Home » Білім және тұлға » Ұстаздардың ұстазы

Ұстаздардың ұстазы

Батыс Қазақстан облысы
Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылы
М.Жүнісов атындағы жалпы
орта білім беретін мектебі
 Джумалиева Сымбат Жанбулатовна

«Мұғалім-өзінің білімін үздіксіз көтеріп  отырғанда ғана
мұғалім,оқуды,ізденуді  тоқтатысымен оның
мұғалімдігі де жойылады».

Ұзақ уақыт М.Жүнісов атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқарып, Жаңақазан ауылын жасыл баққа айналдырған, сол үшін де аты ардақтауға лайық ардагер ұстаздардың бірі, марқұм Ғұмар Салықов  еді. Ертелі – кеш ерінуді білместен біліммен еңбек майданында қайнап жүріп, қызмет атқарған бұл кісі шәкірттері мен әріптестерінің, ауыл адамдарының ортасында ерекше сыйлы болыпты.

  Ғұмар Айтқалиұлы Салықов 1907 жылы 8  сәуірде бұрынғы Фурманов (қазіргі Казталов) ауданына қарасты Қарасу селолық советіндегі Қошқар деген елді мекенде кедей жанұяда дүниеге келген. Ғұмар ата жастайынан жетім қалады. Мал  бағып, елдің ауылшаруашылық жұмыстарына ерте араласты. Оқуға қолы кеш жетеді. Ауылда ашылған 6 сыныптық қазақ мектебінде оқып, Фурманов селосындағы педагогикалық училищеге түсіп, оны 1932 жылы бітіріп шығады. Сол училищеде оқып жүріп-ақ, 1931 жылдан мұғалімдік жұмысты қоса атқарады. Ол өз өмірінде 1931 жылдан 1967 жылға дейін мектепте химия, биология пәндерінен сабақ бере жүріп, оқу- тәжірибе алаңының меңгерушісі әрі лаборант қызметін қоса атқарып, жемісті еңбек етті.

Жер-жердегі сияқты Жаңақазанда да Кеңес өкіметі орнап, ауылдық Кеңестер құрыла бастады. Ол алғашқы комсомол ұйымдарын құруға белсене қатысады. Комсомол болып жастарды алға бастайды. Ескішілдікке қарсы жаңа заманның үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Ескінің іріп-шіріген қалдықтарын жою, байларды конфискациялау, елдегі колхоздастыру, кооперативтендіру, сауаттандыру шараларын жүргізуге атсалысады.

Сонау сұрапыл жылдардағы «жазықсыз жазалау» тармағына Ғұмар Салықов та ілігіп, партия қатарынан шығарылады. 34-ке қараған шағында елі үшін белсеніп іске кірісер кезеңде айдалып кете барады. Кеңес өкіметіне қарсы ешқандай арам пиғылы болмас да сотталады. Кейіннен ақталып, елге оралып ағарту саласында еңбегін жалғастырады.

Ақталған жандардың тізімі «Орал өңірі»  газетіне шыққанда: «Бұл күнге жете алмай кеткен дос-жолдастарымды ойлап, қиын тағдырымның бұлттан шыққан жарық күндей сәулеленгеніне әрі қуаныштан, әрі өкініштен болар достарымды ойлап жеті күн бойы бас көтермей, жылап жаттым», — депті қария қилы кезеңді есіне алып.

Отанына деген сенімі, жүрегінің жалыны басылмаған қайсар жігіт қарыштап алға жылжыды.

1949 жылы Жаңақала ауданының орталығындағы С.М.Киров атындағы орта мектепте ұстаздық жұмысын жалғастыруы оның өміріндегі ең жарқын  сәттерінің бірі болды.

1954 жылы Орал педагогикалық институтын бітіріп, 1955 жылы мектеп жанынан оқу- тәжірибе алаңын ұйымдастырып, бірер жылдың ішінде- ақ жоғары көрсеткіштерге жетті.

Көптеген дәнді дақылдар егіп, сонымен шұғылдана бастады. Суық жерге бейімдеп өсірген өнімдері облыстық көрмеге қойылып, көрмеге қатысқан Өзбекстан, Қырғызстан,Тәжікстан, Түркменстан мамандарының Орал ауылшаруашылығы мектебінде мақта өсетініне көздерін жеткізді.

Мектепте 450 ағаш өсірді, оның 36-сы – жеміс ағашы. Новоказанканың жаны жасыл орман болды. Еңбегін ел көрді.

– Мен оның барлығын жазда балалармен бірге істедім. Солармен бірге қос басында жаттым,  1,5 мың шаршы  метр жерге 36 жеміс ағашын отырғыздым. Құстың саңғақтарын, азотты, фосфорлы тыңайтқыштарды пайдаланып өсірдім. Кезеңінде бәрі де жойылды ғой, — деп жазыпты өзінің естелігінде.

