Home » Білім және тұлға » Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының «М.Б.Ықсанов атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директоры

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының «М.Б.Ықсанов атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директоры

Батыс Қазақстан облысы
Казталов ауданының
А.Оразбаева атындағы
жалпы орта білім беретін
мектебінің 1988 жылғы түлегі
Губашева Азима Зиннатовна

   Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды  танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі қажет.  Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам да мұғалім. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де,  жолы да бөлек.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, қыр-сыры мол, қиын да қызықты ұстаздық жолда шығармашылық еңбек етіп жүрген,  тарихқа толы қара шаңырағымыздың шәкірті Губашева  Азима  Зиннатовна туралы сөз қозғағымыз келіп отыр.  Губашева  Азима  Зиннатовна 18 қаңтар 1971 жылы  дүниеге келген. 1978-1988 жылдар аралығында Алма Оразбаева атындағы орта мектепте оқыған. Мектеп жылдарында сынып старостасы, мектепішілік комсомол ұйымының орынбасары болып жұмыстанған.Білімі  жоғары, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын 1995 жылы  тарих факультетінің «тарих және әлеуметтік-саяси пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Педагогикалық өтілі-30 жыл, педагог-зерттеуші,екінші біліктілік санатты мектеп директоры

30 қыркүйек  2013 жылы – 06 маусым 2014 жылы  «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша 640 академиялық сағат (9 айлық) көлемінде курсты аяқтаған.

2018 жылы Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің іс-тәжірбиесін тарату мақсатында ұйымдастырылған тағылымдамаға, облыстық «Өсу векторы» жазғы мектебі курстарына,2020 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы өткізген «Менеджмент негізінде мектепті басқару идеялары» тақырыбындағы вебинарға қатысып, біліктілігін арттырған.

2019 жылдан бастап облыстық «Кәсіби басшы» мектебінің жетекшісі болып келеді.

Азима Зиннатовна басшылығындағы мектеп 2015-2019 жылдар аралығында жаңартылған білім мазмұнын енгізудегі пилотттық мектеп ретінде қызмет атқарып, оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен критериалды бағалау бойынша жұмыстанып, табысты эксперименттік жұмыстары үшін мектеп ұжымы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен» марапатталған.

2021 жылдан бастап  мектеп «Әліппе», «АКТ» оқулықтарын, оқу-әдістемелік кешендерін апробациялау жұмыстарын жүргізеді.

Азима Зиннатовна  2018 жылы «Қазақстанның жаңғыруы:3.0.-білімнің үлесі» қалалық білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясында және  2019 жылы Қостанай қаласында өткен «Оқытудың жаңартылған мазмұнын енгізу: тәжірибе, іс-әрекет» тақырыбында республикалық семинар- конференциясында,2019 жылы «Білім және ғылым» облыстық білім беру жүйесі қызметкерлерінің тамыз педагогикалық кеңесінде іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Сол оқу жылдары ішінде  4 республикалық, 21 облыстық, 7 қалалық семинарларда бөліскен мектеп мұғалімдерінің шеберлік сыныптары жоғары деңгейде оздырылып келеді.

Мектептің білім сапасы  63 %,соңғы жылда  үш «Алтын белгі» иегерлері болса, мектеп түлектерінің  қорытынды аттестаттаудағы білім сапасы 73%-ды құрайды.

Мектеп мұғалімдерінің сапалық құрамы  64%.

2016 жылы мектепте М.Б.Ықсановтың оқу-көрме залын ашылуын ұйымдастырып,жылына 100-200  келушілерге танымдық экскурсиялар, тәрбие сағаттары жүргізіледі.Оқу-көрме залы мұражай мәртебесіне ие болып, «Ең үздік мұражай», «Ең үздік жәдігер», «Ашық аспан астындағы музей-қала» облыстық, қалалық сайыстардың жеңімпазы болып танылады.

Азима Зиннатовна Мұстақым Ықсанов атындағы медальмен марапатталған.

«Ықсановтану» факультативтік курс бағдарламасы мен «Ықсановтану» факультативтік курс бағдарламасына негізделген әдістемелік көмекші құралдарының авторы.

2018 жылы мектеп «Самұрық-Қазына» АҚ Компаниялар тобы ұйымдастырған «М+» типті спорттық жабдықтар кешенін алуға берілген сертификатты жеңіп алды.

Жаңартылған білім мазмұнының мектепте ұйымдастыруы мен  жүргізілуі  «12 жылдық білім беру» республикалық ғылыми-әдістемелік және ақпараттық-талдамалық журналында, республикалық «Білім кілті» журналында,облыстық «Ел мен мұғалім» басылымында жарияланған.

            Мектеп тәжірбиесі  2018 жылы «QAZAQ BiliMi»  республикалық ғылыми-әдістемелік,педагогикалық журналында, «Тағылым» республикалық ғылыми-әдістемелік журналында  (журнал түгел мектепке арналған) жарияланған.

Мектеп  2019-2023 аралығында МЕМ «Орал гуманитарлық колледжбен»,  Ж.Досмұхамедов атындағы  Жоғары педагогикалық колледжбен және Қостанай қаласындағы «Озат»  ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатымен,Орал қаласындағы М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейімен әлеуметтік серіктестікте жұмыс жасайды.

Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» (2018 ж), Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдығына орай төсбелгісі (2018 ж.), «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен (2019 жыл) марапатталған.

Губашева Азима Зиннатовна педагогикалық,ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық-басқарушылық міндеттерді шешуге қажетті  жалпытеориялық пәндер негіздерін  білетін білікті маман.

Республиканың 30 жетекші мектептері Кеңесінің төрайымы.Кеңесте 7 желілік қоғамдастықты қамтитын 1000-нан астам республика педагогтары жұмыстануда.

Өз қызметінде жауапкершілік, тілектестік,принциптілік қағидаларын ұстанады.Қысқа мерзімде жаңашылдықты, кәсіби дағдыларын,белсенділігін көрсете алады.Басшы қызметін тәжірбиеде қолдана алады.

Әріптестері, ата-аналар мен оқушылар арасында беделді.

Губашева Азима Зиннатовна 10 қаңтар 2021 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының сайлауының қорытындылары бойынша Орал қалалық мәслихатының ҮІІ шақырылым депутаты.      Партияның филиал жанындағы. Ұлт денсаулығын дамыту, білім және ғылым жөніндегі қоғамдық Кеңесінің төрайымы,Жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі.

БҚО Кәсіпкерлер Палатасының Іскер әйелдер Кеңесінің мүшесі.Облыстық медиация бойынша жұмыс тобының мүшесі.

Жастайынан  ұстаз қызметіне қызыға қарап, өзі де ұстаздық жолды таңдаған, туған жеріне, еліне адал қызмет етуді азаматтық парыз санап, өз кезегінде абыройлы қызмет жасап, өмір мен қызметте де қарапайымдылық пен адамгершілікті басты мақсат еткен Губашева Азима Зиннатовнаның еңбек жолы ұрпаққа өнеге.

Мақала авторы:  С.Т. Сармалаева

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.