Home » Жаңалықтар » «Жастар кубогы-2019» №92 «Жауқазын» балабақшасында

«Жастар кубогы-2019» №92 «Жауқазын» балабақшасында

     ..Бағыт «Ильинка». Спидометр 80 – одан асыруға болмайды, әйтпесе…  «2019 жастар жылы» там-тұмдап әр жерден атылған жанартаудай жалынды жастардың екпінді бастамалары мен айтуға тұрарлық іс-шаралары белең алып, жұртшылықты таң-тамашаға бөлеп, еріксіз бас шайқататын әрекеттері жетіп артылатыны баршамызға аян. Жылдың соңы болғандықтан ол үдеріс тіпті көбейіп, қай жаққа қонақ боларыңды білмей дал-дүл күй кешетін кездерде болады. Міне бүгінде шақырыс көп. Бірақ мен Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасына қарасты №92 балабақшасы ұйымдастырған «Жастар кубогы – 2019» көңілді тапқырлар сайысында» болып қайтуды жөн көрдім.
Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Ильинка тұрғын алабына қарасты №92 «Жауқазын» балабақшасының музыка залындамыз сағат 14:00. 2019 жылғы 25 желтоқсан. Мәре-сәре болып, амандық-саулық сұрасып болысымен орындарымызға жайғастық. «Жастар кубогы-2019» әзіл-сықақ додасының ұйымдастырушылары сайысты 5 кезеңге бөлген екен.  Тамашалайық, жастардың өнеріне қарық болайық дедік. Жайғасып отырғаным сол еді.  Жаулығын орай жауып, мойыны майыса қисайған кәдімгі әже. героскутер мініп алып, залға кіріп келді. Біз жастар сайысы дегенге жастарды күтіп отыған едік. Таң-тамаша болдық та қалдық. Таң қалғаным сонша суретке «чырт» еткізуді де ұмытыппын. Сосын түсіндім бұл кісілер осы сайыстың жүргізушілері Илипбаева Гульнар Бейсембаевна, Калиякасова Гүлзат Аманбаевна. Бірақ кәдімгі әжелер болып қалған.
Іс-шараны ұйымдастыруға бастама болған балабақша меңгерушісін сөзге тартып, мақсатын білуге тырыстым: –  Елбасы өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған бағдарламалар әзірлеп, ел болашағы, жас буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыруды нықтап тапсырған болатын. «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», — деген еді. Біз өз кезегімізде білім саласында жұмыс атқарып жүрген ұйымшыл, өнерлі, креативті және ұйымдастырушылық қабілеттері жоғары жас мамандарды қолдау негізінде осы шараны Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасына қарасты «Білім беруді жаңғырту» орталығымен кеңесе келіп жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырып отырмыз — деді №92 балабақша меңгерушісі Смакова Айжан Мейрамғазықызы ағынан жарылып.
    Кез-келген бастаманы шынайы ниетпен қолдап, (басшының тапсырмасы ретінде емес) бастаманы жүйе-жігіне келтіріп, жұп-жұмыр іс ете алатын балабақша әдіскері болады. Альфия Қайратқызын сол әдіскерлер қатарына қосып, осы істің соңынан нендей нәтиже күткенін білгім келді.
– Балабақшалар мен мектептерде қызмет атқарып жүрген жас мамандарды қолдап, ұйымшылдығын арттырып, өзара сыйластықтарын жандандыру, әрқашан байланыста болу, қоғамдық жұмысқа жұмылдыру. Сондықтан біз өз балабақшамыздан тәрбиешілер Жукутова Азиза Аскаровнаны, Нығметова Назира Серікқызын, Абдкереева Гүлжанат Арқабаевнаны сондай-ақ дене шынықтыру нұсқаушылары Әшім Архат Әшімұлын, Баубеков Жанболат Серікұлын осы өзіміз ұйымдастырып отырған сайысқа қатыстырып отырмыз — дейді №92 балабақшасының әдіскері Альфия Қайратқызы.
Сонымен №62 «Нұрсәуле» балабақшасынан «ЖасStars» командасы, №69 мектеп-гимназиясынан «ЖасStar» командасы, № 76 мектеп «76-толқын», №92 «Жауқазын» балабақшасынан «Жауқазын official» командалары болып «Жастар кубогы 2019» атты достық әзілді сайысында  «Білім жаңғырту орталығының» әдіскері Мусатова Айжан Бағытжанқызы бастаған әділ қазылар төрелік жасап:
— команда құрамында міндетті түрде жас мамандар болуын қадағалай отырып;
— сахна мәдениеті;
— жас мамандардың креативтілігі;
— киім үлгілерінің біркелкі болуы;
— актерлік шеберлігі;
— ұйымшылдығын бағалады.
Шынайы ойын көрсетіп осынау Өнер,  шығармашылық, тапқырлық сайысында оқ бойы озық шыққан «Жауқазын official» комондасы болды. Көздерінен жалыны, істерінен алғырлығы байқалған дара топқа  «Жастар кубогы-2019» бұйырды.
«ЖасStars», «76-толқын», «ЖасStar», «Жауқазын official» достық сайысы өз мәресіне жетті. Өнер көрсеткен командалармен қимастықпен, естелік бір –бір суретке түсіп, қоштасуға тура келді.

Қуантай АМАНТАЙ
«BILIM AINASY»
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.