ақын М.Жұмабаев айтқандай, ақ періштедей өзі келіп қолымызға қонды. Енді осы пейілімізге келген Тәуелсіздіктің туын биік ұстау – перзенттік парызымыз, бабалар алдындағы мәңгілік қарызымыз.

«Мен үшін Отан алдында адал қызмет етуден артық бақыт жоқ», — деп Ислам Жеменей айтып кеткендей, қай кезде де әрбір азамат бойында туған жерге деген отансүйгіштік — кісінің бойындағы күш-қуаты, білімі мен өмір тәжірибесі-халық мүддесінің игілігіне, кір жуып кіндік кескен жеріне деген ыстық махаббаты оның кісілігін танытатын ерекше асқақ сезімі мен қасиеті шексіз болуы керек деп білемін.

«Еліңнің ұлы болсаң, Еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» — дей келе, елбасымыз Н.Ә.Назарбаев елімізге, жерімізге жанашырлық таныту керектігін, кіндік қанымыз тамған туған жерді көркейтуге үлес қосу керектігін және аянбай тер төгіп, барынша қызмет етуге шақырады.

Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болады.

Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Отанымыз Қазақстанымыз туралы айтарымыз да мақтанарымыз да көп-ақ! Ендігі жеңіс те ерлік те біздің қолда. Дербес болуға бағыт алған егемен еліміз – Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар  жұмыла еңбек етуі қажет.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.