Home » Мақалалар » Шаһкәрім шығармашылығындағы ұлттық таным

Шаһкәрім шығармашылығындағы ұлттық таным

Алия Асылбекқызы Аймишева
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
1 курс магистранты
жетекшісі: Данат Жанатайұлы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті


    Шаһкəрім Құдайбердіұлы  –  өмірі де, өлеңі де бүгінгі қазақ  еліне аңыз болған тарихи тұлға.  Шаһкəрім шығармашылығының кемелдігі  –  оның концептуалды ойында, болмыстың сырына үңілуінде, өмірдің мəнін талдауында жатыр. Ақын мақсаты  –  рухани шынайылық; пəктікке, тазалыққа, əділеттікке ұмтылыс.         Шаһкəрім – көп оқыған, оқығанын жүрегіне тоқып, əр тарапта өзіндік сыни көзбен баға беріп, шығыстық дүниетаным арқылы оқығанын сүзгіден өткізіп, ойлана келе ақылға салып, өз тұжырымын жасаған ғұлама.

Шаһкəрім өлеңдеріндегі сөз қолданысы мен ондағы сөз мағынасын, астарын, атаудың жұмсалу ерекшеліктерін пайымдау арқылы ұлттық таным: лингвомәдени және танымдық көзқарас қалыптастыра аламыз.  Ақын дүниетанымы мен философиялық ойлары сөз арқылы таңбаланғандықтан, оның қазақ ұлтының дүниетанымына әсері орасан зор.
Шаһкәрім ақынның атақты «Адамдық борышың» атты өлеңінен үзінді келтірейік:
Адамдық борышың
Халқыңа еңбек қыл.
Ақжолдан айнымай
Ар сақта, оны біл.
Қазақ дүниетанымымен лингвимәдени тұрғыда салыстыра қарасақ, сөз қолданысының лебіздегі мағынасын анықтайтын, мазмұндық мәнін ашатын, тегінде, тіркесімділік болса керек. Яғни, басқаша айтар болсақ, лебіздік мағынаның нақты көрінетін тұсы- сөздердің тіркесімділігінде. Ойды жеткізуде шешендік керек десек те, кейде шешенсіп, әдемі сөйлеп, сөздің қадірін кетіру

бар да, қарапайым сөйлеп, халық ойының терең дәмін татқызу бар. Мәселен, жоғарыда келтірілген, бүгінде әр қазақтың айтып жүрер «сыр сөзіне» айналған өлең жолында жорғалаған жорға жыр, жайтаңдап жарқыраған шешендік көзге ұрып тұрған жоқ. Бірақ таза ақыл мен ақ жүректі азаматтың құлағында ұзақ

