Home » Мақалалар » Мектепке дейінгі білім беруде инновациялық технологияларды қолданудың тиімділігі

Мектепке дейінгі білім беруде инновациялық технологияларды қолданудың тиімділігі

 Жуматаева Асем Каупышевна
Қарағанды қаласы
Октябрь ауданы
Сұрыптау бекеті
«Балдаурен» КМҚК
бөбекжайының тәрбиешісі

 Заманауи қоғамды жаһандандыру үдерісінің басым бағыттарының бірі — білім беру жүйесін ақпараттандыру болып табылады. Тәрбиелеу мен оқытудың тиімділігі білім беру бағдарламаларынан ғана емес, сонымен қатар, қолданылатын педагогикалық технологиялардан, бағдарламалық ақпараттық қамтамасыз етулермен және білім беру үдерісіне іскерлікпен оңтайлы еңгізе білуіне де байланысты.

          Бүгінде республикада мектепке дейінгі ұйымдар өзінің қызметінде түрлі технологиялардың элементтерін пайдаланады. Педагог пен баланың өзара қарым-қатынасын жүзеге асыратын оқытудың интерактивті әдісін қолдану өзекті болып отыр.

Инновациялар бала тұлғасына, оның қабілеттіліктерін дамытуға бағдарланған педагогикалық практикада қолданылатын жаңа әдістерді, нысандарды, құралдарды, технологияларды анықтайды.

Қазіргі кезде мектепке дейінгі білім беруде қолданылып жүрген инновациялық технологиялар аз емес және оң нәтижелерге жеткізуде. Солардың бірі халқымыздың рухани құндылықтарын бірізділікке жинақтаған тәрбие құралы ретінде балананың интеллектісін ерте жастан дамытуды көздейтін – инновациялық сөйлейтін қаламы бар «Даналық  әліппесі» оқу-тәрбие кешені.

Жинақтың «Даналық әліппесі» деп аталуында терең тұжырым және ұлағатты ұғым жатқандығын бірден-ақ аңғаруға болады. «Даналық әліппесіне» баланың туғаннан бастап, жеке дамуы мен қалыптасуына мүмкіндік туғызатын, даналықтың қайнаркөзі болып табылатын рухани құндылықтарымыз – қобыз, сыбызғы, добмыра күйлері, бесік жыры, халық әні, халық дүниетанымы, билер сөзі, халық ертегісі, халық дандылығы, жыраулар дастаны, бабалар батасы зерделеніп, таңдалып жинақталған. Бұл халықтық туындылар электрондық дыбыстау құралы – «Сөйлейтін» қалам арқылы тыңдалады.

Мәтіндік жазба нұсқасына үн дарыту «Сөйлейтін» қалам және кітап бетіндегі арнайы қойылған белгілер арқылы жүзеге асады. «Сөйлейтін» қалам дегеніміз – кәдімгі авто қалам түрінде және көлемінде жасалған құрал. «Сөйлейтін» қаламның ұшын кітаптағы мәтінге қойылған белгілерге тигізгенде, сол белгінің белгілеп тұрған жеріндегі мәтін немесе оның үзіндісіне үн бітіп, кәдімгі жанды сөз естіледі. Ол – компанияда алдын ала жазылып, қалам ішіне орнатылған бағдарламаға енгізілген диктордың оқуындағы мәтін. Тыңдау ұғынықты болуы үшін диктордың дикциясының анық, қуатты және мәнерлі әрі техникалық тазалығы қамтамасыз етілген.

Бұл жинақтың тағы бір атап айтар ерекшелігі – ұлттық тәрбиеге қатысты әрбір кітапша мазмұнының жүйелі түрде «Бесік жырынан» бастап, «Бабалар батасымен» рет-ретімен берілуі де жинақты құрастырушылардың көп ізденгендіктерін және ұлтымыздың рухани бай ұлттық қазыналарын жүйелі түрде сараптай білгендіктерін аңғартады. «Даналық әліппесін» білім мен тәрбие беру саласында ұлттық рухани қазына ретінде пайдалану – ұрпағымыздың өз ұлтын, өз Отаның, шын мәнінде, сүйе білетін нағыз патриоттар болып өсетіндігіне зор ықпал жасайды.

Осы құндылықтарды бала бойына сіңіру жолдарының бірі – ұлттық салт-дәстүрлерді ойын арқылы балаға жеткізу. «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Атқа мінгізу», «Тілашар той», «Қазақи қонақжайлылық», «Киіз үймен танысу», «Тұрмыстық заттарды суреттеу» сияқты «Салт-дәстүрлі ойындар» қазақтың ұлттық мәдениетін тануға, отбасы құндылықтарын сезіне білуге үйретеді. Жалпы бұл ойынның мақсаты халық педгогикасы арқылы жас ұрпақ бойына рухани-адамгершілік тәрбиені  қалыптастыру. Ойын барысында көркем сөз де, өлең де, тақпақ та, мақал-мәтелдер де және басқа да ауызекі сөйлеу тіліде қолданылады. Ал бұл мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ халқы мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстыруда және мемлекеттік тілді үйретуде нәтижелі жұмыстардың бірі болмақ. Атап айтсақ, «бесікке салу» дәстүрінде «Сөйлейтін» қаламмен бірге балалардың «бесік жырын» айтуы

Әлдей, күнім, жылыма,

Көздің жасын бұлама.

