Home » Балабақша » Ата-ана сенімі, ұстаз мерейінің көтерілген күні

Ата-ана сенімі, ұстаз мерейінің көтерілген күні

Табиғатқа деген жанашырлықты  бойына сіңіріп өскен жас ұрпақтан ертеңгі еліне жанашыр, табиғатқа қамқор жандар шығарына шүбә келтірмейміз. Көргенін қайталап, жақсылыққа құмарланған, кіршіксіз бүлдіршіндерге балабақша қабырғасынан бастап экологиялық бағытта түрлі оқу қызметтерін көрсетіп, жасыл өсімдіктерді өз қолдарымен өсіруге баулу өзекті әрі өнегелі тәрбие түрі.
Қараша айында ғана Нұр-Сұлтан қаласында тәжірибелі меңгеруші  Юсупова Назгүл Ғадылханқызы басқаратын №77 «Қошақан» балабақшасының ұжымы «Мектепке дейінгі жастағы балалардың экологиялық әдеттерін кластераралық бағытта қалыптастыру» тақырыбында республикалық семинар өткізген-ді. Елміздің бірнеше қаласынан келген әріптестерімен қаладағы барлық балабақшаларға үлгі болар жұмыстарын көрсетіп, оң бағаға ие болғанына куәміз.
Енді міне 20 желтоқсанда 12 топтың тәрбиешілері топтарда өткен ашық оқу қызметтерін ата-аналарға көрсетіп, ашық есік күнін ұйымдастырды.
Ортаңғы «Дарын», «Балбөбек», «Тәй-тәй», «Айналайын», «Айгөлек», мектепалды даярлық топтары «Зерек», «Көгершін» , «Балақай», «Болашақ», «Қоңырау», «Жұлдыз» топтарының тәрбиеленушілері «Су –тіршілік көзі», «Экологиялық көлік», «Өз қалаңды аяла!» «Бұл пайдалы тұрмыстық қалдықтар», «Жас эколог» , «Біз зерттеуші баламыз», «Көліктің экологияға зияны»  тақырыптарында оқу қызметтерін көрсетті. Сырлыбаева Нұрсұлу, А. А. Ізбасты, Н.Е.Сейтхан, Нуруметова Жұпар, К.А.Муканова, Т.А.Әбіш, Ж.Аяпова, Сейткерим Айгерім, Шарипова Айжан,К.Ә.Муканова, Е.Қ.Әбдіқалық, Г.Т.Альшекеева, Р.А.Нуртазинаның шәкірттеріне беріп жатқан экологиялық тақырып аясындағы тағылымды, тәрбиелі жұмыстарына ата-аналар оң бағасын берді.

Ашық есік күніне арнайы келген Экология және табиғи ресурстар геологиясы министрлігінің Экологиялық білімді ілгерілету жөніндегі халықаралық сарапшысы Т.Н.Немцанның өткір пікірлері мен дәлелді жауаптары ата-аналар үшін тәрбиелік мәні үлкен сабақ болды. Балалардың арасында өзі жүріп, қызықты да тартымды кездесуге жан бітірген меңгеруші Назгүл Ғадылханқызымен барлық педагогикалық ұжымға ата- аналар шынайы алғысын білдірді. Бала болашағына деген сенімділікті ұялатып, білім ошағындағы жаңалықтармен күнделікті тіршілікті  ашық есік күні арқылы  көрсету балабақша, ата-ана, бала арасындағы бірлікті нығайтудың таптырмас жолы. Демек әріптестері арасында жақсы бастаманың жаршысы болған ұжым ата-ананың да сенімін иеленген  білім ордасы. Істеріңізге береке, әр күндеріңізге сәттілік тілейміз!

Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.