Home » Баяндамалар » Мектеп оқушыларына  білім беру мен тәрбиелеудің инновациялық  технологиялары

Мектеп оқушыларына  білім беру мен тәрбиелеудің инновациялық  технологиялары

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Өндіріс ауылы,
Жарылқасын Отарбаев орта мектеп
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Шажалиева Шайбала Аленовна

         Оқу мен тәрбие егіз, оларды бір – бірінен бөліп қарауға болмайды. Ұлы данамыз Әл – Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» десе, ал В. Белинский «Бала тәрбиесіне ерекше мән  берілуі керек, тәрбиенің арқасында болашақ адамзат тағдырының негізгі мәселесі шешіледі» деп білгірлікпен дөп басып айтқан.

Бала тәрбиесі — өте күрделі процесс. Оның күрделігі бесіктен бастау алып, үнемі уақытпен, бала көңіл – күйімен, жеке қабілетімен, икемділігімен, тізгінді үнемі қадағалау қажеттігімен ұғындырылады. Ойлап қарасақ, тәрбие баланың бал дәуренінен бастап азамат болғанға дейін тәні мен жанына төрт – бес арнамен құйылады:

«Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халқымыз. Иә, ұрпақтың тәрбиесі-қоғамның болашағы және оған аса зор жауапкершілікпен қарау — әрбір саналы азаматтың борышы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,- деп М.Әуезов көрегендікпен дәл айтты емес пе? Бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі оны қоршаған ортаға, әсіресе отбасы мен ұстаздар қауымының парасаттылығына байланысты.          Мемлекетімізде қазіргі таңда сапалы білім берумен қатар, болашақ жастарды рухани – адамгершілікке тәрбиелеудің де зор қажеттігі туындап отыр.

Тәрбие және тәрбие жұмыстары әр баланы қайталанбас тұлға ретінде қарап, оның өзгеше қасиеттерін дамытуы қажет. Әрбір бала — тұлға, өзінше бір әлем, ал әр педагогтың міндеті әр тұлғаны көре білу, жүректеріне жол табу. В.А.Сухомлинский: «Әлемде адам тұлғасынан күрделі, одан бай ешнәрсе жоқ», — деп жазған. Бүгінгі күнде барлық ұстаздардың алдындағы мақсат — өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу болып табылады.

Халықтың болашағы — ұрпағы, ұрпақтың тәрбиесі – ұстазда. Ұстаздың мұраты — жетілген, толыққанды азамат тәрбиелеу. Ал толыққанды азамат қалыптасу үшін – ақыл-ой тәрбиесі, имандылық, еңбек, эстетикалық, тілдік қатынас, дене тәрбиесі, сонымен қатар экологиялық, экономикалық, жыныстық, патриоттық тәрбие берілуі тиіс. Тәрбиенің қалыптасуы – ұстаз, бала, ата-ана еңбегімен байланысты екендігі айқын. Демек, бұлар береке–бірлікпен жұмыс істеп, бұзылмайтын, айнымайтын темір тәртіпке бас игенде ғана іс оң нәтиже таппақ. Бұл ұлдың еркіндігіне, қыздың шіркіндігіне қойылытын жоғары талап. Сондықтан да осы үш негіз бірлесе отырып жұмыс жасаса өкінбейтініміз анық.

Тәрбие мәселесін тек мектеп пен ұстаздар қауымының мойнына арта салумен іс бітпейді. Оның нәтижелі болуы ата-аналар мен қоғамдық ортаның тәрбие ісінен шет қалмай белсене араласуына, адам тәрбиелеудегі жауапкершілікті бірлесе қөтеріп, жұмыла істеуге тікелей байланысты. Ол жөнінде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заң  жобасында «Ата-аналар балалардың өмірі мен оқуы үшін олардың денсаулықтарын, рухани әрі дене қуатының қауіпсіз дамуын, адамгершілігі жағынан дұрыс қамтамасыз етуге міндетті» делінген.

