«Абайтану» ғылыми-әдістемелік орталығында «Рухани жаңғыру – Қазақстанның қазіргі кезеңдегі дамуының маңызды бағыты» тақырыбында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Ғылыми семинарға өңірімізге танымал тұлғалар, ғалымдар, студенттер мен мгистранттар қатысты. Ғылыми семинардың жұмыс тәртібі жартылай бетпе-бет, жартылай онлайн болды. Атап айтар болсақ: «СҚО әкімдігінің ішкі саясат басқармасы» КММ «Қоғамдық даму және ақпарат орталығы» КММ жетекшісі Баймулдина Раушан Ауыпжанқызы, Материалдық емес мәдени мұраларды насихаттаушысы, Ш.Уәлиханов ауданы, Кішкенекөл ауылынан арнайы онлайн түрде Кусбекова Роза Садыққызы қатысса, М. Қозыбаев атындағы Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу орталығының жетекшісі, т.ғ.к. Плешаков Анатолий Андреевич, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Қадыров Жанбай Тұрарұлы қатысып, ғылыми-зерттеулерге толы, танымдық-тағылымы мол баяндамалар оқылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік семинардың екінші бөлімінде университетіміздің қабырғасынан шығып, оқырман жүрегіне жол тартқан авторлардың шығарған оқулықтары мен дәрістер кешенінің тұсаукесері болды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің «Этномәдени зерттеулер» орталығының жетекшісі, ф.ғ.к., профессор, ҚР ҰҒА академигі Зарқын Сыздықұлының «Алаш көсемдерінің өсиет-өнегесі» атты кітабының тұсаукесері және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Кұлыбекова Жанар Сейілбекқызы мен ғылым магистрі Ботагөз Тагудретованың «ХІХ ғасыр әдебиеті және Абай» атты кітабының тұсаукесері салтанатты түрде өтті.
Бұл екі кітаптың да студенттер мен магистранттарға берері мол. ХІХ ғасыр әдебиеті және Абай дәрістер кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқитын жастарға оқу-әдістемелік құрал ретінде пайдалануға болады. Ал «Алаш көсемдерінің өсиет-өнегесі» журналистика мамандығының студенттері мен магистранттары үшін Алаш көсемдерінің БАҚ теориясы мен тәжірибесі туралы тұжырымдары күні бүгінге дейін маңыздылығын жаймағанын байқатады.
Ғылыми семинардың соңы сырлы сұхбатқа айналды.
Көкбасқызы Жазира
«BILIM AINASY»,
СҚО