Home » Мақалалар » БАЛА ЖАНЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ БОЛСАМ ДЕЙМІН

БАЛА ЖАНЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ БОЛСАМ ДЕЙМІН

Балнұр Абдиманап,
Абай атындағы ҚазҰПУ студенті 

«Адамның бір қызығы бала деген…» деп Ұлы Абай айтпақшы, осы балалар, періштелеріміз, біздің ғұмырымыздың жалғасы, Алла берген үлкен сый емес пе?.. «Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады» деп, немесе «Балаң жақсы болса, Жан мен тәннің шырағы» деген қандай әдемі мән-мағынасы зор сөздер бар бізде. «Мен үшін бақыт сол болар, Балаларымның бақыты үшін күрескенім» деп бір ақын ағамыз айтқандай, балалардың бақыты үшін, жарқын болашағы үшін күрескеннен артық бұл өмірде не бар дейсің?..

Иә, мен тәрбиеші болуды ұйғардым. Яғни, бала жанының инженері болсам деймін. Білемін, оңай шаруа емес екенін. Алайда мен педагогтар отбасынан, ұстаздар әулетінен шықтым ғой. Атам – педагог, апам – педагог, анам да тәрбиеші болып жұмыс істейді. Жақында апамның 1982 жылғы түлектері «Шолпан әпкей, біз сізді сағындық» деп іздеп келіп, құрмет көрсеткені маған қандай әсер етті.  Осындай ұлағаттылық пен ізгіліктер ортасында, үлгі-өнегені көріп өскен мен секілді қыз балаға тәрбиеші болу аса қиын бола қоймас. Жалпы тәрбиешілік өнерді әр қыз баласы, әйел заты білуі керек шығар деймін. Болашақта бұйыртып, ана атанып, дүниеге нәресте әкеліп жатсақ, осы тәрбиешілік өнер, педагогикалық білім бізге қажет болуы да мүмкін. «Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деп те айтып жатады. Бірақ тәрбиеші деген кім осы? Қандай дағды-қабілетке ие болуы керек? Тәрбиеші педагог, әрине, ол – ұлағат иесі. Ізгіліктен жаралған, шындық пен әділдік үшін күресіп, үлкен қажыр-қайратпен еңбек ететін нағыз асыл жан. Педагогтың істеген әрбір ісі, айтқан сөзі, қорытқан ойы бала санасында мәңгі қаланып қалады. Бірақ әл-Фараби бабамыздан артық ұстаз тұлғасына жан-жақты сипаттама бере алған ешкім жоқ қой деймін. Дана бабамыз: «Педагог жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейілінше шешен, өнер-білімге құштар, өте қанағатшыл және ар-намысын ардақтайтын, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болу керек» деп қандай керемет сипаттама беріп кеткен еді. Педагог тәрбиеші әрі ертеден келе жатқан көне мамандықтардың бірі. Әрбір баланың жан дүниесінен орын алып, ата-анасынан кейінгі ақылшысы, сенімді тәрбиешісі, өмірге бағыт-бағдар беріп, тура жолды нұсқаушысы ретінде бұл ұлағат иелерінің адам өміріндегі орны қай кезде болмасын ерекше. Мейір-шапағатын, жан жылуын, ілім-білімін беруге асығып тұратын тәрбиеші педагогтарды адамның өмірлік жолының бастаушысы екенін әсте ұмытпаған да жөн шығар.

Бірақ бүгінгі бала – кешегі бала емес қой. Оның мінез-құлқы, жан дүниесі үнемі өзгеріс үстінде. Замана, бүгінгі күн талаптары балаға да әсер етіп, жаңа құндылықтарды бойына сіңірген жаңа ұрпақ, жаңа толқын қалыптасып үлгерді. Кеше алған біліміміз бүгін қажет болмай қалуы да мүмкін. Онда не істейміз? Аталарымыз: «Бір жол бар, алыс, бірақ алыс болса да жақын, енді бір жол бар, жақын, жақын болса да алыс» дейді емес пе?… Біз межеге, діттеген мақсатқа түрлі жолмен жетуге де болады.  Ал ең бастысы, әрдайым ізденісте, өзгерісте болуымыз керек. Өмір бір орнында тұрмайтын секілді, біз замананың талаптарына, күрделілігіне қарай икемделе білуді де бүгіннен бастап үйренуіміз керек. Әлбетте, қазақы дәстүр, ұлттық тәрбиені де ұмыт қалдыруға тағы болмайды. «Айыр қалпақ киісіп, Ақырып жауға тиісіп, Батыр болар ма екенсің! Бармақтары майысып, Ою-өрнек ойысып, Ұста болар ма екенсің!» деп әжелеріміз айтатын бесік жырларында қандай ой, қандай тәрбие жатыр десеңізші…  Ертегі, аңыз-әңгіме, батырлар жыры, бесік жыры… бұлар тәрбиенің нақ өзі ғой. Біздің ауылда әжелеріміз әлі де бесік жырын айтып, немерелерін ертегі айтып ұйықтатып жатады. Өйткені ватсап, вай-фай дегендерің біздің ауылға әлі жеткен жоқ. Ескілік дүниелер қалып қойған. Ол жақсы ма, жаман ба, білмеймін. Бірақ соткадан бас алмайтын балаларды біздің ауылда көрмейсің.

Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет! Не деген ғажайып оқу орын?.. Бұл оқу орнында оқудың өзі үлкен арман. Ал студенті атану тіпті бақыт. Баяғыда әл-Фараби сияқты ғылымға ден қойған бабаларымыз Дамаск, Мысыр, Бағдаттарды алыс-жақын демей бетке алатын. Анарыс бабамыз грекияға дейін жетіп, ұлылардың бірі атанды.  Иә, «Адам болатын бала- алысқа қарайды». Менің бір арманым- Абай университетінің студенті атану болса, енді міне, Каримова Разия Елеупановна, Есимбек Сәуле Ізімуханқызы, Еркебаева Сәуле Жомартовна, Дайрабаева Назгүл Оралбаевна, Шәуенова Меруерт Ауесхановна секілді ұлағаттты ұстаздардан, білікті мамандардан білім алып, тағы бір арманым орындалып, ізгі мақсатыма жақындай түсудемін. «Жақсы адаммен өткізген бір сағат- жарты ғұмырыңмен тең» деп дана аталарымыз айтқандай, осы ұлағатты кісілермен өткізген әрбір уақытың, сағаттарың өміріңнің ең бір қызықты әрі жарқын сәттерің. Ұстаздарымыздың сабақ беру әдісі, үлгі-өнегесі, сөйлеу дағдысы, талапшылдығы… бұның бәрі бәрі біз үшін сабақ, рухани азық.

…Міне, «Махаббат, қызық мол жылдарды» көзіме жас ала отырып, бүгін ең соңғы бетін аяқтадым-ау әйтеуір. Не деген шығарма десеңізші?.. Шынайы сезім, адал достық, нағыз махаббат… Негізі қазақ қызы оқуы тиіс екі кітап бар болса, соның бірі осы кітап шығар деймін. Иә, иә, шын айтам, бұл шығарманы оққан адамның жан дүниесінде аздаған болса да өзгеріс болады. Қазақ қызы қандай болуы керек деген сұраққа жауап тапқандай боласың. Әдебиет, көркем шығарма дегендер рухани тұрғыда байытып, өмірге деген дұрыс көзқарас, шынайы пікір қалыптастыруға ықпал етеді ғой. «Кітап – жан азығы» деп жатады. Ал енді келесі кітабым. Жүсіпбек Аймауытов. «Ақбілек»…

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.