«Ұстаз болу – өзіңнің біліміңді ғана емес, жүрегің мен жаныңды шәкіртіңе арнау.»
Беньямин Мирко
Ұстаз… Қанша терең мағына, қанша шексіз мейірім мен шыдамдылық, қанша жанкештілік пен адалдық жатыр бұл сөздің астарында. Ұстаздық – жай ғана жұмыс емес, бұл өмірдің мәні, жүректен шыққан шынайы қызмет. Өзгенің өміріне өзгеріс енгізе отырып, оны жақсылыққа жетелеу – әр ұстаздың ұлы мақсаты. Мен сүйетін мамандық – осы. Ұстаз болу – оңай емес. Бәлкім, ең қиын, бірақ ең қадірлі де қасиетті мамандықтардың бірі шығар. Себебі, біз тек білім беріп қана қоймаймыз, болашаққа бағдар береміз. Ұстаздық – жауапкершіліктің ең ауыр жүгін арқалаған жол. Әрбір бала – болашақ. Оның тағдыры мен болашағы ұстаздың қолында деп сеніммен айтуға болады. Бір баланың жеткен жетістігі – ұстаздың өз жеңісі. Ал оның қателігі, сүрінуі – біздің де жанымызды ауыртады.Ұстаздық жолдың ең қиын тұсы – жүрекке түскен жүк. Оқушының көздерінен үміт пен сенімнің сәулесін көру, әрбір сәтінде оның дамуына қол ұшын беру – бізге ең үлкен жауапкершілік жүктейді. Кейде шаршайсың, кейде тіпті қолыңнан ештеңе келмейтіндей көрінеді. Бірақ бала әрқашан жүрегіңе үміт отын жағады. Ол сенің күш-қуатыңның қайнар көзі.
Мұғалімнің жүрегі – махаббат пен мейірімнің мәңгілік мекені. Ұстаз шәкірттерін туған балаларындай жақсы көріп, олар үшін алаңдайды, қуанады, қамқорлық танытады. Қанша балаға қамқорлық көрсеткен сайын, оның жүрегі де кеңейе түседі, сүйіспеншілігі артады. Әрбір шәкірттің алға қойған мақсатына жетуі – ұстаз үшін ерекше бақыт.
Ұстаз болу – тек білім беру ғана емес. Бұл – рухани байлықты бөлісу, адамгершілік қағидаларды насихаттау, жақсы мен жаманның аражігін ажыратуға көмектесу. Ұстаз – қоғамның айнасы. Өйткені, әрбір бала – сол қоғамның бір бөлшегі, ертеңгі елдің болашағы. Біз сол болашаққа жол сілтеп, олардың өмір жолын қалыптастырамыз.
Кейде сабақтан шаршап шығып, оқушының бір қателігі үшін өзіңді кінәлі сезінесің. «Қалай дұрыс бағыт көрсетпедім?», «Неге түсіндіре алмадым?» деген ойлар жүректі мазалайды. Бірақ әр сәтте шәкірттеріңнің алға жылжығанын көргенде, сол қиындықтар мен күмәндардың бәрі де бос екенін түсінесің. Олардың жетістігі – сенің еңбегіңнің жемісі. Бұл – ұстаз үшін ең үлкен марапат.
Ұстаз болу – өнер, ол мәңгілік туындай беретін ізгілік. Ұстаз – ар мен ақиқаттың қорғаушысы. Ол балалардың болашаққа жарқын қадам басуына жол сілтейді. Бұл жол – мәңгі өшпейтін, әрдайым ізгілікті насихаттайтын жол. Мен ұстаз болғаным үшін, шәкірттерімнің жүрегінен орын тапқаным үшін өзімді бақытты санаймын.
Ұстаздық – бұл тек мамандық емес, бұл – өмір сүру философиясы. Қанша қиындық пен сынақтар болса да, баланың болашағы үшін барлық ауыртпалыққа төзуге тұратын жол. Сол жолда сенің де жүрегің сынуы мүмкін, бірақ ол бала үшін берілген құрбандыққа әрқашан тұрарлық. Жүректің терең түбінде жатқан бұл сезімдер ұстаздың жанын әрқашан жылатады, бірақ сол көз жасы оның шынайы бақытқа кенелуінің белгісі. Мен жоғарыда сөзін мысалға келтірген профессор кітабынан мынандай оқиғаны оқыдым:
«Огайо штатының, Сент – Робенс қаласында әлемдегі ең керемет адамдарды бірі тұрады. Ұстаз Роберт Уильямс – өз өмірін толықтай шәкірттеріне арнаған адам. Оның тағдыры мен өмір жолы көптеген адамға ой салып, жүректерді тебірентіп, көзге жас үйіреді.
