Home » Мақалалар » Бастауыш сыныптарда қашықтықтан үздіксіз  тәрбие беру тәсілдері

Бастауыш сыныптарда қашықтықтан үздіксіз  тәрбие беру тәсілдері

Кабдуллина Майра Муратовна
Ақмола облысы, Целиноград ауданы,
«Қаражар ауылының  жалпы білім беретін орта мектебі» КММ
Оқу ісі жөніндегі орынбасары,
бастауыш сынып пәнінің мұғалімі 

Бастауыш сыныптарда қашықтықтан үздіксіз  тәрбие беру тәсілдері

2019 жылдың сәуір айынан бері, әлемді жайлаған індетке байланысты, еліміздегі орта білім беру мекемелері қашықтықтан білім беруге мәжбүр болған еді. Сол уақыттан бері, өкінішке орай, індет бірде өршіп, бірде бәсеңдеп, шәкірттерімізге толықтай  дәстүрлі түрде білім беруге мүмкіндік болмай тұрғаны ақиқат. Қазіргі таңда, бастауыш сыныптарда кезекші сыныптар ашылып, мектеп қабырғасында білім алуға мүмкіндік алды. Бірақ карантиндік тиымдарға байланысты , мектепте қандай да бір шараларды өткізуге тиым салынғандықтан, тәрбие беру ісін жүргізу тек қашықтықтан рұқсат етілуде. Баланың жеке тұлға болып қалыптасуы үшін тек білім беру жеткіліксіз екені белгілі. Осы жайтты ескерсек, балаларымыз жеке тұлға болып қалыптасуы үшін  қашықтықтан қандай шаралар арқылы үздіксіз тәрбие беруге болады? Осы сұраққа жауап беру мақсатында, мектебіміздегі  бастауыш сыныптарда жүргізіліп жатқан тәрбие үрдісі  жайлы тәжірибеммен бөліссем деген едім. Оқу жылы басталарда, мектебімізде жылдық оқу- тәрбие  жұмыс жоспары бекітіліп,  сәйкесінше, сыныптарда оқу-тәрбие жоспары бекітілді. Бұл жерде айта кетер жайт, бастауыш сыныптарда ата-ана өтініші бойынша қашықтықтан оқытылып жатқан оқушыларға оқу-тәрбие беру үрдісінде  басымдылық берілді .Себебі, ұстаздың алдынан білім алмаған , тек қашықтықтықтан білім алып жатқан оқушының қандай психологиялық жағдайда болатыны айтпаса да түсінікті жайт. Сол себепті біздің ұстаздар оқушының көпшіліктен сыртта, шеттеп қалмасын деген мақсатпен үнемі баламен телефон арқылы байланыста болды. Жазу мен оқуға енді машықтанып келе жатқан баланың кенжелеп қалмауына аса  мән берілді. Оқу жылын қашықтықтан «Мен кітапқұмар баламын» атты челленджден бастадық. Ертегінің қияли әлеміне баланы «сүңгітіп» жіберер кітап деген қасиетті дүниеге оқушыларымыздың қызығушылығын ояттық. Кішкентай шәкірттеріміздің  ертегі, әңгімелерді оқып, оны бейнеролик арқылы бал тілімен  әңгімелеп айтып жатуы біздер, ұстаздарды, әрине қуантты. Сондай-ақ, қашықтықтан ұйымдастырылған  «Алтын күз» мерекесінде оқушыларымыз  «Үздік қылқалам шебері» сурет сайысына  және  «Үздік  сән үлгісі» сайысына белсене қатысты.

2- сынып оқушысы Жанадилова Нұрсила «Үздік сән үлгісі» сайысына қолдан тіккен киімін көпшілік назарына ұсынуда.

 

«Ұстаздар күні» мерекесіне жас өркендер өздерінің ұстаздарына тақпақтарын бейнеролик арқылы жариялады. Сондай-ақ, оқушыларды отаншылдыққа тәрбиелей отырып, олардың  жаттау  және сөйлеу мәнерін қалыптастыру мақсатында «Тұңғыш Президент күні», «Тәуелсіздік күні» мерекесінде өлең оқу сайыстарын ұйымдастырып, оқушыларымыз үйден бейнеролик арқылы патриоттық   өлеңдер оқып, өз өнерін көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар,шәкірттеріміз жас ерекшеліктеріне қарамастан мектебімізде өткізілген түрлі экочеллендждерге де қатысты. Әрине, бұл шараның баланы жастайынан қоршаған ортаға құрметпен қарауға және  еңбекке баулудағы рөлі зор екені айтпаса да түсінікті жайт. Қыс мезгілдерінде қашықтықтан ұйымдастырылған «Үздік қысқы аула», «Қысқы ертегілер» сынды сайыстарда ертегілердің мазмұндаған балдырғандарымыздың бейнероликтерін  ата-аналармыз  жолдап жатты.

3-сынып оқушысы Кинаят Әлімжан оқыған бал тілімен балдырғандарға ертегі айтуда.

Сонымен қатар, биылғы жылы біздің  мектепте Наурыз мерекесін 14-наурыздан  23-наурыз аралығында ерекше атап өтті. Қашықтықтан атап өтілген әр күнге барлық бастауыш сынып оқушылары белсене қатысты. Атап айтар болсақ, «Жоралғы күні», «Ұлттық салт-дәстүрлер» күні сынды атаулы күндерде ата-әжелеріміз немерелеріне ұлттық салт-дәстүрлеріміз жайлы кеңінен бейнеролик арқылы мәлімет беріп, оқушыларымыз ұлттық ойындар ойнады. Әрине, бұл жерде айта кетер жайт, бастауыш сыныптарда өткізілген барлық шараларды ата-аналармен  бірлесе ұйымдастырылғанын баса айта кеткен жөн болар. Қашықтықтан оқытылғанына қарамастан, біздің оқушылар ұстаз жылуы мен қамқорлығын қашанда сезініп, ұстаз бен ата-аналардың бірлесе жұмыс атқаруы нәтижесінде, әр оқушымыз жеке тұлға ретінде қалыптасып келе жатыр деген ойдамыз.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.