Орал қаласындағы №1 жалпы орта білім беретін мектебінің баскетболшы қыздар құрамасы республикалық «Алтын доп» жарысынан жүлдемен оралды.
Қалалық білім беру бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жерлестеріміз ұлттық мектеп лигасы аясында 5-6 сынып оқушылары арасындағы республикалық баскетболдан «Алтын доп» жарысында жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Ұлттық мектеп лигасы аясындағы ойындар 8-18 сәуір аралығында Павлодар қаласында ұйымдастырылды. Оған республикамыздың әр өңірінен 8 команда қатысқан. Батыс Қазақстанның намысын қорғаған оралдық қыздар құрамасы бұл жарыста жақсы нәтиже көрсете білді. Финалдық ойында жергілікті павлодарлық командаға ғана есе жіберіп, жүлделі ІІ орынға тұрақтаған.
Команданың жаттықтырушылары – Е.Бералиев пен З.Әбдрахманова. Айтулы додада үздіктер қатарынан көрінген командадан жаттықтырушылары мен ата-аналары үлкен үміт күтеді. Жас баскетболшы қыздардың әлі бағындырар белестері алда екеніне сенеді.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ
«BILIM AINASY»
Орал