Home » Жаңалықтар » ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Ұстаздар күні – шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, бойларына ең ізгі қасиеттерді дарыта білген асыл жандардың төл мерекесі.  Келешек ұрпаққа  адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беруде ұстаздың атқарған еңбегі зор. Еңбегі еселі, қызметі қажырлы жандарға ұстаздар күні қарсаңында құрмет көрсетіп, үздіктерін марапаттау —  лайықты сый.  Бұл игі дәстүр биыл да заңды жалғасын тауып, Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында  үздік мұғалімдерді марапаттау шарасы өтті. Салтанатты жиынға қатысқан Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Еліміздің болашағын тәрбиелеп, терең біліммен қаруландырып жүрген ұстаздарымызға  қанша мақтау айтсақ та аздық етеді. Үлкен өмірге дайындау, дұрыс бағыт-бағдар беру тек білікті ұстаздарымыздың қолынан келеді», — деп мұғалім мәртебесінің зор екендігін тілге тиек етті.

Сонымен қатар салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Б.Т.Жұмағұлов, Д.Ж.Нөкетаева, Экологиялық ұйымдар қауымдастығы Президиумінің Төрайымы, қоғам қайраткері А.Назарбаева және өзге де білгілі тұлғалар қатысты.

Мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесі мен беделін арттыру, үздік мұғалімдердің жинақтаған іс-тәжірибелерін қалың жұртшылыққа тарату мақсатында өткізіліп келе жатқан айтулы шараға биыл 8 жыл толып отыр. Биылғы жылы республика бойынша 64 мұғалім үздік деп танылып, «Үздік педагог-2019» төсбелгісінің иегерлері атанды. Сонымен қатар, 11 мұғалімге «Қазақстан мұғалімі» мәртебелі атағы табысталып, ұстаздар «Әлем мұғалімі» байқауына қатысуға жолдама алды.

Шара барысында бірқатар ұстаздарымызға білім беру саласын дамытудағы көпжылдық жемісті жұмысы және сіңірген еңбегі үшін  «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табыс етілді. Бұл құрметті марапатқа білім беру саласында жарты ғасырға жуық жемісті қызмет атқарып, бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған белгілі мұғалім, Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, біздің үлгі тұтар дара ұстазымыз Кабидолданова Куляш Чекербековна ие болды. Ұстазымызды осынау жоғары марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Өшпес өнеге мен таптырмас үлгігіге айналған аяулы ұстазымызға зор денсаулық, таусылмас күш-қайрат тілейміз! Ұдайы ұлт болашағын ойлап, білім көшін алға сүйреген өзіңіздей дара ұстазға ерекше алғысымызды білдіреміз!

Елорданың төрінде еңбегі еленген ұстазымыз Куляш Чекербековнаны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов марапаттады. Ақылын аямайтын, шәкіртін аялайтын ұстазымыздың құрметіне төмендегі өлең жолдарын арнаймыз:

Салиқалы ұрпақ қосып қатарға,

Із қалдырған үлгі болып жастарға.

Сіздей ұстаз тәлім берген шәкіртте.

Одан асқан арман бар ма? Бақ бар ма?

 

Бүгін міне еңбегіңіз ақталды,

Ел төрінде шарықтады ұлы есім.

«Ұстаз» деген дара атыңыз жатталды,

Түкпірінде алып ұшқан жүректің.

 

Жүріп өткен әр жолыңыз өнеге,

Айтып өткен әр сөзіңіз өсиет,

Құтты болсын, атағыңыз құрметті

Тұлғаңызға бүгінгі ұрпақ бас иед(і)!

 

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.