Home » Жаңалықтар » Білім және ғылым министрі ҰБТ алаңында

Білім және ғылым министрі ҰБТ алаңында

Бүгін, яғни 2019 жылдың 20 маусымында еліміздің барлық аймағында жоғары оқу орындарының гранттарын сарапқа салатын ұлттық бірыңғай тестілеу басталып кетті. Еліміздің бас шаһары Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия ұлттық университетінде  басталған мектеп түлектерінің сынағына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов арнайы келіп, емтихан тапсырушы үміткерлерге өзінің жылы лебізін білдірді.

Емтиханға қатысушылар ішінен шыққан ерікті үш адам тест сұрақтары мен жауап парақтары қымтала бекітілген қорапты білім саласының басшысы алдында ашып, белгі соғылған полиэтилен қаптамадан шығарды. Осыдан кейін сөз алған министр талапкерлерге ішкі толқыныстарын басатын жылы сөздерін айтып, сәттілік тіледі.

Университет фойесінде анталаған журналистердің сұрақтарына жауап беруге бөгелген сала басшысы Асхат Аймағамбетов ата-аналарды, ұстаздарды, оқушыларды толғандырған сұрақтарға салқын қандылықпен, нақты былай жауап берді:

«Мен соңғы он шақты жылдың көлемінде ҰБТ өткізу үрдісіне тікелей өзім ат салысып келе жатқан адамдардың бірімін. Қазір осы жүйе  бір ізге түсіп қалды. Балалар да соңғы жылдары осы үрдіске бейімделіп, төселіп қалғанын байқатады. Өздеріңіз байқағандай қатты қобалжу жоқ, қайта бар ынтасын сынаққа шоғырландырған. Биылғы жылы да тестілеудің жалпы форматы өзгерген жоқ. Дегенмен ерекшеліктері бар. Ол балаларға психологиялық қысымды азайтуға бағытталған. Биылғы жылы мектеп бітірген 134 мың түлектің 115 мыңы қаңтар, наурыз айларында тестілеуге қатысып 70 пайызы шекті балды жинап, ақылы бөлімге оқуға түсуге мүмкіндік алып қойған. Ал коледж түлектері өз мамандықтарына сәйкес жоғары оқу орындарының өзінде емтихан тапсыра алады. Тестілеуге әр-түрлі құралдар алып кіруге тыйым әрқашан болады. Себебі ең бірінші кезекте әділдік тұруы керек. Біз оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізгенде көшірме қағаз, не болмаса ұялы телефонды пайдалану адамды қобалжытып білгенін ұмыттыратынын баса айтқан болатынбыз. Егер де соған қарамастан қандай да бір келеңсіз жағдайлар орын алатын болса, онда жоғарыда аталған құрылғылар баланың  емтихан қорытындысына септігін тигізу жағдайы анықталып, шара қолданылады. «Қалай алып өтемін, қалай алып шығамын» деп сары уайымға салынғанша, тынығып, таза ауада серуендеп келу әлдеқайда пайдалырақ. Былтырғы жылы жоғары оқу орындарының бакалавриат гранттары 53 мыңға дейін өсті. Демек балаларымыздың жоғары білім алуына биыл да  үлкен мүмкіндіктер қарастырылған.

ҰБТ сынағынан өтуші талапкерлер біздің анализ көрсеткендей таңдау пәні ретінде кейінгі жылдары тек заң, не болмаса экономикалық мамандықтарға таңдау жасап жатқан жоқ. Олар нарыққа, қазіргі уақытқа керек мамандықтардың профиліне байланысты  саналы және рационалды таңдауға баруда. Сондықтан жалпы көрініс жақсы бағытқа өзгеру үстінде. Біздің елде талапкерлер әрине дәстүрлі түрде педагогикалық мамандықтарға , сонымен қатар техникалық мамандықтарға түседі. Гранттарымыздың басым бөлігі техникалық салаға бағытталғандықтан физика, химия сынды пәндер де көп таңдалады. Бұл әрине қуантатын жағдай.

Бүгін республика бойынша 13000 бала сынақтан өтуде және осы сынды тоғыз лек болады. Қазір осы университет аудиторияларының өзінде 600-ге жуық бала тестілеуден өтуде.

Кей жерлерде мұғалімдер, не болмаса мектеп басшылығы тестілеуге араласу фактілерінің бары рас. Сол себептен біз мектеп рейтингі деген түсініктен бас тартып, ауылдар мен қалаларға сондай тапсырма береміз. Ал соған қарамастан келеңсіз жағдайлар туындайтын болса, кінәлі адамдар еліміздің заңнамасы аясында жауапқа тартылады. Өйткені мектеп функциясы тек білім берумен ғана шектелмейді. Ол жерде тәрбие мен тәлім де бар.

Биылғы жылы тест сұрақтары 30 пайызға жаңартылды және жаттанды дата, не болмаса таптаурын сұрақтардан бас тартып, функционалдық сауаттылық пен логика байланысты сұрақтар көптеп енгізіле бастады» -деп ойын түйіндеген білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Баласы  атқа шапса, ата-анасы тақымын қысады дейді біздің қазақ. Бірақ уайымға салынудың қажеті жоқ. Тамыз айында балаларыңыздың тағы бір мүмкіндігі бар» -деп сөзін қорытындылады.

Жаңа толқынды қолдап келген сала басшысы қордаланып, шешімін  таппай жүрген көптеген мәселенің түйінін тарқатады деп  үміттенеміз. Ендеше талабы таудай жас ұрпақ пен жаңа министрге біз де сәттілік тілейміз!

 Өтебай Құрманғазы,
Нұр-Сұлтан қаласы
Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.