Home » Білім және тұлға » ЖАҢАҚАЗАННЫҢ АТЫМТАЙ ЖОМАРТЫ

ЖАҢАҚАЗАННЫҢ АТЫМТАЙ ЖОМАРТЫ

Жерұйығы Жаңақала өңірі дара, дана перзенттеріне кенде болмаған. Күй атасы-Құрманғазы, күй анасы-Дина, олардың ізбасарлары: Мәмен, Қали, Оқап, Шамғон сияқты өнер алыптары осы өлкенің тума- таланттары.
Көрнекті мемлекет қайраткерлері С.Меңдешев, А.Дауылбаев, І.Еділбаев, М.Бутин, атықты ғалымдар Ғ.Шоланов, Х.Маданов, Ә.Нарымбетов, К.Халиков, С.Шарабасов, Б.Қаражанов та осы Жаңақаланың төл перзенттері.
Біздің өлкеміз тарихи тұлғаларымен мықты. Небір ғалымдар, батырлар, ақындар, спортшылар, заңгерлер туып-өскен өлке. Аулымыздағы екі ғасырға жуық тарихы бар білім ордасы-мектебіміз шәкірттеріне құнарлы білім берген ұлағатты ұстаздардың ордасы, қабырғасынан Кеңес Одағының Батырлары, Еңбек Ері, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, ауыл шаруашылығының үздік мамандары мен дарынды дәрігерлерді қанат қақтырған қасиетті орын. Мектеп Кеңес одағының Батыры М.Жүнісов атында.
Сол мектептен білім алған абзал азаматтардың бірі, белгілі қоғам қайраткері – Серік Такесұлы Жұмалиев. Серік Такесұлы 1948 жылы 28 ақпанда Жаңақала ауданының Саралжын ауалдық кеңесінде қарапайым қызметкердің отбасында дүниеге келген. 1966 жылы осы аймақтағы Жәңгір хан мектебінен кейінгі байырғы оқу орны С.М.Киров атындағы орта мектепті бітіріп, «Жаңақала» қой кеңшарында шаруашылықтың әртүрлі қызметіне араласты.
Үш жыл Қара теңіз флотында Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген мақсатты жанды өмір жолы алға жетелеп, ол 1970-1975 жылдары Ленинград қаласындағы Ф.Энгельс атындағы Кеңестік сауда институтын тәмамдап, жоғары білім алып шықты. 1975-1976 жылдары Жамбыл қаласында облыстық сауда басқармасында экономист, одан кейін он жыл бойы Алматы қаласында Қазақстан Тұтынушылар одағында бас маман, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, өзін іскер де білімді, талантты маман ретінде танытып, 1987-1989 жылдары Алматы облыстық атқару комитеті әкімшілік органдарында сауда және тұрмыстық қамту бөліміне басшылық жасайды. 1989-1993 жылдары Алматы қаласының Фрунзе аудандық халық депутаттары Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, елімізде әкімдік институты құрылғаннан кейін Фрунзе ауданы әкімінің орынбасары лауазымды қызметтерін атқарды.
1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрілігіне қарасты «Отырар» сыртқы қызметінде өзін кәсіби дипломат ретінде танытып, еліміздің сыртқы елдермен саудааралық қарым-қатынасын жақсартуға өзіндік үлесін қосса, 1994 жылдан кәсіпкерлік салада. Осы саланың да сан қырлы жүйесін жете меңгеріп, 2006 жылдан бері кәсіпкерлік қызметі Германия Федеративті Республикасының Елшігі және Бас консулдығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыстанып келеді.
Серік Такесұлы – өскен отбасындағы 7 баланың үлкені. Әкесі Жұмалиев Тәкес – есепші, анасы – Меңдіғаным балабақшада меңгеруші болып қызмет атқарған. Балаларын қоғамға қызмет етуге тәрбиелеген ата-ана Тәкес аға мен Меңдіғаным апа оларды бір-біріне қамқор болуға, биік адамгершілікке, бір-біріне қиналғанда қол ұшын беруге баулып өсірген. Кіші ұлдары Марс – қазіргі күнде Жаңақала аудандық әкімдігінің аппаратында жетекші маман. Басқа балалары қоғамда әртүрлі салада жұмыс жасайды. Отбасында сыйластық пен түсіністік қалыптасқандықтан шығар, осы үрдіс Серік ағаның өзі құрған отбасында да жалғасып, үйлесімдік тауып келеді. Қазіргі күнде Серік аға өз ата-анасынан алған тәрбиені жалғастырып, бірге туған бауырларын қамқорлап, ағалық өнегесін көрсетіп келеді. Серік Такесұлы көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері, Кеңес Одағы Тұтынушылар кооперциясының үздігі. Жаңақала ауданының Құрметті азаматы. Қазір Алматы қаласында тұрса да, туған елден хабардар, үнемі байланыста.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,-демекші жерлесіміз Серіктің игі істерін тізбелей берсек, жақсылық жасап, адамдарды қуантудан еш танған емес. Кімге және қалай көмектесу керектігін айтқызбай-ақ білетін Серік Такесұлы 2015 жылы ұрпағына тыныш, бейбіт өмір сыйлау үшін, жанып тұрған от пен жауып тұрған оқтың астында етігімен су кешіп, мұз жастанған

