Home » Мақалалар » Отбасы – сыйластық пен сүйіспеншіліктің алтын арқауы

Отбасы – сыйластық пен сүйіспеншіліктің алтын арқауы

Алматы қаласы № 158 жалпы білім беретін
мектептің  математика және
информатика пәнінің  мұғалімі
Орымбаева Загида Есембековна

Бүкіл әлем жұртшылығы 15 мамырда Халықаралық отбасы күнін атап өтеді. Атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу басқа мемлекеттерде қоғамның назарын отбасына аудару қажеттігінен туындаған. Отбасы күні алғаш рет 1994 жылы аталып өтті.


Отбасы – сыйластық пен жарастық орнаған кішкентай Отан. «Отан – отбасынан басталады» деген ұлағатты сөз осыған орай айтылса керек. Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Адам өмірі отбасынан басталады және азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың алтын арқауы.

Отбасы – табиғат сыйлаған ғаламаттардың бірі. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам әрі өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті де біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз. Айрандай ұйыған, тату тәтті, бірлікте өмір сүріп жүрген қарапайым қазақ отбасыларын «Отбасы шағын мемлекет» ұғымына сыйғызуға болады. Менің атам мен әжем көпбалалы отбасынан шыққан. Қазақ қашанда немере-шөберенің санын айтпаған. Сондықтан, мен де Алла берген немерелерінің бірімін. Біздің қара шаңырағымыздың ақылшысы, арқа сүйеріміз –  әкем, қамқоршымыз – анам. Сондықтан,
«Әке – асқар тау,
Ана – етегіндегі бұлақ,
Бала – жасындағы құрақ» – деген осы болса керек. Ата-анасын, аға-сіңлілерін сыйлай білген, бауырларын бағалай білген адам, менің ойымша, қоғамда ізгі ниетімен еліне, оның дамуына зор үлесін қосатынына сенімдімін. Өйткені, менің әке-шешем де еліне қызмет ете жүріп, бізді бағып-қағып, жақсы тәрбие беріп, оқытып, қатарға қосқан абзал жандар. Мен ата-анамды қашанда мақтан тұтамын. Олар біздің еркелігімізді, аяғымызды шалыс басып сүрінген кездердегі қателігімізді түсініп кешіре білген оны түзетуге ақыл-кеңесін беріп, кең дүниенің тек тәтті тұстарын көрсетуден, жақсылыққа итермелеуден жалықпайтын аяулы жандар. Ал, отбасы мақтанышы дегенде тағы да «ең бірінші мақтанышым – ата-анам» деп айтар едім. Ата-анам балалары үшін жақсылықтың жаршысы бола білді. «Жақсы әке балаға 40 жыл азық» дегендей балалары «менің әкем», «менің анам» деп үлгі тұтса, ата-ана «міне, менің балаларым» деп мақтаныш етіп отырса, бұл отбасы ажырамас алтын діңгегі. Әсіресе, отбасында қыз баланың тәрбиесінде ананың рөлі басым болады. Менің анам бізге қыз балаға тән нәзіктікті, ең бірінші «әкелеріңді сыйлаңдар, ренжітпеңдер», деп айтып, әкені сыйлауды, жалпы ер азаматты сыйлауды үйретіп отыратын.
Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, аға ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті.
Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауының бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе.
Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтың бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде қаншама мән жатыр десеңші. Қазақ отбасындағы бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке-жеке мән беріп қарастыруыда оның өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысының бірі. Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған.
Отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмасын отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсемен алмастыра алмайсың.
Отбасынан тыс та тәрбие бар. Ол қазақта «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», – дегені. Ата-ананың жүріс-тұрысы, сөйлегені, іс-әрекеттерінің барлығы балада қалыптасады. Сондықтан, баланың алдында ата-ана өте байсалды, сабырлы болып, жақсы тәрбие көрсетуі керек. Мәселен, Абай атамыздың он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды…» деп өсиет айтқан.
Заманға сай отбасында бала тәрбиелеу аса үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді. Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Өмірге келген нәрестеге ана махаббаты мен кіршіксіз таза көңілі ауадай қажет. Бұл тұрғыда Мағжан Жұмабаев: «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені, олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн» – деген екен.   Ал, Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:  «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер» дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өз басқару жүйесі әртүрлі болады. Осы сияқты әр отбасының өз тактикасы, басқару жүйесі болады. Ұрпақтың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасатыны шындық.
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін ана, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен ананың баласына қоятын ең біріші басты талап-тілектері – баланың «әдепті» болып өсуі. Қазақ халқы отбасындағы тәрбиені ең бірінші орынға қойған. Ата-ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекер айтпаған.
Әкенің «батырым», шешенің «құлыным» деген сөзін естіген балада жақсы сезім туатыны белгілі. Ғ.Мұстафинның «Ата-ананың міндеті – баланы тәрбиелеу және жақсылыққа үйрету» деген сөзінде көп мән жатыр.  Иә, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу әр ата-ананың арманы және борышы екені даусыз. Әрқашан «Отбасының жемісі – тәрбиелі ұлы мен қызы» деген,  мақтан етер ұрпағымыз көбейсін. Ұрпағына мақтаныш болар қазыналы қарттарымыз жасай берсін. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.