Home » Жаңалықтар » Мектеп дайын, ал ҰСТАЗ ше?

Мектеп дайын, ал ҰСТАЗ ше?

        Бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – жаңашылдық. Осынша жыл журналистік тәжірибемде сан алуан жаңалықтың да, жаға ұстатар жағдайлардың да куәгері болдым. Дәл сондай кәсіби қызығушылық бүгін мені байыппен басып, жаяу-жалпылатып Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу кентіне жетелеп әкелді.(Сайрам ауданының орталығы)…
«Ой, керемет! Мектеп ішінде ұстаздарға арналған сән салоны бар оқу орны салынып жатыр» – дегенді естіп, барып көзбен көріп қайтайын деп келдім. Бірінші болып бас сұққан мектебім Қарасу (Чорновод) ауылдық округына қарасты, қабырғасы 2018 жылы бой көтеріп, қолданысқа берілген 600 орындық № 74 жалпы білім беретін орта мектебі болды. Мектеп директоры Игенбаева Динара Маратқызы екен. Мектеп ұжымындағы ұстаздар саны 70-тен асқан, сынып бірліктері 35-тен асады. Жаңа оқу жылына деген дайындық дәлізінен бастап ішкі дәретханасына дейін тап-тинақтай таза, мектеп оқушы қабылдауға дап- дайын тұр.
Келесі бағытты көшенің ой-шұңқырын абыр-сабыр жөндеп жатқан жолды шаңдатып кесіп өтіп, Ахмет Байтұрсынов атындағы №83 жалпы орта мектепке кірумен жалғастырдым. Білім ордасының іші тып-тыныш. Карантин жағдайы қатты әсер еткендей ұстаздар әр кабинетте екі-үш кісіден ғана жиналып, ертеңгі білім беру тәсілдерін талқылап жатыр. Менде жұмыстарына кедергі келтірмейін деп жай басып барып, сыбырлап директорды сұрадым. Күтіп отырғандай мектеп директоры Қашқынова Ақерке Құттыбекқызы өз кабинетінде екен. Амандық-саулық сұрасқан соң, мектепті екеулеп аралап шықтық. Ол кісінің де өзімнің де уақытымды үнемдеу үшін жүре сөйлесіп, сауалдарыма жауап алуға тырыстым. Мыңнан аса оқушысы, сексеннен аса ұстазы бар оқу орны 1970 жылы салынған. Мектеп ғимараты ескілеу болса да әжетханасы ішінде орналасқан, стандартқа сай. Әжетханалар ортасы бөлінген, едені жалтырап сүртілген, тазалық жиі жүргізілетіні бірден көзге түсті.
        Белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы , профессор, Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының академигі Мардан Баймырзаұлы Сапарбаев (1942-1996) атындағы орыс тіліндегі №14 жалпы орта мектебіне кірдім. Мектеп директоры Пернебаев Арман Әсетұлы дәл сол уақытта орнында жоқ екен. Директордың тәрбие ісі бойынша орынбасары Воронцов Эльдар Яковлевич мырза мектеп ішімен таныстырып болып, аулаға бет алдық. Қарсы алдымыздан мектеп директоры шықты. Бұл білім ордасы ғимаратының құрылысы 1912 салынып, пайдалануға берілген. Кейіннен мектеп жанынан салынған қосымша ғимараттардың алғашқысы 1960 жылы, 1991 жылы тағы бір ғимараты пайдалануға берілген. Бір сөзбен айтқанда бөлек-салақ. Сөз арасында оны жергілікті басшыларға құлаққағыс ретінде айтып отырмын. Болашақта жаңа мектеп салып берсе құба-құп көреміз. Десе де, оқу, — оған дайындық үдерісі бұл ғимараттың ескілігіне қарап ақсамақ емес. Мыңнан аса оқушы білім алып отырған бұл білім ордасында жүзден аса ұстаз бар.
Осылайша, бір күндік журналистік бақылау жүргізе отырып, үш бірдей оқу орнының ұстаздарымен де кездестім. Пікірлесіп жағдай сұрастым. Ондағы ойым жаңа оқу жылына деген ойларын, ынталарын, белсенділіктерін білгім келді. Ал, осы үш бірдей білім ордасының ұстаздары болса бір қалыпты. «Шын палуан жер талғамайды» деген осы болар. Нағыз өз мамандықтарына жан- тәнімен берілген, білікті де білімді мамандар үшін еш қиындық жоқ тәрізді.
Жас жеткіншекті білім нұрына бөлейтін осы бір қайсар ұстаздармен сәттілік тілеп тарқастық…
Бағанағы «Сән салоны» бар мектеп жайлы ақпаратты келесі жазбаларымда бөлісемін.

Қуантай АМАНТАЙҰЛЫ
BILIM AINASY
Түркістан облысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.