Ұят болар жылаған,

Сендей ерке балаға.

Әлдей, әлдей, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Жылағаны қатты екен,

Ұйқысы да тәтті екен.

Педагог ұйымдастырылған оқу іс-әрекетерінде немесе күннің екінші жартысында шағын шығармаларды жатқа, көлемі үлкен шығармаларды кітаптан оқиды. Педагог кітаптан үнемі өзі оқи бермей, «Сөйлейтін» қалам құралы негізінде дайындалған ертегілер топтамасын, яғни қазақ ертегілерінің тәрбиелік табиғатын зерделей отырып әңгімелейтін, жаңа заманға бейімдеуден туған ертегішіні тыңдатса, әсерлі болмақ. Айтылу ырғағы баланың жаның баурайтын бұл құрал, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Кім неден күшті?», «Екі лақ», «Суыр сұңқар, су қайда?», «Алтын асық», «Алтын құс», т.б. ертегілеріндегі қазақ халқының арман-тілегін сәби санасына сіңіреді, ұлт мүддесіне қызмет етеді.

Сонымен қатар «Даналық әліппесі» жинағындағы жеке тақырыптарға арналған әрбір кітапшадағы мәтіндердің ұлттық аспаптар – домбыра, қобыз, сыбызғы, т.б. үнімен қосыла берілуі жас ұрпақтың сана-сезіміне жағымды әсер етіп, ұлттық дүниетанымының дұрыс қалыптасуына септігін тигізеді. Халықтық музыка аспаптарының шығаратын дыбыстарын айыру, халықтық, жеке орындаушылардың классикалық және қазіргі, хормен, аспаптық ансамбльдердің, оркестрдің орындауындағы музыканы тыңдауға қызығушылықты қалыптастыруда педагог «Даналық әліппесі» оқу-тәрбие кешенінің «Домбыра күйі», «Қобыз үні» кітапшаларынан «Сөйлетін» қалам арқылы аспаптардың дыбысталуына балалардың назарын аударады, көңілдерін көтереді.

«Даналық әліппесін» жаңа инновациялық жоба ретінде құрастырылған ұлт жанды, әрі қазіргі заман талабына сәйкес ақпараттық технологияларды пайдаланудың хас шебері Нұралы Құдайбергенұлының көп жылдық ерен еңбегінің нәтижесі екендігін ерекше атап өтуге тұрады. Өйткені, қазіргі жаһандану дәуіріндегі өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтарымызға ең алдымен ұлттық рухани тәрбие беруге басты назар аударуымыз қажет екендігін өмірдің өзі көрсетіп келеді. Сондықтан да «Даналық әліппесі» жинағы өз ұлтын құрметтей білетін әрбір отбасының шаңырағында Тәңірдің тұмарындай орын алып, ұрпақ тәрбиесінде басты бағдаршамға айналуы қажет деген ойымызды айрықша атап айтқым  келеді.

Жас баланың ой-сезім табиғаты – әлі тың, қуатты, мөлдір, таза әрі қабылдағыш. Сол себептен ұрпақтан-ұрпаққа жеткен сайын құндылығы артып, рухани қазынамызға айналған бабалар дандылығымен баланы ерте кезден бастап нәрлендіріп отыру біртұтас жүйеге айналса, бала бойында адамзатқа жат ықпалдарға берілмейтін және қарсы тұратын рухани иммунитет қалыптасатын болады.

Ұлтын сүйе білетін әрбір азамат өз үлтының сан ғасырлар бойы бабалар дандылығы арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық рухани аса құнды асыл мұраларын көзінің қарашығындай сақтай отырып, күнделікті ұрпақ тәрбиесінде пайдалана білсек ғана ұрпағымыз ұлтжанды болып өсетіндігі шынайы шындық,  әрі айбынды ақиқат! Қорта айтқанда, «Даналық әліппесі» атты аса құнды жинақ ұрпақтарымыздың жаның жақсылыққа жақындатып, санасын ұлылыққа ұмтылдыратын қалам арқылы сөйлейтін өте қажетті оқу құралы екендігін ерекше атап дәріптей білуіміз қажет. Білім беру жүйесіндегі ұлттық тәрбие беру мәселесіне қосылған сүбелі еңбек арқылы баланың балалығын даналыққа ұштастырайық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Мектепке дейінгі ұйымдардағы инновациялық технологиялар». Әдістемелік ұсыным – Астана 2013.
  2. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыстарына заманауи білім беру бағдарламалары мен технологияларын енгізу: әдістемелік нұсқаулық. – Астана, 2013.
  3. Даналық әліппесі оқу-тәрбие кешені/Жоба авторы: Н.Құдайбергенұлы. – Астана: «Interactiv Kazakstan», 2014.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.