М.Жүнісов мектебіндегі конференция залы
Жұмалиевтер отбасы

Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің әрқайсысына Жеңістің 70 жылдағы кезінде қаржылай сыйлық берсе, Жаңақазандағы білім ордасы — М. Жүнісов атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне 2018 жылы 150 жыл толуына орай мерейтой қарсаңында мектептің мәжіліс залын жаңа, заманауи жөндеуден өткізіп, қажетті жиһаздармен толықтай қамтамасыз ету үшін қомақты қаражат бөлді.
«Игі істің басына, жақсы келер қасына»,- деген, елді жайлаған жаман індет пандемия кезінде де 52 адамға — көмек ақша беріп, осы ақшаға адамдар дәрі-дәрмек, азық- түлік сатып алған болатын. Сөйтіп біраз адамның емделіп,, дәруменді тамақ ішіп, күш-қуатын көтеруіне септігін тигізді.
Жалпы Атымтай Жомарт біздің санамызда шығыс фольклорында кездесетін кейіпкер, өзінің қарапайымдылығы мен жомарттығына сай аты жайылған, халық жадында құрметпен әспеттелетін адам. Атымтай Жомарт «өзі есепсіз бай бола тұра, күн сайын бір мезгіл ескі-құсқы киім киіп, отын-шөп тасып, жұмыс қылады екен». Мұны «жомарт мінезбен өзін тәрбиелеу»,- деп білеміз. Ылғи ел алғысына бөленіп жүретін Серік Тәкесұлы біздің мектебіміздің түлегі, осы Жаңақазан ауылында туған азамат екендігі-біз үшін зор мақтаныш! Тарихи, шежірелі ауыл мектебінен білім алған осындай шәкірттердің қатары жыл санап жалғасуда. Жыл сайын мектеп түлектері туған жердің көркеюіне, ауылдың сән-салтанаты жарасып, келбетті болуына үлес қосып келеді. Дәл осы Серік Тәкесұлы сияқты қолда барды аямайтын азаматтардың қатарына мектеп түлегі Қарағойшин Думан Кенжебайұлын атап өтуге болады.
Мектептің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Алыптар ұшқан алтын ұя» атты кітап құрастырған болатынбыз. Жарыққа шығуына себепкер болып, демеушілік танытқан Қарағойшин Д.К басқа да игі істер жасауда көмегін еш аяған емес. Осындай шәкірттер тәрбиеленіп ұшқан білім ордасында білікті ұстаздардың қатары, легі жалғасып жатқандығына дәлел-әрісі-Ленин орденді, биология пәнінің мұғалімі- Ғұмар Салықов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Хабадаш Нұрымғалиев, математика, физика пәнінің мұғалімі Рақым Құдайбергенов болса, берісі шебер-ұстаздар химия пәнінің мұғалімі Сидыханова Г.З, математика пәнінің мұғалімі, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген Дүйсенғалиев А.А. Білім негізі осындай ұстаздардан қаланған ұрпақтың легі де жалғасып жатыр. Өйткені мектеп оқушыларының қанжығасы халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі пән олимпиадаларында, сайыстарда бос қайтпайды. Жыл сайын түлектер мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, еліміздегі таңдаулы, мемлекеттік жоғарғы оқу орындарына қажетті мамандықтар бөліміне грантқа оқуға түсіп, әр түрлі салада еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Мектебіміздегі білімді де, білікті ұстаздардан алған білім мен тәрбиені ұштастырып, биік белестерден көрініп жүрген шәкірттеріміз қаншама?!
Біз тұлғаларымызбен мақтанамыз! Тұлға деген ұғымның анықтамасы адамды саналы іс-әрекет иесі және қоғам мүшесі ретінде жан-жақты сипаттайды. Өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы мен сенімі бар адамды тұға деп атайды. Халықта өзінің өнегелі істерімен, имандылығымен дараланған адамды ерекше қастерлеп, кісілігі бар тұлға дейді. Ылғи елге мақтаулы біздің тұлғаларымыздың игі істері көп.Тұлғалардың өнегелі істерін ұмытпаймыз,болашақ ұрпаққа ұлықтаймыз!

Аида Губашева
Мектеп директоры
Дариға Зинуллина
Тарих пәні мұғалімі
М.Жүнісов атындағы ЖОББМ
Жаңақазан ауылы
Жаңақала ауданы, БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.