Home » Мақалалар » Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған.

Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған.

 

Палымбетова Айзат Ауезхановна
Түркістан қаласы
Ж.Жабаев атындағы
№11 жалпы орта мектебінің
музыка пәні мұғалімі

Мақсаты: 1. Қазақстанның халық артисі, вальс королі, жерлесіміз, композитор Ш.Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығынан кең мағлұмат беру.

  1. Композитор шығармаларының құндылығын, оның халық арасындағы құрметін сезіндіру.
  2. Оқушыларды өнерді сүюге, Отансүйгіш, елжанды азамат болуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: интерактивті тақта, Шәмші қолданған заттарының суреттерінен көрме, Шәмші әндерінің мазмұнына балалар қолымен жасалынған көрме, әндер мазмұнына салынған суреттер көрмесі, баян, домбыра аспаптары, плакаттар.

«Қуаныш вальсіне» сынып оқушылары вальс билейді. Жүргізушілер ортаға шығады.

1-жүргізуші: тыңдаған әндеріңіз қай композитордікі?

Жауап: Ш.Қалдаяқовтікі.

2-жүргізуші: Әннің аты:

Қонақтар: Қуаныш вальсі

1-жүргізуші:Тыңдаған әндеріңіз жүректеріңізге жақын, құлаққа жағымды, таныс әндер, бәріміз білеміз, бұлар әрине, Шәмші ағаның әндері.

2-жүргізуші: Олай болса бүгінгі сабақ адам жанын қуанышқа бөлейтін қазақтың біртуар азаматы, «Вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқов туралы болмақ.

Мұғалім: Саламатсыздар ма, құрметті қонақтар, оқушылар, қатысып отырған ұстаздар! Бүгінгі сабақтың кім туралы болатынымен таныстыңыздар. Биыл тірі болса, 90 жасқа келетін жерлесіміз, қазақтың мақтанышы, қазақ өнерінің тарихында ойып орын алып, өшпес із қалдырған Шәмші ағамыздың өмірі мен шығармашылығы жайында «Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған» деген тақырыппен сабағымызды бастамақпыз.

1-оқушы: Шәмшінің әкесі Қалдаяқ темір ұстасы болған. Қалдаяқ Теріскейлік, бірақ Созақ өңірінде өмір сүрген. Жастық шағын Созақта өткізген. Әке-шешесі жоқ, жетім болады. Сол Созақ жерінде ақындығымен, зергерлігімен аты шыққан Жәді төре деген ұста болады. Қалдаяқ сол кісіден көп нәрсені үйренеді. Қалдаяқтың шын аты Әнәпия. Оның оң аяғының балтырындағы қалды көріп жүрген жеңгелері Қалдаяқ атап, сол кезден бастап ол Қалдаяқ аталып кетіпті.

Сол Созақ жерінде төре руынан шыққан Сақыпжамал дейтін қыз да ақындығымен көзге түсіп Қалдаяқпен айтысқа түседі, оны жеңеді.

Сақыпжамал: Өзімнен жеңілген адамға тұрмысқа шықпаймын,-дейді. Сонда Шәді төре Қалдаяқтың қандай адам екендігін біліп, екеуін қосады. Шәді төре қайтыс болғаннан кейін Қалдаяқ оның ұстаханасын басып қалады.1928-1929 жылдары қазақ ауылдарын ұжымдастыруға байланысты Созақ көтерілісі болады. Қалдаяқ сол көтерілісшілердің мылтықтарын жасап, оқтарын құяды. Көтеріліске қатысқандарды қудалауға түсіріп, Қалдаяқ Отырар өңіріне көшіп келіп, Сарыкөл деген жерге күрке жасап, сол жерге қоныстайды. Қалдаяқтың қамыс күркесінде 1930 жылы бір бала дүниеге келеді. Құрдасы Құдайберген:

— Оу, Қалдаяқ, ұлды болдың!,-дегенде, көне шүберекке оранған нәрестені ұстай берген әке қолын сезгендей бала әуезді ән ырғағына салып жылайды. Сонда Қалдаяқ:

— Мен саған Жәмшид патшаның атын қойғалы жүр едім, бірақ мына даусың патшаның емес, әншінің даусына ұқсайды екен, — дейді. Әке жүрегі баласының ұлы сазгер болатынын сезгендей. Содан 30 жыл өткенде Жәмшид атанған сол бала Шәмші атанып, вальстің королі  болып бүкіл елге танылады.

2-жүргізуші: Ал, енді кезек маған келген шығар. Мен сыныптас достарымның зерттеген жұмыстары туралы айтып өтуіне кезек берейін. Шәмші әндерінің сөзін жазған ақындар туралы зерттеген — Әлия.

«Менің Қазақстаным» әнінің сөзін жазған Ж.Нәжімеденов. Бұл ән 2006 жылы қаңтардың 7-сі күні елдің зор құрметіне бөленіп, Қазақстанның әнұранына айналды.

