Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №74 бөбекжай-балабақшасында «Аналар мектебінің» қолдауымен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай «Ойыншықтар» ересек тобында «Наурыз — думан» атты мерекелік іс-шара өтті. Балабақшамыздағы «Аналар мектебінің» мүшелері аяулы аналарымыз қазақ халқының салт-дәстүрлерінен қойылым көрсетіп, бүлдіршіндерімізге ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға ат салысты.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін дәстүрлі наурызкөжесіз елестету мүмкін емес. Бұл күні әрбір үйде қазан оттан түспей, уыз қатырылып, сорпа сапырылады, наурызкөже дайындалады. Ырымшыл қазақ халқы әу бастан киелілікке, қасиетті сандарға мән берген. Сол себепті бұл тағамды жеті түрлі тағамнан жасап, молшылық болсын, береке болсын деп ниет еткен. Осы дәстүрді дәріптеп, балаларға ұлттық тағамды насихаттап, құрамын айтып таныстырып дайындаған аналарымызға алғыс айтамыз.
Одан бөлек бала өміріндегі маңызды сәттердің бірі «Тұсаукесер» –дәстүрі. Бұл рәсім кішкентай балаға арналған және оны бала тез аяққа тұруы үшін жасайды.Ырымшыл қазақ тұсауы кесілмеген бала сүріншек, болашақта жығылғыш болады деп пайымдайды. Ал тұсауы кесілген бала біреудің ала жібін аттамайтын адал, жолы ашық азамат болады деп санаған. Сондықтан, қаз тұрып, тәй-тәй басып келе жатқан баланың тұсауын кесу бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан ескі дәстүр. Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кестірген. Бүгін бізде Олжас балапанымыздың тұсауын ала жіппен – бала ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алатын, адал азамат болсын деген ниетпен балабақша меңгерушісі кесті. Мереке бүлдіршіндеріміздің әсем әнімен, тамылжыған биімен жалғасын тапты.
Балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамыту мәселелерінде балабақша мен отбасы арасындағы ынтымақтастықты орнату мақсатын көздеген «Аналар мектебінің» жұмысы жандана берсін.
№74 бөбекжай-балабақша
меңгерушісі Баткалова Жанат Шукирбековна
Тәрбиеші Тойлыбаева Оралай Мырзабековна
Керемет! Тамаша! Балабақшамыз өте керемет! Жетекшілері мен тәрбиешіміз өте жақсы, өз мамандарының бетке ұстар, шебер иелері!
Сіздерге мың алғыс! Балабақшамыз тек көркейе берсін! Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!