Жалпы, орта мектептерде жыл сайын оқу жылының басында мектептегі тәрбие жұмысы бекітіліп, сол жоспар бойынша жұмыс жасайтынымыз белгілі. Бірақ биылғы жылы әлемді жайлаған короновирус індетіне байланысты қауіпсіздік сақтау мақсатында,тәрбие саласы қашықтықтан өтілуде. Және де болжаусыз болған бұл жағдайда бірден оқу-тәрбие ісін жалғастырып әкету оңай емес екені айтпаса да түсінікті жайт. Жоспарда бектілген пән бойынша сабақты қашықтықтан оқытуға болатын шығар. Ал тәрбие ісі бойынша мұндайда не істеу керек? Бұрын оқушы күнінің жартысына жуық уақытын мектеп қабырғасында өткізіп, шараларға қатысып, қызығатын үйірмелерде, секцияларда өткізді. Ал қашықтықтан оқыту жағдайында мектеп тарапынан үздіксіз тәрбие беріп, баланың үйде зерігіп, қандай да теріс ықпалға түсіп, зиянды әрекеттерге үйір болмауы үшін не істеу қажет?  Осы жайттарды ескере отырып, Жарылқасын Отарбаев орта мектебіндегі  мектеп ұжымының атқарған  тәрбиелік шараларын көрсете отырып, тәжірибемізбен бөліссек деген едім.
Тәрбие тұжырымдамсында көрсетілге 8 бағыт екені білгілі. Мектеп әкімшілігі аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі бойынша әдіскері Бетаева Ботамен  кеңесе отырып,  қашықтықтан оқыту жағдайында тәрбие тұжырымдамасының  8 бағыты қамтылған тәрбие  жоспарын құрдық. Тәрбие жоспарын  қашықтықтан сынып жетекшілермен таныстырған соң, оқушылардың ғаламтор, телефон, ноутбук сияқты құрылғыларға қолжетімділіктерін ескере отырып, қашықтықтан тәрбиелік шараларымызды бастап кеттік.
Жүріп жатқан індетке байланысты назарға алған бірінші шарамыз-оқушылардың өмір қауіпсіздігін, денсаулығын сақтау және карантин ережелерін қатаң сақтауын қадағалау мақсатында ата-аналар мен оқушыларға ақпарат беру болды. Осы мақсатта ғаламтор желісі арқылы  вирустан қалай сақталу керек екендігі жайлы жадынама, роликтер таратылды. Одан ары салауатты өмір салтын ұстану бағытында «Үйде бол» челленджін ұйымдастыруды бастадық. Бұл челленджге ата-аналарымыз біз ойлағаннан да өте белсенді түрде қатысты. Оқушылар өздерінің карантин кезінде эпидемиологиялық талаптарды қалай сақтау керек екенін, сонымен қатар, әр оқушы өз денінің сау болуы үшін дене жаттығулар жасау қажеттігі жайлы шағын бейнероликтер жасап, көпшілік назарына ұсынды.

Көркем эстетикалық және еңбек тәрбиесі бағытында  «Менің қолымнан бәрі келеді» атты челлендж өткізілді. Бұл шарада оқушыларымыз сабақтан тыс уақытта өздерінің немен айналысуды ұнататыны жайлы шағын видеоролик шығарды. Кейбір сыныптарды бір  видеороликке  бірнеше оқушы өздерінің сүйікті істерін атап көрсетті.

Эстетикалық тәрбие бағытында жеке видеоға өзінің сүйікті ісі сурет салу екенін айтып, шағын сурет көрмесімен таныстырады. Бұл видеолар, суреттер сыныптың ватсап арқылы чатында, мектебіміздің ортақ инстаграм парақшасына аудандық тәрбие бөлімінің инстапарқшасына   жүктеп, көпшіліктің тамашалауына мүмкіндік беріп отырдық.
Отбасылық тәрбие бағытында «Біз үйдеміз» челленджі. Бұл бейнероликте ата-анасы, ата-әжесі балаларымен  карантин талаптарын сақтап үйде отырғаны жайлы ғана емес, отбасылық тәрбие бағытында қаншалықты жылулық пен мейірімде өмір сүріп жатқаны жайлы көріністер бейнеленді. Мысалға, әжесінің немересін алдына алып кітап оқытып, ол кітаптан қандай ұлағатты әңгімелер оқығанын немесе ол кітаптағы адамгершілік жайлы әңгімелерді баяндап беріп отырған  бейнероликтегі  көрініс көпшілікке үлгі бола білді деген ойдамыз.

