Home » Жаңалықтар » Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы атанды

Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы атанды

    Оқу-ағарту жүйесінде үздіксіз 40 жыл бойы тынбай еңбек еткен, оның ішінде 1994 жылдан бастап Петропавл қаласының «Мұрат Айтхожин атындағы № 1 орта мектебі» КММ директоры болып табан аумай 27 жыл қызмет еткен білікті басшы Курленя Александр Юрьевич «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қолынан алды.

Қысқаша еңбек жолын 1980 жылы Петропавл педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, СҚО Тоқшын орта мектебінде мұғалім ретінде бастаған. 1982-1983 жылдары Петропавл қаласының № 42 орта мектебінің мұғалімі; 1983 – 1992 жылдар аралығында Петропавл қаласының № 42 орта мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары; 1992 – 1994 жылдары Петропавл қаласы № 42 орта мектебінің директоры. 1994 жылдан бастап Петропавл қаласының «Мұрат Айтхожин атындағы № 1 орта мектебі» КММ директоры болып күні бүгінге дейін қызмет атқарып келеді..

«Мұрат Айтхожин атындағы №1 орта мектебі» КММ оның басшылығымен өз жұмысының жоғары сапалық көрсеткіштерімен Петропавл қаласының беделді, құрметті және сұранысқа ие білім ордаларының бірі болып, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп келеді. 2005 жылдан бастап мектеп 18 «Алтын белгі» және 7 үздік аттестат иегерлерін дайындады. № 1 мектеп дарынды балалармен жұмыс және балаларды қорғау бойынша жұмысы үшін қаланың білім беру Құрмет кітабына екі рет енгізілді. Мұрат Айтхожин атындағы № 1 мектеп жалпы білім беретін мектептер рейтингінде үнемі жоғары көрсеткіш көрсетеді.

А.Ю. Курленя оқушылардың білім алуына, заманауи біліммен қарулауға жағдай жасап, мектеп мұғалімдерінің өзін-өзі дамытуы мен шығармашылығын шыңдауға барлық мүмкіндіктер қарастырған. Жыл сайын мектеп оқушылары ҰБТ-ны сәтті тапсырап республиканың үздік университеттерінің білім беру гранттарының иегерлері болып табылады, бұл ұжымның бәсекеге қабілетті түлектерді дайындау бойынша жоспарлы жұмысын көрсетеді.

А.Ю. Курленя педагогикалық қызметімен қоса жазушылық, аудармашылық жұмыстарды қатар алып жүрген шығармашыл тұлға. Көреген басшы, дарынды ұстаз, белгілі ақын, жазушы және публицист, бірнеше кітаптың авторы. А.Ю. Курленя өзінің шығармашылық жолында өңірімізге танымал қазақ ақындары  М.Қанғожин, Б.Қожахметов сынды ақындардың өлеңдерін орыс тілінде сөйлетті.

Негізгі міндеттерден басқа Александр Юрьевич облыстың қоғамдық өміріне белсенді араласады. 12 жыл бойы қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаты болды, 2005 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облыстық «Лад» славян мәдениеті қоғамын басқарады, 1999 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

А.Ю. Курленя еңбек жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасы Мәслихаттарына 20 жыл» медалі (2015 ж.); «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалі (2015 ж.); «Қазақстан халқы Ассамблеясының Үлкен алтын медалі» (2017 ж.); «Ы.Алтынсарин» атындағы төс белгісі (2006 ж.); «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен (2016 ж.) марапатталған.

Көкбасқызы Жазира
«BILIM AINASY»,
СҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.