Home » Жаңалықтар » Жаңа Қазақстанның, жаңа мектебі!

Жаңа Қазақстанның, жаңа мектебі!

Жуырда Алматы қаласы Түркісіб ауданындағы №170 жалпы білім беретін мектептің қонағы болдық. Мектеп «Жаңа Қазақстан» талаптарына сай, заманауи технологиялармен жабдықталған. Мектеп директоры Тастанбекова Гулнар Молдабекқызының бастауымен құралған креативті ұжым мүшелерімен таныстық. Алпыс алты жылдық тарихы бар мектепте олимпиада, ғылыми жоба, түрлі мұғалімдер байқауларының жеңімпаздары жаңа стадандарт бойынша білім берудің жемісін дамытуда. Сондай атаулы іс-шаралардың бірі, гуманитарлық бағыттағы пәндер апталығының салтанатты ашылу сәтіне тұспа-тұс түсті.
Тарих мұғалімі Егинченова Нұржауған Темірханқызының «Қазақ хандығының құрылуы» атты 6 «а» сыныбындағы ашық сабақтың куәгері болдық. Ашық сабақтың мақсаты қазақ хандығының құрылуы, тарихи маңызы, этникалық құрамы, көрші елдермен қарым-қатынасы туралы мағлұмат бере отырып, еліміздің өткен тарихына құрметпен қарауға, елін, жерін сүюге, қорғауға баулыды. Сабақ — география, қазақ тілі, дүние жүзі тарихы пәндерімен біріктірілді. Ашық сабақ барысында оқушыларға қазақ хандығының құрылуы жөнінде қазақ тілінде танымдық бейнероликтер көрсетіле отырып, ұлттық тәрбиені насихаттады. Оқушылар тапсырмаларды орындап, қазақ тілге деген құрметі мен қызығушылығын айға таңба басқандай айқын көрсете білді.
«Тәрбиелік мәні бар жан-жақты жоғары деңгейдегі сабақ болды. Оқушылар кезең бойынша берілген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындады. Орыс сыныбы болғанымен қазақ тарихын және қазақ тілін жақсы білетіндері көрінді. Балалардың тарих пәніне деген қызығушылықтары мен жетістіктері ерекше әсер қалдырды» — деп директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Кутлукмаметова Гулинур Джалалқызы мақтанышпен өз сөздерін жеткізді.
«Бұл кісі енді тарих пәнінің құлағында ойнап жүрген, кәсіби маман ғой. Сондықтан біз Нұржауған Темірханқызының ашық сабағынан жақсы әсер алдық. Бір айта кетерлігі, балаларға құрғақ материал дайындалмаған, жан жақты, барлық мүмкіншілікті пайдаланған. Жалпы, ашық сабақ деген — сын ғой. Кез келген мұғалім уайымдайтыны сөзсіз.» — деп орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Досымбаева Бақыт Төлегенқызы өз ойымен бөлісті.

«BILIM AINASY»,
Есен Елекен,
Алматы қаласы 

One comment

  1. Евгения

    Ученики170 школы, молодцы!!! Ребята отлично знают историю своего Казахстана!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.