Home » Жаңалықтар » «Әлем елдері достығы»

«Әлем елдері достығы»

Бүгін Алматы қаласы, Түркісіб ауданының №142 ЖББ мектебінде «Әлем елдері достығы» тақырыбы аясында 1 мамыр – Бейбітшілік мерекесі қарсаңында татулық пен достықты дәріптеген іс-шара өтті.

Нағыз достар ары таза тамаша,
Арманымен бірге өсер таласа.
Шіркін достар барлығы да бірдей боп,
Адамдықты, адалдықты қаласа,- демекші, бүгінгі кештің атмосферасы да татулық пен бірлікке, достық пен сенімге тұнды.

Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа татулық пен достықты дәріптеп, бейбіт елдің бесігіндегі ұрпақтың болашағының жарқын екенін санасына сіңіру болды.

 

Іс-шараға әскери қақтығыстардың ардагерлерімен бірге аудандық Қазақ патриотизмін тәрбиелеу комиссиясының басшысы Лариса Григориқызы Казедуб пен орынбасары Ельцова Лариса Викторқызы, сержант Қадыров Акрамжан Ахметұлы және ҚР ІІМ запастағы подполковнигі Найзабеков Дәукен Кәукенұлы қатысты.

Тәрбиеге, отансүйгіштікке толы тағылым берген Найзабеков Дәукен Кәукенұлы: «Біз негізінен жастарға отансүйгіштік тәрбие беру мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен, білім басқармасымен, әкімшілікпен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Біз үкіметтен не аламыз деп емес, үкіметке не бере аламыз деп әрекет етеміз»,- деп сөзін аяқтады.
Жауқазындай жастық шағының бір бөлігін оқ пен от арасында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-есен оралған ардагерлеріміз майданда қаза болғандар мен қайтыс болған қандастарымызды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны баршамызға мәлім, іс-шараға келген қонақтар ұлттар мен ұлыстардың басын қосып отырған, Қазақ еліндегі бейбітшілік пен достықты бекем ететін ауызбіршілікке жастарымызды шақырып, еліміздің іргесінің беріктігі бірлікте екенін айтып, жастарға жүрек жарды тілектерін білдірді.

 

Бейбіт елдің ұл-қыздары әр ұлттың биін билеп әнін салып қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Қонақтар іс-шараға мұрындық болған мектеп ұжымы мен оқушыларды алғыс хаттармен марапаттады.

Өз кезегінде сөз алған мектеп директоры Сапанова Гүлшат Ерболатқызы жастарымызға жақсылықты, достықты, татулықты үлгі ететін осындай мерекелік шаралардың жиі ұйымдастырылып тұруын қолдайтынын жеткізе отырып: «Ел боламыз десек еңсемізді биік ұстап, өрімдей жас ұрпаққа пайдалы, сапалы білімді бере білсек, салиқалы, саналы ұрпақты тәрбиелеп шығамыз»,- деп сөзін аяқтады.

Достық, бейбітшілік адамның ақылы мен санасынан бастау алып, жүрегіндегі мейірім мен махаббатқа ұласатыны сөзсіз. Ендеше, еліміздің ертеңі, жарқын болашағы бекем болсын десек, саналы ұрпақтың сапалы ғұмыр сүруіне ат салысу қажет.

 

БІЛІМ АЙНАСЫ
Алматы
Назира Сұлтанмұратқызы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.