Home » Мақалалар » Армысың, Әз Наурыз!

Армысың, Әз Наурыз!

Биылдан бастап 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды. Бұл онкүндік төл мерекемізді той­лау­дың жаңа дәстүрлерін қалыптас­тыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – ашықтықты, шынайылықты, қайырымдылықты ашуға ба­ғыт­талған. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұнға ие.

Осы онкүндік аясында балабақшамызда «Әжелер мектебінің» қолдауымен «Ақбота» мектепалды тобында «Армысың, Әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті. Бүлдіршіндеріміз әннен шашу шашып, наурызға арналған тақпақтарын айтты. Қыздарымыз «Бипыл» әніне мың бұрала биледі. Әжелеріміз бүлдіршіндерді «Бесікке салу», «Тұсау кесу» сияқты салт-дәстүрлермен таныстырып, олардың тәрбиелік мәніне тоқталды. «Бесікке салу» дәстүрінде бесікті алдымен отпен аластап, «Тыштымасын» жасап баланы бесікке салды. Бесіктің пайдасы туралы айтылып, жас сәбидің ұйқысы тыныш болсын деп бата берілді. «Тұсау кесер» дәстүрінде әжелер ырымдап немересінің тұсауын  биіктерден көрінсін, жолы ашық болсын деген ниетпен балабақша меңгерушісіне кестірді. Балапанның қадамы құтты болсын, ешкімнің ала жібін аттамасын деп Айкөркем қызымыздың тұсауы кесілді. Одан бөлек әжелер наурыз мерекесінің ең басты тағамы «Наурызкөженің» құнарлылығы туралы түсіндіріп, оның құрамымен таныстырды. Топтың сері жігіттері «Күш сынаспақ» ұлттық ойынын ойнады. Мерекелік іс-шара балалардың бойына ұлттық құндылығымызды сіңіруге, салт-дәстүрлерімізді дәріптеуге, мерекенің мән-мағынасын түсінуге септігін тигізді.

№74 бөбекжай-балабақша тәрбиешісі
Изенова Нагима Отепбергеновна

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.