Бүгінгі мақаламыздың басты кейіпкері білім мен тәрбие берудің қыр-сырын жетік білетін, туған жеріне адал қызмет етіп келе жатқан, тілін, дінін құрметтейтін, ұлттық құндылықтарын ұлықтап, туған жерін, халқын шексіз сүйетін, сол үшін еңбек еткен, рухы биік, парасатты, ұлағатты ұстаз Бәйтерек ауданының, кішкентай ғана Егіндібұлақ ауылының құрметті азаматшасы Убаева Маруаш Хайдаровна. 1961 жылы Бәйтерек ауданының Зеленов ауылында дүниеге келген М.Хайдаровна ұстаздық қызмет жолын күні бүгінге дейін Егіндібұлақ ауылында бастап та, жалғастырып та келеді. Ақ жаулықты әже, аяулы ана, үлгілі тұлға, жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі әрі білікті басшы М.Х.Убаеваның ұстаздық, өмірлік еңбек жолы келер ұрпаққа үлгі деп білем және Республикалық ғылыми-танымдық «Білім айнасы» газеті ұйымдастырған «Біздің тұлға» жобасында, жетістікке жеткен жеке тұлға ретінде дәріптегім келеді.
Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «ҚР Президенттігіне кандидат ретінде қолдау жөніндегі қоғамдық штабта атқарған қызметі үшін» алғыс хатымен, 2008 жылы ҚР Білім және Ғылым министрі Ж.Түймебаевтың «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік даму жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан үлесі үшін» Құрмет грамотасымен, 2011 жылы Батыс Қазақстан облысының Білім басқармасы бастығы М.Тоғжановтың «Облыстық білім жүйесіндегі педагогикалық шеберлігі, шығармашылық ізденісі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін» Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудан басшысының, аудандық білім басқармасы басшысының бірнеше рет алғыс хатымен марапатталып келеді. Бар өмірін ұстаздық жолға арнаған, ауылға ғана емес, ауданға да танымал, білгір маманға бір кездері Зеленов аудандық әдістемелік кабинетінің штаттан тыс әдіскері екендігін растайтын куәлікте табыс етіледі. Бұл дегеніміз Маруаш Хайдарқызының білім саласында жан-жақты белсенділігі мен жауапкершілігінің жоғарылығын аңғартқандай. Ол кісінің ерекше зеректігі де өз алдына. Екі тілде емін – еркін ойлай алатын, сөйлей алатын М.Хайдарқызы негізінен орыс тілінде оқып, білім алып, тәрбиеленген. Десе де мен бұл кісіні нағыз өз елінің патриоты деп айтар едім, әсіресе қазақ тілінің мәртебесін көтеруде қаншама қыруар еңбек етіп келеді. Әрине, оның бәрін атын атап, түрін түстеп жатуға болмас, бірақ ұлтына деген, өз тіліне деген, туған жеріне деген жанашырлығы әр ісінен көрініс табады. 1 мамыр – Бірлік күні мерекесіне ерекше дайындықты талап ету, ауылымыздағы барлық ұлттар туралы, олардың дәстүрлері, ән-билерін, киімдерін дайындату, Наурыз мерекесінде ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар жасап жұмыстану, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын шараларды жыл сайын түрлі бағытта ұйымдастыру, осы секілді жасалған жұмыстар қарапайым болғанмен, түпкі берер мағынасы мол, айтары ауқымды. Осындай істерімен ұрпақты бірін-бірі сыйлауға тәрбиелеп, ауыл халқы ішінде сыйластық орнаттырып келеді. Жалпы әйел адамға жауапкершілігі үлкен саланы басқару оңай емес, бірақ 20 жылға жуық мектеп директоры боп келе жатқан М.Хайдарқызы отбасында ұл мен қыз, немере тәрбиелеп, әрдайым әр мәселеге аналық, ұстаздық, басшылық көзқараспен қарап келе жатқан жан. Немерелері қазақ сыныбында, қазақ әдебиетін, қазақ тарихын, қазақтың бар құндылығын барлық пәндермен бойына сіңіріп өсіп келе жатқанын ерекше қуанышпен: «Алланың маған берген ең үлкен сыйлары, осы отбасым, байлықтарым»,-деп айтады. Ерте жастайынан жолдасын жер қойнына тапсырған қайсар ана, әкелерінен айырылған балаларын жетімсіретпей, қатардан қалдырмай, оқытып бар жағдайларын жасап өсірді. Ұл мен қызы өмірден өз орындарын тауып, бүгінде бәрі көз қуантып, көңіл жұбатарлықтай.
Қай уақытта да болмасын ұстазға деген құрмет ерекше болған. Сондықтан болар білікті басшы әрқашан: «Тәрбие тал бесіктен, әр отбасында ұстазға деген құрмет ұлықталып отыру қажет, сонда балада ата-анаға қарап бой түзейді, ол үшін әр мұғалім өз-өзін әдістемелік, тәрбиелік форма жағынан, сондай ақ инновациялық, цифлық технология мен интернеттің қарқынды дамыған қазіргі кезеңінде білім көкжиегін жан-жақты дамытып, жаһандық жаңалықтарды біліп, оны игеріп дамытып отыру қажет» деп айтып отырады. Тағдырдың талай ауыртпалықтарына төтеп бере білген, бар ғұмырын білім беру жолында ұрпақ тәрбиесіне арнаған, қоғамның белсенді ұйытқысы, алғыр басшы Убаева Маруаш Хайдаровна туған жеріне адал қызмет етіп келе жатқан өнегелі үлгі боларлық өр тұлға деп мақтанышпен айта аламын .
ЕШНИЯЗОВА Мерует Жеткербаевна
БҚО
Бәйтерек ауданы
Егіндібұлақ ауылы
Егіндібұлақ ЖОББМ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі