Home » Жаңалықтар » «Ғажайып ғарыш»

«Ғажайып ғарыш»

Бүгін, Алматы қаласы Бостандық ауданына қарасты «№80-ші бөбекжай-балабақшасы» Бесетаева Жадыра Серікқызының басшылығымен, қала бойынша мобильдік топтың жоспарына сәйкес, практикалық және теориялық екі бөлімнен тұратын «Ғажайып ғарыш» атты инновациялық технологияларды пайдалану арқылы драматизациялау тақырыбында іс-шара өткізді.

Есікке ентелеп келіп, табалдырықты аттағаннан, ғажайып әлемнің қақпасын айқара ашқанымды түсіндім, кенеттен көзіме балалардың қолымен жасалған көрменің заттары оттай басылды.
Не деген ғажап, өз көзіме өзім сене алар емеспін,- деп таңырқап тұрып қалдым. Бұндай дүниелерді жасау үшін, ұшқыр қиял мен қолөнер шебері болу керек шығар…

Міне нағыз тәрбие мен тәлімнің мекені деген оймен , үстіңгі қабатқа көтерілдім.
Дәлізден бастап аспан мен жердің арасында жүргендей сезімде бөлмеге ендім, жартылай қараңғы бөлмеде ғарышқа ұшып кеттім. Мынау неткен керемет әлем?!

Тәрбиеші: Тұрмағанбетова Қарлығаш Оралбайқызының жетекшілігімен «Қуырмаш» мектепалды даярлық орыс тобының тәрбиеленушілері ән салып, би-билеп өз өнерлерін көрсетті. Туғанынан ерекше қамқорлықпен білімді қажет ететін бүлдіршіндердің «Ғажайып ғарыш» әлеміне деген ынтызарлығы көрерменді баурап алып, аспан әлеміне алып ұшып, ерекше естен кетпес әсер қалдырғаны рас.
Ертегілер елінен келген кейіпкер, Алпамыс батыр да бүгінгі іс шараға мінез беріп, өрлік пен батырлықты дәріптеп жеткіншектерді жігерлендіре білді.

Қазақстанды әлемге әйгілі етіп, ғарышқа есігін айқара ашқан «Байқоңыр» космодромынан сапар шеккен ғарышкерлердің ерлігін еске түсірген бүлдіршіндер, аспан денелерінің құрлысы мен пішіні туралы жарыса айтып, тәжірибелік сынақтарды да көркем түрде көрерменге ұсына білді.

Күллі әлемге сәулесін шашып, алаулап жанып тұрған күннен бастап, тоғыз планета туралы ойларын толғандыра айтқан бүлдіршіндерден аспан денелері турасында мағлұмат ала отырып, ғарыштың ғажайыбын сезіне білдік. Жердегі тыныс тіршіліктің көркемдігін сөзбен суреттеген балапандар өзен мен көлдің, орман мен таудың, жан-жануарлар мен құстардың, жайқалған жасыл желекпен гүлдердің әдемілігін құдды өздерінің бойына сіңіргендей…
Ал, жұлдыз болып жарқырап, жымыңдап би билеген қыздарды көріп көзайым болып, тамсанып таңдай қақтық.

Осы ретте баланың бабын тауып, бағын жаққан, тәлімі мен тәрбиесі көпшілікті тәнті еткен тәрбиешілердің ерен еңбегінің зор екенін ескерген жөн.
Музыка жетекшісі: Сапарова Бақыт Сапарқызы мен қазақ тілі мұғалімі Искендерова Разия Рсалықызы сонымен қатар роль сомдаған педагогтер: Қосуақова Арайлым Бисембайқызы, логопед Усенова Айжан Полатқызы және дене тәрбиесі нұсқаушысы Оразхан Тәттібек Бақтиярұлының еңбектерін айтсаңызшы.
Шыдамдылықпен білімнің шыңына шыққан жандардың жүрегінің жылуы, жанардағы мейірімге ұласып, күллі әлемге махаббатты паш еткендей.
Рахмет сіздерге балалардың бақшасының бағбандары!!!

БІЛІМ АЙНАСЫ
Алматы
Назира Сұлтанмұратқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.