Home » Жаңалықтар » Халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту жолы — шешендік өнер

Халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту жолы — шешендік өнер

                                                 Ауыз әдебиеті —  жазба әдебиетінің  анасы.
 Шешендік сөз – халық даналығы,
ақыл – ойдың құймасы, әдеби тілдің бастауы…

Б.Адамбаев.

  Бүгінгі қоғам бізден ұлттық дәстүрдегі тіл үлгілерін жетік білумен бірге іскерлік қарым -қатынастағы оқу, жазу, сөйлеу дағдыларын халықтық негізде қалыптастыруымызды талап етеді.

Осындай тілдік дағдыларды қалыптастыруда сөйлеу, жазу түрлеріне машықтануда талдау мен талқылау, үйрену сияқты түрлі жаттығудың жазбаша, ауызша жұмыстарын көбірек жүргізген жөн. Тілді үйрену – өз ұлтыңды тану. Ұлттық тілді білу ұлт ділін, қасиетін, мінезін, ойын, жан -дүниесін, сырын білу екенін, халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту болатынын естен шығармағанымыз дұрыс.

Тілді оқулықтан ғана үйрену өте мардымсыз болады. Бай қазынаны игеру қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді оқып, би-шешендеріміздің шешендік сөздерінен шешендік өнерді меңгеру, азамат болып өсудің алды болып табылатынын түсінген жөн.

Халқымызда «сөйлей – сөйлей шешен, көре -көре көсем болған» деген даналық бар. Ертеде ел ішінде үздіксіз болып тұратын дау, жанжал, ұрыс -қақтығысты, ауыл ішіндегі ала көздікті, шешендер бір-ақ ауыз сөзбен шешімін, кесімін айтып тоқтатқан. Сондықтан би, шешендер дала демократиясының дамуына бірден бір үлес қосып отырған тұлғалар. Олардың қара қылды қақ жарған әділдігіне куә бола отырып, адам ойы, логикасы, психологиясы, философияның кіріккен биігі – сөз өнері шыңы екеніне көз жеткіземіз. Шешендік өнерді меңгергенде өз ойымызды асқан сабырмен, дәлелдер мен дәйектер келтіре отырып дәлелдеуге, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығаруға, сөзімізді мақал-мәтелдермен, нақыл сөздермен өрнектеуге дағдыланамыз.

Жалпы шешендік өнер дегеніміз қандай ғылым екеніне тоқталатын болсам. Шешендік өнер –  өзінің зерттеу нысанасы, белгіленген теориясы, сандаған жылдардан бергі тарихы бар пәндердің бірі. Қолданбалы пәндердің қатарына жататын шешендік өнер кешенді білім жүйесін құрайды. Бұл білім сөйлеу этикасын жетілдіру, тілді әлеуметтік қызметіне қарай жұмсай білу, өз пікірін жеткізу, сендірумен бірге сөз арқылы оқыту, тәрбиелеу мақсаттарын қояды.  Шешендік өнер тек құрғақ білімді жатқа білу емес, оның ерекшелігі де сол кез келген ортаның ыңғайына қарай сөйлеушінің өзін ұстай алуы, дұрыс ойын жеркізе алуымен бірге аталған шарттардың тәжірбиені де көп қажет ететіндігінде. Бүгінгі қоғам бізден әр адамның өз пікірін, өз ой -көзқарасын орнымен, өз мақсат мүддесі тұрғысынан жетік жеткізіп, қойылған сұрақтарға жауап бере білуді қажет етеді. Пікірлесе алу, ой тастау, пікірталастыра білу адамның білімін, білігін, сөз байлығын танытумен бірге қоғамдағы орнын да анықтайды.

Сөз шеберлігі – әдеби тілде сөйлеу, сондай -ақ түрлі тілдік амал -тәсілдерді мағыналық, формалық, стильдік сипаттарына сай ұтымды талғап таңдай білу. Сөйлеудегі қажетті тұстарды қалап, таңдау үшін шешендік өнердің қыр -сырын білуіміз керекпіз. Шешендік өнердің тарихы сонау ерте замандардан басталады. Адамзат баласы игерген алғашқы, әлі желісі үзілмей келе жатқан өнердің бірі. Оның тарихын білу халық тарихын білумен бірге, сөйлеу мәдениетін, әдебін үйрену, сөздерді дұрыс таңдай алу ерекшеліктеріне жаттығу. Шешендік өнер қоғамның саяси -экономикалық, әлеуметтік негіздері қажеттіліктерінен туған. Шешендік өнердің басты сипаты, сөзді, сөйлеуді түрлі амал – тәсілдермен көркемдеп, ұтымды жеткізу мен шешеннің дарыны мен терең білім, ақылына қатысты екені танылды.

Шешендік өнердің мақсаты – көпшілікті басқару, белгілі бір идеяға ұйыту, бағыттау құралы болуымен бірге, сөздің қоғамдық мәнін анықтау, қадір -қасиетіне сендіру, тілдің қоғамдағы ең негізгі, басты күш екеніне көз жеткізу мақсатында жұмсалады. Қалай болғанда да сөйлеудің мақсаты, мазмұны, шарты – таным мен білім құралы болу, сондай -ақ, адамгершілік қасиеттерге үндеу, қоғамдағы келеңсіздіктерді сынау, адамның рухани дамуының негізгі көзі екеніне сендіру.

Шешендік өнер — көрген-білгенді көкейге тоқып, көп үйреніп ізденудің арқасында талай айтыс-тартысқа түсіп, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер.

Шешендік өнердің қиындығы туралы Бұқар жырау:

…Көш бастау қиын емес –

Қонатын жерде су бар.

Қол бастау қиын емес –

Шабатын жерде жау бар.

Шаршы топта сөз бастау қиын –

Шешімін таппас дау бар, –

деп дұрыс аңғартады.

Нағыз шешен үшін сөзге шебер болу жеткіліксіз. Табанда тауып сөйлейтін тапқыр, топ алдында тайсалмай, мүдірмей сөз бастайтын батыл, сөз сайысында саспайтын сабырлы болуы қажет.

Алибекова Баян Байкеновна
Ақмола облысы Целиноград ауданы
«Қабанбай батыр ауылының
жалпы білім беретін орта мектебі » КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
педагог – зерттеуші

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.