Роберт жас кезінде білімге құштар, ұстаздыққа шын берілген жан еді. Ол өзінің оқушыларын оқытып, олардың болашағы үшін барын салатын. Бірақ өмірдің қатал сынақтары оны да айналып өтпеді. Роберт үлкен қаржылық қиындықтарға тап болды. Оның айлық жалақысы күнделікті өмір сүруге жетпейтін еді. Қаладағы жалға алынған пәтерінің құнын төлей алмай, ол ақыры қаңғыбастар үйіне көшуге мәжбүр болды. Бұл оның тағдырындағы ең ауыр сәттердің бірі еді, бірақ ол ешкімге мұңын шағып, арызданған жоқ.Роберт қаңғыбастар үйінде тұрса да, оқытуды тоқтатпады. Оның шәкірттері көбінесе қоғамның шеткері топтарынан шыққан, геттода өмір сүрген балалар болатын. Бұзақы, қиын мінезді, ешкімге сенбейтін балалар Роберттің алдына келіп, алғашқыда оны да тыңдамайтын. Олар да өмірдің талай ауыртпалығын көрген еді, білімге құштарлықтары өшіп, үміттерін жоғалтқан болатын. Бірақ Роберт бұл балаларға жүрегімен жақын келіп, оларды білімге ынталандырды. Ол балалардың ішкі жан дүниесін түсініп, олардың тағдырын өзгертуге бел буды. Ол білім беріп қана қоймай, олардың сенімін оятып, қолдау көрсетті. Роберттің алдына келген әрбір бала оның өзіне деген шынайы қамқорлығын сезініп, өмірге басқа көзқараспен қарауға үйренді.
Роберт өзі қаңғыбастар үйінде тұрса да, әлеуметтік көмек орталығынан тамақ ішсе де, бұл оны тоқтатпады. Ол күн сайын мектепке барып, шәкірттерімен жұмыс істеді. Бұл балалардың көбісі қоғамның бетке ұстар азаматтарына айналмас еді, егер Роберттің тәрбиесі мен білімі болмағанда. Роберт оларды тек қана мектепті аяқтатып қоймай, университетке түсуге ынталандырды. Оқушылардың көбі бұзақылықты тастап, білім жолын таңдап, университетке түсіп, өз өмірлерін түбегейлі өзгертті.
Жылдар өтті. Роберттің шәкірттері өсті, білім алды, жақсы мамандықтарға ие болды. Олар өз ұстаздарының еңбегін ешқашан ұмытқан жоқ. Кезінде өмірге үмітсіз қарап, ештеңеге сенбеген балалар енді табысты, қоғамға пайдалы адамдарға айналды. Олар бір күні бас қосып, Робертке деген ерекше алғыстарын білдіруді ұйғарды. Ұстаздарының өзі әлі де болса қиын жағдайда өмір сүріп жүргенін естіген олар үлкен сый жасауды жөн көрді.
Бұрынғы шәкірттері Робертке арнап, үлкен, зәулім үй алып берді. Ол үшін күтпеген сыйлық еді. Қаңғыбастар үйінде жүргенде де, ол мұндай сыйлықты ешқашан сұрамаған болатын. Бірақ оның мейірімділігі мен жанқияр еңбегі босқа кетпеген еді. Шәкірттері ұстаздарын ешқашан ұмытпай, оған деген шынайы алғыстарын осылай білдірді. Зәулім үйдің алдында жылаған Роберт сол сәтте өзінің өмірлік мақсатына жеткенін сезді. Ол балалардың жүрегіне үміт отын жаға алған ұстаз екенін ұқты.
Роберттің өмірі бізге үлкен ой салады. Ол өзінің өмірін толықтай шәкірттеріне арнап, қиындыққа мойымай, ең ұлы жетістікке жетті – балалардың жүрегінде мәңгілік орын тапты. Ұстаздың ең үлкен марапаты – шәкірттерінің жетістігі мен адалдығы.
Мен ұстаз болғаныма қуанамын, бірақ бұл қуаныштың артында талай күндер мен түндер бойы толғаныс, күйзеліс, жауапкершіліктің ауыр жүгін сезіну жатыр. Бірақ дәл сол кезде әрбір баланың көзіне қарап, олардың сенімін сезінгенде, осы мамандықтың ең ұлы, ең мәнді жол екенін түсінесің. Ұстаз болу – өзіңнің жүрегіңді басқаларға арнау деген сөз. Бұл мақаламды өз жүрегімнен шыққан мына бір өлең жолдарымен аяқтағым келеді:
Жүректен бердік төріңді,
Балаға болдың көп үлгі.
Адамның арман, мақсаты,
Өзіңе ғана көрінді.
Аямай жұмсап уақытты,
Білімнен іздеп жақұтты.
Балаға қанат бітіріп,
Баладан таптың бақытты.
Балаға салып даңғылды,
Аралап жүрдің сан қырды.
Бұзықты адам қылам деп,
Тезге де тарттың тағдырды.
Берсе де өмір келтесін,
Бақыттың сырын шертесін.
Өз балаң тұрмақ әр үйдің,
Өсірдің бір -бір еркесін.
Өзімде солай келемін,
Ұстаздық болды- ерегім.
«Ұзтаздық» деген ұғымға,
Ескерткіш болсын өлеңім.
Тәрбие болған сыңарың,
Биікте тұрған шыңарым.
Денің сау, ғұмыр ұзақ боп,
Аман жүрші -Мұғалім….
Мереке құтты болсын, құрметті әріптестер!
Алматы қаласы, Медеу ауданы,
№33 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Кенжебаева Мөлдір Баршабекқызы