«Ана туралы жырдың» сөзін жазған ақын Ғ.Қайырбеков. Шәмшінің жан толғанысын терең түсініп, сезім пернелерін дәл басқандай.

Т.Молдағалиев сөзін жазған «Бақыт құшағында», «Арман құстар», «Қыз сағынышы» әндері қазақтың сүйікті әндеріне айналған.

Ақын Қ.Мырзалиев Шәмшінің жақын досы болған. «Достығымыздың белгісі болсын» деп «Шалқыған Шәуілдір», «Тамды аруы», «Сыған серенадасы» әндерінің сөзін жазып, берген.

Ақын Н.Әлімқұлов Шәмшінің «Мойынқұмда», «Қайдасың», «Сандуғашым-қарлығашым» әндерінің сөзін жазған.

Әдебиет тарихында жас ақын ретінде қалып қойған Шәмшінің замандасы Т.Айбергенов  «Ақ ерке-Жайық» әнінің сөзін жазса, заманымыздың ірі тұлғаларының бірі Ш.Қалдаяқовтың досы әрі жерлесі М.Шаханов «Қуаныш вальсі», «Кешікпей келем деп ең», «Ақ бантик», өзіміз көп айтатын  «Арыс жағасында» әнінің сөзін жазған. Шәмшінің әндері қазақтың сүйікті әндеріне айналған. «Құшақ жайған қандай адам» әнінің сөзін де әнін де өзі жазған.

«Теріскей» әні.

1-жүргізуші: Шәмші әндерін орындаған әншілер туралы зерттеген Нұрила.

2-оқушы: Әр әннің шығу тарихында өзінше бір әңгіме бар. Әндердің ішінде көңілді бір кезеңдерінде, жағымды бір әзілдерінен кейін туған, салмақты, ойлы әндер, саяси тақырыптарға жазылған патриоттық әндер бар екенін білдім. Енді мен сіздерге «Ана туралы жыр» әнінің шығу тарихы туралы айтып өтейін.

1958 жылы Шәмшінің анасы Сақыпжамал дүниеден қайтады. Ол кезде Шәмші Алматыда еді. Шәмші анасының өлгендігі туралы Алматыға жедел түрде хат келеді. Бірақ Шәмші анасының қырқына бір-ақ келеді. Барша жұрт көңіл айтып барғанда ол: Телеграмманы алдым, әрине, уақытысында келіп анамның қабіріне топырақ тастағанға не жетсін. Бір өкініштісі қаражат табудың өзі қиынға соқты. Бір ай бойы ұйқы да, күлкі де көрмедім. Кеш түссе болды Алматының ұзын көшелерінде әр түрлі қиялға беріліп, сыймай шарлап жүретінмін. Кей тұста бір ән ойыма келеді, иә айырылып қала беремін, осылайша бір айға жуықтаған кезде анама араша таппасам да «Шәмші атым бар емес пе?»деп бір әннің сұлбасын келтірдім. Қолыма мандолинаны алып, «Анама» әнін достарыма орындап бердім. Осылайша «Ана туралы жыр» әні әр қазақтың жүрегіне жол тапты, — дейді.

«Ана туралы жыр» әні

3-оқушы: Мен Шәмші аға туралы баспасөз беттерінен материалдар жинақтаған едім. /Шымкенттегі  «Шәмші» филармониясы, «Шәмші» аллеясында түскен суреттері  слайдтан көрсетіліп, алған әсерлері жайында бөлісе келе, баспасөз беттерінен   «Солдат Шәмші» жөнінде айтып береді/

Бұрынғы Кеңестер Одағында алып флот болғанын білесіздер: әуе әскери флоты, әскери құрлық  флоты, әскери теңіз флоты. Шәмші аға әскер құрлық флотында 3 жыл қызмет атқарды. Бір қызығы Шәмші аға өнерге жақын болғандықтан ба, әлде сәйкестік пе, жанынды әскер қатарында болған достары да өнерге біртабан жақын болып шығады. Достары өздерінің ұлттық аспаптарында ойнап, ал Шәмші аға мандолинада ойнап Сахалинді әнге бөлепті. Бірде көркемөнерпаздар фестивалі өтеді. Сонда Шәмші аға мандолинге қосылып «Екі жирен». «Қамажай», «Жайдарман» әндерін орындайды. Сонда отырғандар қатты таңырқап:

— Мына чукчаң бәле ғой өзі, — дейді. Сонда Шәмші аға қайсарлана:

— Жоқ, мен чукча емеспін, мен қазақпын,-дейді. Отырғандар:

— Бәрі бір ғой,-дейді. Шәмші аға айғай салып:

— Бәрі бір емес, менің елім жер бетінде 9 орынды алып тұрған мемлекет,-деп өзі қоңыр даусымен еліміздің кеңдігіне де мақтанып, отырғандарды таң қалдырады.