қалары тағы да ақиқат. Сөздерді жеке-жеке алып қарасақ, адам, борыш, халық, еңбек, ақ жол, ар, біл т.б.  Адамның да, халықтың да, еңбектің де, тіпті ар мен ақ жолдың да сан түрлі түрі бар. Әр алуан нұсқасы бар. Мәселе қайда… Мәселе Шаһкәрімдік нұсқаның осы сөздер арқылы берілетін ойында, әрине, екіншіден, осы беру үшін таңдалып алынған тіркестердің құрылымында… Жеке алғандағы сөздердің сыртқы таңбалық тұлғасында өзгеріс жоқ. Ал оқыған адамды бей-жай қалдырмайтын, өзіңді-өзің тануға жетелейтін тұнық ой тек осы сөздердің тіркесімділік заңдылығы арқылы негізделіп, жүйелі ой мазмұнын бір арқанмен матауында болса керек.
Адамдық борыш — күрделі этикалық категория. Ақын бұл жерде перзенттік, балалық, аналық т.б. борыштар туралы емес, нақ адамдық борыш туралы айтып отыр. Өзін «Адам» деп есептейтін әрбір жан халқына еңбек етуі керек екен. Шаһкәрім ақын қарапайым бірақ нақты ойын «Адамдық борышың» тіркесі арқылы дәл жеткізіп, оқырманын қалт ұрғызып, селт еткізеді. Елдік концепт ең бірінші орынға шығарылады.
Ақ жолдан айнымай, Ар сақта. Оны біл.
Сөйлем етістіктің екінші жағымен бұйрық рай тұлғасы негізінде жасалған. Яғни ақын ойында да, ісінде де, өлең жолында да екіұштылық жоқ.
Тура сөз. Толымды ой! Мақсат та, мұрат та айқын. Өлеңде айтылған ой — нығыз, нақ. Ақын көзқарасы — айқын. Өмірдің өз тәжірибесінен алынған ой таза ақыл мен нұрлы жүрекке жетсе, оны жайма-шуақ қалдырмасы түсінікті. Өлеңде артық буын, не артық сөз жоқ. Барлық тілдік бірліктер негізгі ойға қызмет етіп, белгілі бір семантикалық жүк арқалаған.
«Ақ жол» — қазақ танымындағы күрделі семантикалық қалыптарды жинақтайтын күрделі ұғымды белгілейтін атау. Kici жолға шығарда, үйде қалған үлкен-кіші «жолың болсынды» айтып, «ақ жол» тілеп қалысады. Шаһкәрім қолданысындағы «ақ жол» — Алла жолынан, Хақ жолынан айнымауды меңзейді. Хақ сөзінің бастапқы дыбысы сөйлеуде кейде әлсіз естілгендіктен, түсіріліп айтылуы да мүмкін. Мұндай құбылыс тілдік заңдылық ретінде қазақ тілінде орныққан (хакім — әкім, Қали — Әли,Халима — Әлима, Хасан — Асан т.б.). Осы реттен, ақ жолдан айнымай деген тіркесті Хақ жолынан айнымай деп түсінеміз. Ар сақтау — ақын өлеңдерінің негізгі өзегі.
«Ақ жол» — тіліміздегі көпмағыналы, ішкі мағыналық құру- сан түрлі сыр сақтаған, мазмұны терең тіркестердің бірі. Оның құрамындағы «ақ» сөзінің де мағынасы күрделі, тек түсті ғана таңбалап қоймай, сонымен бірге, молдық (ақ жауын), тазалық, (ақ жуып), оңдық(ақ жол) т.б. сипатында да жұмсалады. Ақ жол — ақтың жолы, дұрыс жол, таза жол: Ақ жол – Хақтың жолы, Алланың нұсқаған жолы. Сондай-ақ, жол болсын, жолдарың болсын деген тіркестер бар.
ЖОЛ… Адам…ТҰЛҒА… Адамның ЖОЛЫ… Қазақ дұниетанымында жол ұғымының алатын орны ерекше:оған байланысты айтылған тіркестер көптігі дәлел. Бұны Шаһкәрім шығармасынан да көруіміз дәлел.
Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Білімсіз,
Өнерсіз,
Болады ақыл тұл.
Сөз мағынасының бір мағыналылығы мен көпмағыналығы туралы мәселені бір-бірінен бөліп, ажыратып қарауға болмас. «Білім» мен «өнер» сөзінің мағынасы — бір мағыналы. Дей тұрғанмен, қолданыстағы мәнін саралайтын болсақ, сөздердің мәтіндегі түсінігінде ерекшелік, өзіндік рең бар екенін байқауға болар еді. Мұны мәнге, сөздің ішкі мәндік болмысына бағыныштылық деу дұрыс. Денотаттық мағына беретін сөздердің бәрі бірдей заттың атауы бола бермейді, олардың арасында номинативтік мән бере отырып, көзге көрініп, қолға ұстауға болмайтын абстрактілі мәнді ұғымдарды атайтыны да мол. Білім, өнер денотаттық атаулары да осындай сигнификаттық

мағынасы мол абстрактілі ұғымдарды таңбалайды. Автор білім мен өнер үйренуге талаптануды табыстайды, келесі жолда оның антонимдік мәнін білімсіз, өнерсіз тұлғаларында келтіре отырып, шағын жолда оппозициялық мән құрайды. Бұл — тыңдаушыға әсер етудің әдемі бір көркемдік жолы. Номинативтік атауларды қарама-қарсы сипатта жұмсау арқылы, тыңдаушыға оңай әсер етуге болады. Ойдың соңы «Болады ақыл тұл» деп аяқталып тұр. Ақылдың тұл болуы — ақынның өзінің жеке авторлық қолданысы ақындық көркемдік-танымдық шешім. Тұл — айрылған, ажыраған деген мағынаны білдіретіні белгілі. Сонда білімсіз, өнерсіз ақылдан ажырау болып шығар еді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.