2024 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде «Наурызнама» тұжырымдамасы бекітіліп, аталған тұжырымдама негізінде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы елімізде 14 наурыздан бастап тойлана бастады. Көрісу күнінен бастау алатын мерекелік іс-шаралар 23-наурызға дейін жалғасын тапты. Әрбір күн белгілі бір тақырыптық негізге бекітіліп, он күн бойы өткізілген салтанат ізгі амалдарға, мәдени сауық кештер мен әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеуге арналды. Наурыз тұжырымдамасын қолдау мақсатында М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінде көптеген іс-шаралар өткізілді. Осы аталған мерекелік іс-шаралардың алғашқы күнінде, яғни 14 наурыз күні мектебімізде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған «Мектеп бағында оқушылардың клубтық — шығармашылық жұмыстарының гүлдене дамып, сиқырлы сөз арқылы ой биігіне шығу тәжірибесін көрсету» атты қалалық семинар өтті. Семинардың басты мақсаты, мектебімізде белсенді жұмыс атқарып жатқан клубтардың жұмыстарын дәріптеу, сонымен қатар мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды ілгерілету болды. М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінде бүгінгі таңда 16 клуб жұмыс атқарады. Атап айтатын болсақ: «Ғибрат» әжелер клубы, «Ұлағат» әкелер клубы, «Тұмар» қыздар клубы, «Қаһарман» ұлдар клубы, «Тоғызқұмалақ», «Шахмат», «Хореография», «Пресс-центр» жас журналистер клубы, экскурсия клубы, театрдың ғажайып әлемі клубы, ӘПК «Жас сарбаз» және спорт клубтары. Аталған клуб мүшелері білім алушылармен жүйелі түрде түрлі іс-шаралар, атақты ақын-жазушылар, еңбек қайраткерлері, қоғам белсенділерімен кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізіп отырады.
14 наурыз Көрісу күніне тұспа-тұс өткізілген семинар барысында мектебіміздің белсенді клубының бірі, «Ғибрат» әжелер клубы қатысып, семинар қатысушыларының назарына Қазақ халқы дәстүрлерінің бірі “Тұсау кесер” рәсімі көрсетілді. Әжелер клубының басты мақсаты отбасында әже мен немере арасындағы қарым-қатынасты нығайту, өскелең ұрпаққа қазақ халқының салт дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын және ұлт құндылықтарын дәріптеу болып табылады.
Сонымен қатар семинарда әкелер клубы мен қыздар клубы қатысушыларға ұлттық нақышта жасалған қол өнер көрмесін ұсынды. Бұл көрменің мақсаты аға ұрпақ пен жастар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту, ұлттық бұйымдарға деген қызығушылықтарын ояту болды.
Мектебімізде жаңадан бой көтеріп, дамып келе жатқан театрдың ғажайып әлемі клуб мүшелері де өз өнерлерін көрсетті. Қалалық семинарда осы клуб мүшелері екі түрлі ертегіден «Колобок» және «Снежная королева» қойылымдарын көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді десек болады. Наурызнама тұжырымдамасы барысында ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылған челлендждерге мектебіміздің тоғызқұмалақ, спорттық клубтарымыз да белсене қатысты. Өткізілген челлендждердің басты мақсаты — оқушылар арасында ұлттық ойын түрлерін дәріптеу, өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулу, ақыл-ой қасиеттерін дамыту, ұлттық рухты көтеру болып табылады. Сондай-ақ Наурызнама тұжырымдамасын орындау кезінде мектебіміздің білім алушылары мен мұғалімдері ұлттық киім күніне де белсене қатысып, ұлттық киімді ұлықтауға барынша ат салысты. Тағы бір айта кететін мәселе, мектебіміздің бүлдіршіндері қайырымдылық күніне де немқұрайлықпен қарамай, өзара көмек қолын созуға белсене қатысып, қайырылымдылық жәрмекесін ұйымдастырды. Себебі өзара көмек беру біздің Ұлы даламызда ұдайы қолданылып, ата-бабамыздан келе жатқан мұра, сонымен қатар мейірімділік халықты біртұтас етіп біріктіретін басты құрал болып табылады. Наурызнама тұжырымдамасының соңғы күні, тазалық күні де еленбей қалған жоқ. Бұл күні мектебіміздің 4,9,11 сыныптары мектеп ауласын тазартып, жасыл Алматы символы ретінде жаңа ағаштар отырғызып, еліміздің, қаламыздың экологиясын жаңартуға өз үлестерін қосты.
Мектеп-лицейіміздің директоры А.Т. Медетбекова атап өткендей, білім ордасы тек білім беріп қана қоймай, сонымен қатар білім алушыларға шығармашылық және әлеуметтік даму үшін шабыттандыратын орта жасауға ұмтылуымыз қажет. Біздің басты миссиямыз — көшбасшылар мен интеллектуалды дамыған, ұлттық құндылықтарды бағалайтын азаматтарды қалыптастыра отырып, оқушылардың білім мен жан-жақты дамуына үлес қосу және қолдау болып табылады.
Алматы қаласы, Медеу ауданы,
М. Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейі,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Сейдуллаева Сауле Абдукадировна
Ұлттық дәстүр мен өнегемізді дәріптейтін семинарларыңыз көбейе берсін, ең жоғарғы деңгейде өткізе беріңіздер, еңбектеріңіз жана берсін, ісіңіз алға баса берсін, Наурыз құтты болсын!