Қыз баланың өмірдегі миссиясы – өзінің жолын тауып, отбасын құрып, ұрпақ өсіріп, оларға жақсы тәрбие беру. Өйткені шаңырақтың шайқалмауы алдымен әйел адамға байланысты. Оның өмірлік ұстанымы, таным-түсінігі, парасат-пайымы, көзқарасы дұрыс болса, еріне де сыйлы, ата-анасына да жағымды, ағайын-туыстың да арасын ажыратпайды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Алмагүл Қайырболатқызы Кизагалиева өзінің ата-анасынан алған тәрбиесін қос қанатындай, жол сілтер темірқазығындай алға ұстап келеді. Қыз балаға уақытында берілген ақыл-кеңес оны ешқашан адастырмайды. Бала күнінен бойына дарыған жақсылықтар оны жолбасшысындай үнемі жетелеп жүреді. Сонымен қатар атам қазақ айтқандай әйел затына «санасына берілген» болса, өмірге деген түсінігі оның қағидасына айналады. Алмагүл де осы ойды ортаға сала отырып, отбасылық құндылықтар жайлы көзқарасымен бөлісті. Ең алдымен біздің бүгінгі кейіпкерімізден алған сұхбаттан үзінді келтірейік.
Алмагүл өз сөзінде «Бақыт деген, бір ақ ауыз сөздің аумағының кеңдігін сезіну, түсіну адамның бақыт туралы ұғымын кеңейтеді екен. Бақыт деген мына өмірге келіп, ата- анаңның аялы алақандарында болып, оларды ардақтап, үміттерін ақтау. Отбасын құрып, адал жар сүйіп, дүниеге үмітіңді ақтайтын, жаныңа рахат жарығын жағатын ұрпақ әкелу. Ынтымағы ыдырамайтын отбасыңда ата-енеңмен жарасып, сыйласып ғұмыр кешу. Өзіңнің арман етіп, аңсаған мамандығыңа қол жеткізіп, оны өмірлік кәсібіңе айналдырып, одан ләззат алу. Мақсаты, жоспары, ойы мен пікірі бір ұжымдастарыңмен ұйымдасып, атқарған еңбегіңнің жемісін бірге көру. Ағайын туғаныңмен береке мен ынтымақта бас қосып, барыңмен де, қуаныш, уайымыңмен де бөлісу.
Айнымас дос жарандарыңмен бас қосып, сырласып, көңіліңнің ажарын ашу. Бақыт деген осындай шексіз! Мұны айту себебім, менің шынайы бақытты болуыма себепкер болған, менің бақытты болуымды шынайы қалаған ата- анамның мейірімдеріне, ыстық ықыластарына бөленіп жүрмін. Өз шамам жеткенше үміттерін ақтауға тырысып, қадір тұтып, құрметтеудемін. Өмірде жанымды ұғынатын, өзімді қадірлеп, бағалайтын асыл жарым бар. Өмірде менің мақтанышым, жүрегімнің шаттығы мен қуанышы болатын ұрпақ әкелдім. Абыройлары биік, ақылдары зор ата-енемнің алғысын алдым. Өзім аңсаған мамандығыма қол жеткізіп, ынтымақты ұжымда қызмет жасап жүрмін. Әріптестерім, жол сілтер басшыларым білікті, ақылды, білімді жандар. Өміріме мән беретін, мағыналы тәжірибе жинадым. Арқа сүйер ағайын,туғаным бар. Сенімді, сезімтал дос жарандарым да жеткілікті. Мен өзімді бақытты жанмын, өйткені отбасында алған тәрбием мені адастырған жоқ – деп сенімді түрде айта аламын дейді.
Өмір өлшемі – өрнекті, өнімді ғұмыр кешу. Тағдыр тізгіні қолында екенін түйсінген тұлға өз соқпағын саралауға тырысады. Бұл саналы жанды салмақты іске бастайтын сарабдал қадам. «Адам боп келдім өмірге, адам боп кету тілегім», деп жырлаған әнші Жәнібек Кәрменовше түйіндесек, тал бесік пен жер бесіктің арасын жалғағандар тіршілігінде «толық адам» сипатына ұмтылуы тиіс. Болмыстың бізге бұйыртқан бағына орай серпілісті санамен ілкімді із қалдыру – адамға ғана арналған тосын сый.
Ер елдің егесі болса, әйел шегесі. Ару ғұмырға артылған жүк, ана атанғанда ауырлай түсері анық. Олардың танымы мен тағылым таразысында болашақтың жарқын бейнесі жатыр. Бала тәрбиесі бәйгесінде баптаған тұлпары мәре сызығын межелеген биік мөлшерінде кескен ананың мәртебесі мәңгі, ұстаздың ісі сәнді. Сондықтан нәзік жанды жаратылыс тек өзін емес, келешек күрескерлерді үлкен өмірге қанаттандыратындар ретінде жасампаз жан, кемел көшбасшы болуы тиіс. Бүгінде отбасы-жұмыс-қоғам үштағанын үздік үйлестіріп жүрген арулар қатары аз емес. Солардың бірі – бала бағбанына айналған, тірлігі тындырымды, ісі үлгілі – Алмагүл Кизагалиева.