Ұлттық тәрбие бағытында   отбасылық наурыз мерекесін атап өтілу жайлы көріністер,  ұлттық киіммен отбасылық дастархан басында жақсы тілекпен қарсы алып отырған   көріністері өте сәтті шықты.
Көпмәдениеттілік тәрбие бағытында «Бір шаңырақ астында» челенджі. Аталмыш тәрбиелік бағыт бойынша бастауыш сыныптар суреттер салып ұсынса, жоғарғы сыныптар елімізде айрандай ұйып отырған түрлі  ұлттар мен ұлыстардың ұлттық тағамдарымен таныстырып жатты. Ал бірі сол ұлттардың тілінде құттықтаулар бейнеролик арқылы жолдап жатты.

Рухани-адамгершік бағытындағы 175 жылдық мерейтой аясында  Ұлы Абай атамыздың өлеңдерін және қара сөздерін  видео арқылы оқушылар арасында оқу жалғасып жатса, Әл-Фараби бабамызды мерейтойына байланысты челлендж өткізу ісі де сырт қалмады. Сондай-ақ, ата-аналардың өздері ұйымдастыруымен «Ұстаздарға мың алғыс»  сынды шағын бейнероликтер дайындалып, әлеуметтік желілерге көпшілік назарына ұсынып жатты.
Зияткерлік тәрбие бағытында «Ойлан,тап!» сынды ойынды ватсап арқылы ұйымдастырып жатты. «Мамандықтың бәрі жақсы…» 9-сыныпта әңгіме сағаты, «Кәсіп түбі нәсіп» 11-сыныпта пікірлесу сағаты, «Менің ата-анамның мамандығы» тақырыбында бастауыш сыныптармен танымдық сағаттарды санпин талаптарын сақтай отырып  өтті.

Ақпараттық мәдениет тәрбиесі бойынша оқушылар ватсап немесе әлеуметтік желі  арқылы қоғамға пайдалы түрлі жаңалықтармен бөлісті. «Әлемнің жеті кереметі» сынды бейнероликтерді бос уақыттарында тамашалау үшін ватсап желісі, электронды пошта  арқылы жіберіп отырды.
Жалпы жоғарыда атап өткен барлық шараларды сынып жеткшілердің ұйымдастыруымен, ата-аналардың қатысуымен өткіздік. Және де, ұстаздарды қуантқан жайт – барлық оқушылардың ата-аналарымен бірлесе белсене қатысуы болды.

Адал ұрпақ тәрбиелеу – қай уақытта болса да өз маңыздылығын жоғалтпаған мәселе.
Халқының мүддесін өз мүддесінен артық қоятын, адалдық, бауырмалдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді бойына жинай білген тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу- барлығымыздың борышымыз. Болашақ ұрпағымызға тек тәрбие мен білім берумен шектеліп қана қоймай, адал еңбекқорлыққа да үйретуіміз керек.Адал еңбекқорлық-еліне адал қызмет ету және сыбайластық іс – әрекеттерден аулақ болудан тұрады. Өскелең ұрпақ сыбайлас жемқорлықтан аулақ болу үшін мектеп қабырғасынан бастап тәрбиені осы бағытта беру маңызды.

Бала мінезі, азаматтық көзқарасы ата-ана, орта, мектеп тәрбиесі арқылы қалыптасады. Рас, сәби ақ қағаздай болып дүниеге келмек. Қағазға шимайды қалай салсаң, солай түседі. Бала тәрбиесі де осыған ұқсас. Бүгінде білім беру мекемелері осы қағиданы ескеріп, оқушылар бойында әділдік, адалдық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында жаңа жобалар жүргізуде.Осындай жобалардың бірі – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ,жергілікті әкімдіктердің қолдауымен мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру аясында республика мектептерінде «Адал ұрпақ» еріктілер клубы» жобасы жұмыс жасайды.