Жаңақала (Новая Казанка) селосы оның қасиетті мекені болатын. Ештеңемен бағаланбайтын жалынды жастық шағы өтіп, алғаш еңбектің дәмін татқанда ыстық маңдай тері тамған да осы жер. Үлкендер оны құрметтеп отырса, жасы кішілері «Ғұмар атай» дейді. Күнде мектепке бара жатып сәлем бергенде қуанып қалатын ақсақалдар соның артынша – ақ ол туралы әңгімелеп кететін: «Білім десе білімі бар, сыпайы, адамгершілігі мол, күш-жігері қандай дейсің! Бәлі, өзі білгіш-ақ деседі. Жаңақазанның табиғаты мен шежіресін бүге-шегесіне дейін біледі». Бірде колхозшы қарттар бас қосып: «Бұл жердің шөлейіттегі сұмдық. Егін егіп, ағаш отырғызбақ қайда? Жылма- жыл мал жейтін жусан мен бүрген көктеп тұрса да рахметіңді жаудыр»- деп бөсіп отырса, бір тұстан Ғұмар киліге кетіп: «Ей, әкей, баптай білсең- жер жомарт. Туған жерден артық жәннәтты қайдан таппақсыздар?»,- депті.

Кездейсоқ болған қуанышты оқиға еді бұл. Бір күні Ташкенттік студент Ғайсинадан Ғұмар атайдың атына жазылған хат келді. Көкшіл конверттің ішкі бетіне оншақты ұсақ түйіншек желімделіпті. Түсініксіздеу. Ол ойланыңқырап, жалма-жан хатты оқуға кірісті. «Тамаша, міне, тамаша!». Ұстаз алда тағы бір  жаңалықтың боларын іштей сезді. Әзірге жан баласына мұның тігісін білдірмеді. «Шыдау керек». Ол конвертке желімденген  мақта тұқымын ұқыппен алып алақанына салды. Мақта жөнінде оқығаны көп болса да білетіні жарытымсыз еді. Мақта тұқымы бірден жылы жерге күтімге алынды. «Мақта жылылықты сүйеді». Оған үйдің бір бөлмесін лайық көрді.

Күн артынан күн өтті. Тұқымға жан бітіп, түктене бастады. Уақыты келгенде тұқым тыңайтылған жерге отырғызылды. Көп ұзамай тұқымның сабағы шығып, 40 сантиметрдей биіктеп өсті. Әр сабақтан тараған жіңішке қорапшалары пайда болды. Күз түсе әлгі қорапшалардағы мақта бір бөлек жиналып алынды.

Не деген ғажайып мақта, кәдімгі аппақ мақта! Бұл Жаңақала жерінде өсіп – өнді. Осы жолы Ғұмар атай көрменің бірінші дәрежелі дипломын иемденді. Бұл жаңалықтары үшін ол Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысуға тегін жолдама алды.

Салықовтың ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, облыс мұғалімдерінің арасында бірінші болып, 1960 жылы Ленин орденімен наградталды.

Ұстаз атын бүкіл елге жария қылған озық тәжірибесі – мектеп бағдарламасына политехникалық оқу жүйесін енгізу болатын. Сол кезде республика бойынша политехникалық оқуды іске асыруда алғашқылардың бірі болды.

«Үш күннен соң тағы да түйе арбамен екінші жазираға келдік. Ол жұрт әдеттегідей атап кеткен – «Ғұмар бағы» еді. «Ғұмар бағы» дегенде, қазіргі философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиев, профессор Амангелді Ғалымов, ректор Бекіш Қаражанов, Ұзақбай Рахматуллин, Ғабдырашит Карменов, С.Қадыров, қыздар – Алма, Қамария, Ә.Әминова, Роза тағы басқалар түседі. Жас шамалары әртүрлі болғанмен бірі осы бақты қолдан құрастырып, бірі құдығын қазып, арығын тартып көмек еткендер. «Ғұмар бағы» қазір жазира аталғанмен ол кезде біздер үшін сор еді. Тереңдігі 10-14 метр құдық қазатынбыз, арық аршып, түйе өте алмайтын ұзындығы 7 километрдей, ені 2,5 метр шұңқыр аршимыз. Ауылдағылар жоғалған бұзау- торпақ, ешкі-қойларын осы шұңқырдан іздейтін» — деп жазыпты бір кездегі шәкірттері ұстаз туралы жазбаларында. Әсіресе, Ғұмар селекционердің Жаңақазан жеріне ақ мақта егуі және бірнеше жыл тұрақты өнім алуы- Ақжайық өміріндегі «Американың» ашылуымен пара-пар болыпты. «Мақтаның египеттік сортын Жаңақаланың құмайт даласына жерсіндіріп өсіруі, биолог ұстаздың ерекше табыстарының бірі болатын. Кабинеттегі кейбір ағаштарда өсіп тұратын сап-сары лимон әлі күнге көз алдымда» — дейді ұстаз алдын көрген шәкірттері.

             Сонау тоқырау жылдарында ұстаз Ғ.Салықовтың дәстүрі солғын тартып, «Ғұмар бағы» күтімсіздіктен ағып, құрып кетті. Даңқты, дарынды педагог Ғұмар Салықовтың игілікті істері кеңінен насихатталып, оның кезінде өсірген бағы да, рекорд өнімдері де, жерімізге мақта өсірген жаңашылдығы да кейінгілерге сабақ болуы тиіс. Бұл біздің аймақ шежіресін жазушылардың құлағына таққан «алтын сырғамыз». Жалпы ұстаз Ғ.Салықовтың дәстүріне тереңірек үніліп, ұлағат алу керек.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.