4-оқушы: Менің үлесіме тиген Шәмші аға туралы зерттеу ешкімді бей-жай қалдырмайды. Ұлы адам туралы ұлылардың айтқан ыстық ықыластары мен жылы лебіздерін жинақтаған едім. Ешқайсысын бөле-жаруға келмейтін өте құнды бағалы пікірлер екен. Өзіме қатты әсер қалдырғаны Димаш атаның пікірі болды.

«Аэропортта жиналған елде есеп жоқ. Құшақтары гүлге толған сан мыңдаған үнділер толқындай тербеліп, қазақ әнін қалықтата салғанда олар түгел қазақ болып кеткендей көрінді.

Мен үшін бұдан асқан сый, бұдан асқан қуаныш жоқ еді. Дәл осындай рухани ләззатты бұрын-соңды сезінген емеспін. Қазақ әні Үндістан аспанында шырқалған тұста үш рет: «Тәубе! Тәубе! Тәубе!», — дедім.

Алматыға келгеннен кейін мен Шәмшіні іздестіре бастадым», — дейді Д.Қонаев.

Ән. «Тамды аруы»

2-жүргізуші: Сыныпта Шәмші ағамыздың шығармашылығын зерттеуде барлық оқушылар өз үлестерін қосуға тырысты. Шәмші әндерінің мазмұнына сурет салып, әндер мазмұны бойынша бұйымдар көрмесі  ұйымдастырылған. /Басты-басты 3-4 суретін слайдқа енгізу/

Шәмші әндерінен попурри. Орындайтын: Хор

Мұғалім: Сабағымыздың ең соңғы, салмақты бөлімі өзіміздің сүйікті әнұранымыз туралы болмақ. Күштіні халық мойындайды, сүйеді. Сондай кісінің бірі-Шәмші. Ол кісі жөнінде қанша айтсақ та көптік етпейді.

5-оқушы: Мен сендерге  «Менің Қазақстаным» әнінің қалай шыққандығы туралы айтып берейін,-деді Шәмші.1956 жыл. Ақмоланы  «Целиноград» атап сол жақтағы бес облысты Ресей жаққа берілмекші болады. Қазақ жері осылайша бөлшектеніп жатқанда оны асқақтап айтатын Әнұран керектігін сездім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Ж.Нәжімеденов жазды да радиоға Ж.Омарова жаздырды Күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл әннің өлеңі жөнінде көп ұзамай дау шықты. «Мәдениет және тұрмыс» журналына жарияламақ болып апарған едік, оның бір дөкейі бізге дүрсе қоя берді.

— Коммунистік партия туралы бір ауыз сөз жоқ, мен оны баспаймын, — деді. Содан біз оған:

Жеті жыл жоспары,

Жеті қыр асқары.

Думанды бастады,

Қазақтың жастары, — деген бір шумақ қостық. Ол шумақ өзгертілгенімен радиоға бергеніміз жоқ. Халық арасында бұрынғы нұсқасы тарады.

2006 жыл 7 қаңтардағы Конституциялық Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранына айналды. Композитор Ш.Қалдаяқов пен ақын Ж.Нәжімеденовтің  «Менің Қазақстаным» әнінің сөзі Президентіміз Н.Назарбаевтың қолымен түзетілген нұсқасымен ауыстырылды.

Н.Назарбаевтың қолымен түзетілген нұсқасы слайдтан көрсетіледі /Бұл әнұранның сөзі де, музыкасы да халық рухын ерекше көтеріп сүйікті әніне айналып отыр.

6-оқушы: 1991 жылдың 21 желтоқсан күні Шәмшіге «Қазақстанның халық артисі» атағы берілді. 300-ден астам лирикалық әндердің авторы, әнін тілі шыққан баладан, таяғына сүйенген қарияға дейін айтатын, елу жылдай уақыттан бері шырайын бермей шырқалып келе жатқан осындай әндердің авторы «Қазақ вальсінің королі» атанған белгілі композиторға бұл алғашқы да ақтық та көрсетілген құрмет еді. Шәмші бұл құрметті атақты бар жоғы алпыс-ақ күн алып жүрді. 1992 жылы 29 ақпанда халықтың өлмес те өшпес те әніне арналған вальс королі, ән патшасы атанған Шәмші Алматыда мәңгілікке көз жұмды.

7-оқушы: Әніңе бөлеп бозторғай ұшқан қырқаңды,

Ән салдың аға таңға ұрып тағы бір таңды.

Әлемнің қазір төрінен биік дауыспен,

Әніңіз сіздің Әнұран болып шырқалды.

Күніңіз туды төріне өнер өрлейтін,

Ерлер де шықты, намысын ердің тербейтін.

Өлді деп сізді кім айта алар жан аға,

Ән салдырған мәңгілікке өлмейтін.

/Соңынан Әнұран хормен орындалады/

/Қазақстан туы желбіреп, жеткен жетістіктер көрсетіледі (видеоролик)/

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.