Бұйрық бойынша клуб жетекшісі  Абдрахманова Камшат бекітілген.    Клуб жұмысы үш секция  бойынша өтіледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  білім;

Ақпарат және  шығармашылық;

Мәдени-көпшілік іс-шаралар  бағытында  жұмысы

Мектебімізде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының құрылу мақсаты-шәкірттерімізге  рухани адамгершілік және азаматтық — патриоттық тәрбие беру.Олардың бойында  сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту, оқушылардың заң талаптарын сақтауға ынтасын қалыптастыру болса, міндеті-мектепте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту бойынша бастамаларды көтермелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады.Осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру аясында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының мүшелері ұйымдасқан түрде мектебімізде жүйелі түрде түрлі іс-шаралар атқарып тұрады. Атап айтсақ, «Біздің таңдауымыз-заңды мемлекет» тақырыбында клуб мүшелері арасында өткен дөңгелек үстел, «Іс-қимыл әрекет-әлеуметтік қауіпті көрініс» тақырыбындағы сынып сағаттары, «Қоғамдық тәртіп негіздері» тақырыбындағы пікірталас  өткізілді.

Адал ұрпақ» еріктілер клубының  ұйымдастыруымен    5-8 сынып оқушыларының арасында «Адал және сатылмайтын еңбек бейнесі» тақырыбындағы суреттер байқауы өткізілді.
Бұл шараның басты мақсаты өскелең ұрпақтың арасында жалпыға бірдей еңбек, адалдық және сатылмаушылық идеяларын мінез-құлық нормасы болуы қажет деп түсінуін тарату.
Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністерін ой елегінен өткізген оқушылар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жолдарын қағаз бетіне қылқаламмен, «графика», «коллаж» тәсілдерімен, түрліше бояу тілімен түсіндірді. Сурет байқауына 5-8 сынып оқушыларынан  Байларбек Шұға, Есенәлиев Фархат,Сұлтан Азамат,Шайлазимов Жеңісхан, Қаңлыбай  Әділет . белсенділік танытты. Үздік деген суреттер облыстық конкурсқа ұсынылып, оқушыларымыз облыстан  жүлделі  орындарды  иеленді.
Сонымен қатар,  мектепте  «Адалдық дүкені» жұмыс жасауда. Дүкенде қолжетімді бағадағы оқу-құралдары сатылымда тұрады. Бұл жерде сатушының болмауына байланысты өзіне-өзі қызмет ету жұмысы ұйымдастырылған. Алынатын тауарды оқушы өзі таңдап алады да, төленетін ақшаны жанындағы терминалға (қорапқа) салып кетеді. Мұндай әрекеттер оқушылардың жағымды моральдық қасиеттерін, соның ішінде ішкі парасаттылық пен адалдыққа тәрбиелеуге бағыттайды. Сонымен қатар, өзінен кейінгілерге де, үлкендерге де өнегелі, үлгілі іс болары анық. Бұл жобаны жүзеге асыруда қоғамдағы жемқорлықпен күресуге, жастарды адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу мәдениеті көзделіп отыр.

«Сұлтанмахмұт Торайғыровтың  әділдік философиясы»,»Ыбырай Алтынсарин — ұлы дала ағартушысы»,»Мұқағали — мәңгілік ғұмыр»,»Шәкәрім өсиеті- адалдықтың айнасы», «Мейіржан Әлібекұлымен» тақырыптарында аудандық білім бөлімінің тарапынан Адалдық сағаттары ұсынылды.

Қызығы мен қиыны қатар жүретін бала тәрбиесіне үлесін қосып жүрген бірнеше сынып жетекшілерді атап айтар болсам Каманова Тұрсынкүл,Қожасбаева Тұрсынай, Жумадилова Қанат,Жапанова Камшат,Мукушева Шаризат,Искакова Амина,Сартаева Ұлбосын,Абилдаева Гаухар.

Тәрбие жолы — қиын жол. Өмірді өрнектейтін адам –ұстаз шәкірт алдындағы парызын ешуақытта ұмытпайды. Мүлт етсе үлкен қателік жіберіп алатынын біледі. Ал тәрбиеде кеткен қателікті түзеу оңай іс емес. Мектептегі әр ұстаз ізденуді, білім беруді, баулуды, тәрбиелеуді, шығармашылықпен еңбек етуді абыройлы міндет, айбынды мақсаты  деп  біледі . Жас  ұрпақты  білімді, жан- жақты  етіп өсіруге әрбір ата-ана, мектеп және бүкіл жұртшылық болып қатысу керек. Сондықтан да ұстаздар қауымы, сапалы білім бере отырып, еліміздің болашақ жастарын ұлағаттылыққа тәрбиелейік!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.