Home » Жаңалықтар » Арман қала — Астана

Арман қала — Астана

Аруна Адыл,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы,
Қаратай Тұрысов атындағы
№53 мектеп-гимназиясының
11 “Ә” сынып оқушысы

Адам өмірін бір ғана қала өзгертіп жіберуі мүмкін. Мен үшін сондай шахар – Астана. Бұрын бұл әсем қаланы тек теледидардан, интернеттен көретінмін. Биік ғимараттарына, кең көшелеріне, жарқыраған шамдарына қызыға қарап: «Шіркін, осы қалада оқысам ғой»  деп армандайтынмын. Сол арманның жетегінде тарихи қала Тараздан ұзақ жолға шығып, еліміздің жүрегі – Астанаға алғаш аяқ басқан күнім әлі күнге дейін көз алдымда.

Қалаға келген сәттен-ақ мені ерекше бір сезім баурап алды. Бұл жай ғана үлкен қала емес еді. Бұл – арманның, үміттің, болашақтың қаласы болатын. Кең көшелерімен ағылған көліктер, асығыс жүріп бара жатқан адамдар, зәулім ғимараттардың көкпен таласқан келбеті мені таңдай қақтырды. Әрбір ғимараттың сәулеті өз алдына бір тарих айтып тұрғандай көрінді.

Алғаш көргенім – аспанмен тілдескен әсем «Бәйтерек». Бала күнімнен суреттерінен ғана көріп жүрген осы алып монументтің дәл жанында тұрғанымда жүрегім ерекше толқыды. Оның биігіне көтеріліп, қаланы жоғарыдан тамашалаған сәтте менің бойымды бұрын-соңды сезінбеген қуаныш кернеді. Төменде созылып жатқан кең көшелер, жасыл желекке оранған саябақтар, бір-бірімен үйлесім тапқан сәулетті ғимараттар маған ертегілер әлемін елестетті. Сол мезетте мен өзіме: «Мен бұл қалаға әлі талай ораламын. Бұл қала менің өмірімнің бір бөлшегіне айналады», – дедім.

Астананың әр көшесі, әр бұрышы мен үшін жаңалық болды. Кешкі уақытта шамдары самаладай жарқыраған даңғылдармен жүргенде, өзімді әлемнің ең көрікті қалаларының бірінде жүргендей сезіндім. Әсіресе, Есіл өзенінің жағасындағы серуен ешқашан есімнен кетпейді. Самал желдің лебі, өзеннің мөлдір толқыны, жағалаудағы әсем көпірлер мен заманауи ғимараттар жүрекке ерекше жылылық сыйлады.

Мені ерекше әсерге бөлеген орындардың бірі – Бейбітшілік және келісім сарайы болды. Оның өзгеше сәулеті адамды бірден өзіне тартады. Ал «Хан Шатырдың» алып күмбезі мен ішіндегі ерекше әлемі таңданысымды одан сайын арттырды. «Ақорда», «Тәуелсіздік сарайы», Ұлттық музей, зәулім мешіттер мен мәдени орталықтар – мұның бәрі Астананың тек әкімшілік орталық қана емес, руханият пен мәдениеттің де алтын бесігі екенін көрсетті.

Мен бұл қалаға қарап, Қазақстанның қандай қарқынмен дамып келе жатқанын анық сезіндім. Әрбір ғимарат елдің ертеңге деген сенімін бейнелейтіндей. Әрбір көше болашаққа бастайтын жол секілді. Астана – тек сәулетті қала емес, ол – тәуелсіз еліміздің айбыны, халқымыздың асқақ арманының орындалған көрінісі.

Таразда жүргенде Астана маған қол жетпейтін қиялдай көрінетін. Ал бүгін сол қиялдың ішінде жүргенімді сезіну – үлкен бақыт. Мен туған өлкемді ерекше жақсы көремін. Оның табиғаты да, адамдары да жүрегіме жақын. Бірақ Астанаға келгенде мен өзімді мүлде басқа әлемде жүргендей сезіндім. Бұл қала адамның арманына қанат бітіреді екен. Мұнда әр адам үлкен мақсатпен өмір сүретіндей көрінеді. Меніңше: АРМАН ҚАЛА – АСТАНА әр жасқа қанат бітіреді.

Менің де жүрегімде үлкен арман бар. Ол – қазақ журналистикасының жарқын жұлдызы болу. Болашақта халқымның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, ақиқатты ту еткен, елдің сеніміне ие болған журналист атанғым келеді. Журналист болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – үлкен жауапкершілік, адалдық пен шындыққа қызмет ету. Мен осы жолды саналы түрде таңдадым.

Менің ойымша, сол арманға жетудің ең дұрыс жолы – Астанада білім алу. Өйткені бұл қала – білім мен ғылымның, шығармашылық пен мүмкіндіктің ордасы. Осында еліміздің ең таңдаулы жоғары оқу орындары орналасқан. Тәжірибелі ұстаздардан білім алып, замандастарыммен бірге өсіп, өзімді жан-жақты дамытқым келеді. Болашақта журналист ретінде алғашқы қадамдарымды дәл осы елордада бастағым келеді.

Мен өзімді бірнеше жылдан кейін үлкен редакцияда еңбек етіп жүргенімді елестетемін. Мүмкін, республикалық телеарнада жаңалық жүргізермін. Мүмкін, белгілі газетте қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін мақалалар жазармын. Әлде халықаралық деңгейде қазақ журналистикасының абыройын асқақтататын тілші болармын. Қай салада еңбек етсем де, басты мақсатым – халқымның сенімінен шығу, туған елімнің дамуына өз үлесімді қосу.

Менің мақалаларымды оқыған жастардың жүрегінде үміт оянса, ауылдағы балалардың арманына қанат бітсе, қоғамда әділдік пен шындықтың салтанат құруына аз да болса ықпал ете алсам – өмірімнің мәні сол болар еді. Мен журналистиканы тек ақпарат тарату құралы емес, адамдардың тағдырын жақсартуға мүмкіндік беретін үлкен күш деп түсінемін.

Астана менің осы армандарымды бұрынғыдан да айқындай түсті. Бұл қала маған батыл болуды, үлкен мақсат қоюды, еңбектенуден қорықпауды үйретті. Осында жүрген әрбір адамның жүзінен ертеңге деген сенімді көрдім. Сол сенім менің де жүрегіме ұялады.

Кейде кешкісін Есілдің жағасында тұрып, қаланың самаладай жарық шамдарына ұзақ қараймын. Сол сәтте жүрегімде ерекше сезім пайда болады. Мен бұл қаланы бұрыннан білетіндеймін. Оның әр көшесі, әр ғимараты маған жылы әсер сыйлайды. Астана мені өзіне баурап алды. Бұл шаһардың тынысы менің жүрегімнің соғысымен үндесіп кеткендей.

Мен өз болашағымды дәл осы елордамен байланыстырамын. Бұл қалада білім алып, халқым үшін қызмет етемін деп сенемін. Бірақ мен оған жету үшін аянбай еңбек етемін.

Астана – мен үшін жай ғана Қазақстанның бас қаласы емес. Ол – менің үмітімнің мекені, болашағымның бастауы. Бұл қала маған өзіме деген сенімді сыйлады, жүрегіме жігер ұялатты. Сондықтан мен әрдайым мақтанышпен:

Тебірене тұрып: «Астана – жүрегімнің лүпілі! Астана – арманымның асқақ шыңы! Астана – менің болашағым!» – дегім келеді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.