Алмагүл Қайырболатқызы – ұстаздық ұлы қызмет, ұлық міндет жолында 13 жылдан бері тер төгіп келеді. Оның қолындағы құнды құрал – теңіздей терең тәжірибе, жауһар бәске бергісіз білім. Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын мамандық шеңберінде оның жемісті жетістігі – ұрпақты ұлттық қайнардан айырмай, заманауи тұлға етіп толыстыру. Осы маңызы, «майдан қыл суырғандай» қырағылықты қажет ететін сында Алмагүл ұстаз ұтқыр ұстанымдарына арқа сүйейді. Ол Орал қаласындағы Облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін 5 жылдан бері атқарып келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында бүгінгідей заман бейнесі ұстарның жүзіндей аумалы-төкпелі кезеңде балалардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды екенін ескерткенін пайымды педагогтер жете ұғынады. Осы қатарда біздің бүгінгі кейіпкер Алмагүл Қайырболатқызы да бар. Оның шенделген шекараларға, тураланған тұжырымдарға сүйенбей-ақ еңбекке белсене араласуы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес мінезден» деген тұжырымымен ұштасады. Аймақтағы балалардың бос уақытын білім мен ғылымға, шығармашылыққа, спортқа арнауына айтарлықтай күш салып жүрген ол, болашақ баспалдағын бүгіннен қалау байыпты бастау деп түйеді. Көңілдің көзін білім балбұлағынан суару оған отбасындағы орамды тағылым-тәрбие арқылы сіңген. Мұғалімдер династиясында дүниеге келген кейіпкердің өнген ортасы білім берудің өзектілігін жете түсінеді. Содан болса керек Алмагүл Қайырболатқызының бойына ұстаздық дағдылар бала күннен бейсаналы түрде енген.
Оның әкесі Қайырболат Кизагалиев тағылымды тіршілігінің 43 жылын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған. Жарты ғасырға жуық уақытын алтын ұяда өткерген оның өнегесін ұл-қыздары зердесіне «алтын әріптермен» тоқып алды. Жеміс анамыз бен Қайырболат әкеміздің шаңырағынан қанат-қаққан ұл қыздары сан саланы қамтып, таңдаған мамандығының биік шыңын қыран құстай бағындыруға барын салып жүр. Діңгегі берік, тәлімі көрік отбасының перзенттерінің ішінде 4 бірдей ұл -қыз ұстаздық ұлағатты ұлықтауда. Қызығы, Жаратқанның жарлығына орай Алмагүл босаға аттаған шаңырақта да білім туын тік көтерген жандарға жолықты. Алдыңғы буын салған даңғылдан адаспаған Алмагүл Қайырболатқызы да білім шырағын самсап жағуға жол тартты.
Алмагүлдің авторлық оқыту әдісін – өзгелер жазбай таниды. Жұрт бүгіншіл болса, оның оқыту үрдісі ертең үшін. Алдындағы шәкіртінің, абзал адам, талапты тұлға болып жетілуі үшін жігерін жасытпай өмірлік қағидат шеңберінде шеберлігін шыңдауды мақсат етеді. Ол оқушыларының зияткерлік әлеуетін, логикалық ойлау қабілетін, интеллектуалдық иірімдерін икемдеуге ерекше мән береді. Физика пәнінің мұғалімі ретінде, «Техникалық инттелектум» үйірмесінің жетекшісі ретінде балалардың келешек күн тілегінен табылу миссиясын, ғасырдың ғажайып жетістіктерін жас буын меңгеріп, игеріп қолдануын жіті қадағалайды.
Алмагүл Қайырболатқызы орталықтың жұмысын ұршықша иіріп, медениет мәйегін, этика әдебін, жақсылық әлемін жұртшылыққа насихаттай жүреді. Өзі де осы өлшемдердің үздік үлгісі бола біледі. Ұжымдастары оның қиындыққа қайыспай, күрмеулі мәселені келісті, кесімді шешетін тапқырлығын бағалайды, зор бағамдайды. Оның істе – алғыр, қызметте қырағы екенін құзырлы органдар да назардан тыс қалдырмайды. 2019 жылы Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының Құрмет грамотасы табысталса, 2022 жылы Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының Дипломын қанжығаласа, 2022 жылы Астана қаласында «Жаңа Қазақстан: білім беру саласының үздігі» иегері атанды. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы және Кәсіподақ ұйымының Сертификаты мен ҚР Оқу-ағарту министрінің Құттықтау хатын, 2023 жылы ҚР Оқу-ағарту министрінің оқу-әдістемелік орталығы «Балалық шақ досы» төсбелгісі алған.
Жыл сайын кәсіби дағдысын дамыту миссиясымен білімді жетілдіру курстарынан өтіп, шығармашылық шеберлігін баспасөз бетінде жариялап жүр. Оның қосымша білім беру бәсекесіндегі құнды тәжірибесі толайым іске табанды қажыр көрсетуімен құнды. Десе де Алмагүл Қайырболатқызы үшін ата-ана артқан сенімі мен бала махаббатынан асқан марапат жоқ.
Бүгінде Алмагүл ана отбасында аяулы жар, ардақты ана. Қара шаңырақтың тізгінін ұстап тұрған ширақ келін. Ол ана — Алмагүл образына да адал. Оның перзентіне қарап айтылған әр сөзі ерекше екшеленеді, өйткені ұстаз-ана сөз сиқыры еңсені көтеріп не езіп жіберетін құдіретін жақсы түсінеді. Ұрпақ және ұлт тәрбиесінде де Алмагүл Қайырболатқызы «Өзін ашқан тұлға өзгені де ашады», деп түйген жазушы Дидар Амантайдың тұжырымына арқа сүйейді.
Түріктің көшбасшысына айналған азамат Мұстафа Кемал Ататүрік «Ұстаздар – ұлтты құтқаратын ең ұлы тұлғалар» дегеніндей, бейілін беріп, жақсыны теріп, келешекке сеніп, еңбегі өніп қызмет ететін педагогтардың ісіне таудай табыс тілейміз.