Home » Білім және тұлға » Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының  Бөрлі ауданы білім беру бөлімінің  «Ақсай қаласының №1 жалпы орта білім беретін мектебінің» дара тұлғасы.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының  Бөрлі ауданы білім беру бөлімінің  «Ақсай қаласының №1 жалпы орта білім беретін мектебінің» дара тұлғасы.

Надежда Александровна Шиганакова – Ақсай қаласының №1 мектебін 1976 жылы аяқтаған үздік түлегі, мақтанышы, дара тұлғасы. Мектеп кезінде орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін қызығушылықпен оқып, мұғалімдік мамандықты мақсат тұтқан ерекше жан.  Ол 1959 жылғы 4 сәуірде Көкшетау облысы Қызылту   ауылында дүние есігін ашқан.  Әкесінен ерте айырылғаннан кейін анасы 1964 жылы Қазақстан станциясына көшіп келеді. Алғыр, пысық, білімге құштар Надежда 1966 жылы Ақсай қаласының №1 мектебінің 1-сыныбына қабылданып, К.П.Матвеев, Л.А.Ференец, Л.П.Соколова, В.Н.Соловьева, А.В.Проскрякова, А.И.Проскряков, Л.М.Немиренко секілді үздік ұстаздардан білім алады. 1976 жылы мектепті аяқтап, Калинин қаласындағы педагогикалық университетіне түсуге үміткер болады, бірақ жолы болмай, Ақсай қаласына қайтып келеді. Ақбұлақ мектебіне шақырту алып,   мұғалімдік еңбек жолын бастайды. Бір жылдан кейін А.С. Пушкин атындағы Орал Педагогикалық Институтының ағылшын тілі факультетіне түседі. Надежда Александровна 1981 жылы оқуын аяқтап, Ақтөбе облысы Шалқар ауданы ГКС-12 ауылындағы орта мектепке   жұмысқа орналасады. Білімі мен біліктілігін көрсете білген жас маман қажырлы еңбегінің нәтижесінде мұғалімдік пен тәрбие ісінің орынбасары қызметін қатар алып жүреді. 1986 жылы сол мектептің директоры атанады. 1988 жылға дейін шеберлігін шыңдаған Надежда Александровна өскен жеріне оралады. Ақсай қаласында жаңадан бой көтерген №3 орта мектепке ағылшын тілі пәнінің мұғалімі және тәрбие ісінің орынбасары қызметіне қабылданады. Жаңа мектепте алғаш күннен бастап ұқыптылығымен, білімімен, жаңашылдығымен, жауапкершілігімен ерекшеленеді.  Кейін оқу ісінің орынбасары қызметіне ауысып, 2001-2019 жылдар аралығында Ақсай қаласының №3 орта мектебінің директоры қызметін атқарады.

Надежда Александровна басқарған ұйым облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі конкурстардың жеңімпазы атанып, үздік нәтиже көрсетті. Надежда Александровна Шиганакова – шебер ұстаз, білікті басшы  ғана емес, халқының қамын ойлаған аудандық маслихат депутаты. Білім мәселесі бойынша туындаған сұрақтардың шешімін тапқан аудандық маслихат комиссиясының төрайымы, ауданның дамуы мен бюджет қаржысы бойынша сұрақтардың оңтайлы шешімін табудағы комиссия төрайымы қызметтерін қоса атқарған қажырлы тұлға.  Кемеңгер ұстаздың еңбектері аудандық, облыстық білім басқармасының грамоталарымен, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің грамотасымен   бағаланды. Оған «ҚР білім саласының үздігі» атағы берілді. «Бөрлі ауданына-75жыл», «Қазақстан маслихатына-20 жыл», «Ақсай қаласына-50жыл», «Қазақстан Конституциясына-25 жыл», «Бөрлі ауданына-85жыл» мерекелік медальдармен марапатталып, «Еңбек ардагері», «Ардагерлер қозғалысына көрсеткен көмегі, қызметі» төсбелгісін иеленді. 2020 жылы Надежда Александровна «Бөрлі ауданының құрметті азаматшасы» атанды. Қазіргі таңда, білімнің жанашыры,  Бөрлі ауданының білім беру бөлімінде орыс тілі, ағылшын тілі пәнінің әдіскері қызметін атқарып, жас мамандарға ұстаздықтың сара жолын түсіндіріп, көмегін көрсетуде.

Мен, Ақсай қаласы №1 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Мен жұмыс жасайтын мектептен Надежда Алексанровнадай шәкірттің шыққанына қуанамын. Осындай үлгі тұтарлық тұлғаның бар екенін кейінгі ұрпаққа дәріптеп, мақтан етеміз!    Ақсай қаласының №1 мектебінен шыққан дара тұлғаны ұмытпаймыз!

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі
білім басқармасының  Бөрлі ауданы
білім беру бөлімінің  «Ақсай қаласының №1
жалпы орта білім беретін мектебінің»
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Гүлжанат Сағидоллақызы Давлетова

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.