Home » Білім және тұлға » «Ақсудан шыққан дара тұлға»

«Ақсудан шыққан дара тұлға»

Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Елбасымыздан бас­тап барлық басшылар тобының басым бөлігі ауылдан түлеп ұшқан. Солардың бірі БҚО,  Бөрлі ауданы, Ақсу ауылынан шыққан бірегей тұлға, ұшқыш  Ізбасов Асқар Ғаділшеұлы. 1973 жылы шілде айының 9 шы жұлдызында дүние есігін ашқан. Ең алғаш 1992 жылы Орал қаласындағы ауыл шаруашылық және механика техникумына оқуға түсіп, бітіріп шығады. Одан кейін 1998 жылы Ақтөбе жоғары әскери авиация училищесінде «әуе көлігін пайдалану» мамандығын, 2010 жылы Беларусь еліндегі әскери академияының «әуе күштерінің құрамалары мен бөлімдерін басқару» мамандығы бойынша білімдерін шыңдады.

Жалпы Ізбасовтар отбасы 1985 жылға дейін Орынбор облысында тұрды. Әкесі Ғаділше балаларының өз тілінен, дінінен алыстап бара жатқанын көріп бәрін тастап елге қарай Ақсу ауылына көшіп келеді. Осы көш жас Ізбасовтардың, соның ішінде он екі жасар Асқардың жан дүниесіне ғана емес, болашағына да көп әсер етеді. Үшінші сыныпта жүріп-ақ совхоздың шөп шабу жұмыстарына араласып, еңбекті сүйіп өседі. 1986 жылы «Ақсу» совхозына келген у шашатын ұшақтарға белгі беруші болып, отырып алады. Осыдан бастап әуеге деген аңсары ауады. Челябинскдегі Жоғары әскери училищесіндегі штурмандыққа оқуға барғысы келіп, ата-анасынан рұқсат сұрайды. Әке-шешесі баласының талпынысын көріп қанатын байлағысы келген жоқ. Ол өзі армандаған оқу орнына түседі, алайда, 2курсын аяқтаған кезде барлығын «өз өрендері үшін Қазақстан Ресейге оқу ақысын төлемеді деген себеппен оқудан шығарады. Алматыға келіп алғырлығының арқасында ҚР Қорғаныс министрі Сағат Нұрмағанбетовке кіріп, жағдайын баяндап, көмектесуін сұрайды. Сол кезде генерал С.Нұрмағанбетов «сендей жастар әскерге керек. Ақтөбедегі Азаматтық авиация училищесі жанынан қырып-жойғыш ұшақтың ұшқыштарын дайындайтын оқу орнын ашып жатырмыз, сен сонда барасың» деп жол сілтейді. Курсант А.Ізбасов бұл оқу орынды үздік оқып,бітіріп шығады. Министр Мұхтар Алтынбаевтың алғыс хатын алды.

Ұшқыштар Жамбыл облысының Луговой қаласында біраз тәжірибелерін ұштады. Бөрлілік ұлан капитан шенін алып, 2002 жылдың қарашасында шетелге барып, тәжірибесін шыңдап келді. Сол жылдың наурыз айында Асқар Ізбасов армия генералдарын басып озып, АҚШ-қа аттанады. Осы жаңалықты естіген әкесі Ғаділше мен анасы Гүлмайшаның төбелері көкке жетеді.

Алтайдан Атырауға дейін, Арқадан Алматыға дейін созылып жатырған мамыражай елдің тыныштығын күзететін беделді тұлғаның Ақсу ауылынан шыққанына мақтанамыз.

Мақала авторы: Мажитова Аружан Хамитқызы 
БҚО,Бөрлі ауданы, Ақсу МББК кітапханашысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.