Home » Білім және тұлға » Біздің тұлға

Біздің тұлға

Ұстаз болу сый етілген өміріне,
Қиын бірақ оны алып жүруі де.
Өмір жолын ұстаздыққа арнаған
Талай мықты ұстаздар бар елімізде, — деп ақын жырлағандай,
ұстаз болу – кез келгеннің маңдайына бұйырмайтын бақ.

   Өмірі осы өлеңмен сәйкес келетін, ұстаз болу бақыты бұйырған біздің ерекше тұлғамыз – Қарлығаш Өтебайқызы. Ол — тек шәкірттеріне ұстаз болып, білім нәрімен сусындатып қойған мұғалім емес, ізінен ерген жас мамандарды кәсіби шеберлікке баули білген білікті басшы.

Мендыбаева Қарлығаш Өтебайқызы 1952 жылы 22 наурызда БҚО, Жәнібек ауданы, Күйгенкөл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1959 жылы Ворошилов атындағы жетіжылдық мектептің 1-сыныбына қабылданып, 1969 жылы Жәнібек аудандық қазақ орта мектебін аяқтаған. Одан әрі ұстаз болам деп бала арманын орындау мақсатында А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Тарихы терең айтулы оқу орнын 1973 жылы аяқтап, БҚО, Жәнібек ауданы, ХІХ партсъезд атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып алғашқы қызмет жолын бастады. 1985 жылы осы мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1987 жылы оқу ісінің орынбасары қызметтерін атқарады. 1989 жылы денсаулығына байланысты лауазымдық қызметтен босатылып, математика пәні мұғалімі боп қызмет атқарады. 1991 жылы мектептің аттестациялық қорытындысы бойынша «Қазақ ССР білім беру үздігі» белгісімен наградталған. 1992 жылы аталмыш мектептің директоры болып тағайындалады.

Білім беру саласында ерен еңбек атқара жүріп, 1985 жылы Совет Одағы Коммунистік партиясының мүшесіне қабылданады.

1998 жылы өз еркімен басшылық лауазымнан бас тартып, мұғалімдік қызметін жалғастырады.

Отбасы жағдайына байланысты 2001 жылы БҚО, Бөрлі ауданына қоныс аударған Қарлығаш Өтебайқызы 2002 жылы 8 қаңтарда Бөрлі ауданы, Бөрлі ауылындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. 2005 жылы Бөрлі ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған ұстаз 2006 жылы Бөрлі ауылында көп ұлтты елді мекенінде қазақ орта мектебінің ашылуына ұйытқы болып, аталмыш мектепке директор болып тағайындалады. 2009 жылы Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатуға арнаған, педагогикалық жолға өзіндік із қалдырған Қарлығаш Өтебайқызы 2010 жылдың сәуір айынан бастап зейнеткерлік демалыста.

Ұрпағы мақтанышпен айтатын, шәкірттері тағзым етіп, ізбасарлары мәңгілік бас иіп өтетін ерекше тұлға – Қарлығаш Өтебайқызы – бүгінде еңбекті жылдарының зейнетін көріп, жолдасымен бақытты ғұмыр кешкен, жарық дүние сыйлаған үш перзентінің және солардан өрген немере-жиендердің қызығына бөленіп отырған аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже.

Білім беру саласында есімі алтын әріппен жазылатын ардагер ұстазға болаттай мықты денсаулық, бейнетсіз зейнеткерлік шақ тілейміз. Ұжымының мақтан тұтар тұлғасы, ізінен ерген жас буынның ақылшысы боп аман-есен жүре беріңіз дейміз!

БҚО, Бөрлі ауданы, Бөрлі ауылы
Бөрлі №1 ЖОББМ
ДТІЖО Шундыбаева Айгүл Қалапқызы  

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.