Home » Мақалалар » Жастарға патриоттық тәрбие беру ерекшеліктері  

Жастарға патриоттық тәрбие беру ерекшеліктері  

Клычниязова Айман Жайлауовна
Құқық, тарих пәні мұғалімі
«№13 мектеп-гимназия» КММ
Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы   Қызылтөбе ауылы

 

 Адам бойына патриоттық сезімді қалыптастыру отбасынан бастау алады. Отбасында патриоттық сезімге тәрбиелеу, ана тілін үйрету, ұлттық мінез-құлық қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді сақтауға баулу, шыққан ата тегін білуді таныту- ата-ананың парызы. Аталған құндылықтар жасөспірім бойына сіңіп, өсе келе патриоттық сезімінің қалыптасуына ықпал етеді. Патриотизм-мемлекет пен қоғам өмірінің барлық жағына қатысты мәнді әрі өтпелі емес құндылықтар, жеке тұлғаның бойындағы рухани байлығының бір бөлігі. Патриоттық сезім тәрбиелеу арқылы қалыптасып, жетіліп сана түріне қалыптасады. Сонда ғана жеке адам өз ұлтына тән ерекшеліктерді түсініп, сезініп өз ұлтының қасиеттерін бойына сіңіреді. Қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан отансүйгіштік, тәлім-тәрбие әдістерін жинақтап, оны бүгінгі өскелең ұрпақты тәрбилеуде  оңтайлы қолдану- уақыт талабы.
Патриоттық сана – оқу үрдісінде  және сыныптан тыс іс-шараларда Отанды сүю, елін қорғауға байланысты басты ұғымдарды ашып көрсету арқылы қалыптасады.Тәрбиенің негізгі заңдылықтарына сүйене отырып, «мектеп-отбасы-әлеуметтік орта» жүйесін  кіріктіре отырып, оқу үрдісінде және тәрбие сағаттарында, үйірме, факультативтік сабақтар негізінде кешенді байланыс орнату арқылы патриотизмді негіздеуге болады.
Патриоттық тәрбие беру жүйесін айқындай отырып, ұлтаралық қатынас, мәдениетін, еліміздің бейбітшілігі мен егемендігін сақтауға, экономикасын дамытуға ықпал ететін патриоттық құн құндылықтары қалыптасқан жеке тұлғаны тәрбиелейміз. Патриоттық тәрбиелеу үрдісінде өткені мен бүгінгі күнді және болашағын байланыстыру керек. Демек рухы биік жеке тұлғаны қалыптастырудағы батырлардың қаһармандық, ерлік, отансүйгіштік тәлім-тәрбие беру идеалдарының жиынтығын айтсақ болады.
Бұл ретте аттары аңызған айналған Жоңғар шапқыншылығын талқандаған қаһармандар қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбайдың ерлікке толы өмірі өз алдына жыр-астан болса, «ел үмітін ер ақтар,ер атағын ел сақтар» демекші, кешегі дүние жүзін дүр сілкінткен ұлы Отан соғысының батырлары, Отанының тәуелсіздігін қорғауға, ошақ басының амандығы, болашақ бақыты үшін күресуге жауға аттанған-Бауыржан Момышұлының, қаһарман қазақ қыздары Әлия мен Мәншүктердің қайталанбас ерліктері, желтоқсан құрбандары Қайрат, Ербол, Ләззат сынды жастарымыздың батыл істері — жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге, тағылым мектебі.
Қазіргі таңда бүкіл тарихи, мәдени, адамгершілік, рухани  құндылықтарымыз жаңа заман тұрғысынан бағаланып жатыр. Сонымен қатар мол мәдениетіміз, салтымыз, дәстүріміз, тіліміз, ұлттық намысымыз,тарихи жадымыз, табиғи ортамыз, ұлттық мемлекетіміз бекіп, жаңғырып, дамып келе жатқан кезеңде халықтың мұрасын оқу-тәрбие жұмысында пайдалану қажет.
Қазақ халқы ежелден өзінің дәстүрлі рухани және материалдық мәдениеті қалыптасқан ел. Қазақ халқының дүниетанымын, рухани өмірін, олардың  мақал-мәтелдері мен мен ырымдардан көруге болады. Ғасырлар қойнауында қалыптасып, қоғам есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа асыл рухани мұра ретінде беріліп келе жатқан мақал-мәтелдер өз құндылықтарын дәуірлер асқан сайын асқақтата түсуде. Мақал-мәтелдер әрбір халықтың байырғы рухани қазынасы. Халық өмір шындығын, көңілге түйген мақал-мәтел ретінде  өз ұрпағына үлгі өнеге етіп қалдырып отырған. Мысалы: «Ел боламын десең бесігіңді түзе», «Отан отбасынан басталады», «Отансыз адам ормансыз бұлбұл», «Отан оттан да ыстық». Қазақтың мақал-мәтелдері ағыл-тегіл көптігімен және өткірлігімен ерекшеленеді. Мақал-мәтелдер әуелде аузы дуалы жеке кісінің аузынан шыққанымен,  біреуден біреуге, ұрпақтан ұрпаққа ауыса жүріп өңделген, өзгерген, бүкіл елге тарап, оны ақиқат деп таныған қағидаға, тіпті ережеге, заңға айналған. Қазақ халқының ұлттық құндылықтары ұрпақтан ұрпаққа халық даналығы арқылы беріліп отырған. Сонау ықылым заманнан бері келе жатқан қазақтың ұлттық құндылықтары, яғни үлкенге құрмет, кішіге ізет, адамгершілік, ата-ана, ел, жұрт, отан алдындағы парыздары, батылдық мен батырлық, жамандық пен жақсылық жайлы келешек ұрпаққа даналық өсиеттерін насихаттап отырған. Халық тәрбиесі отбасы тәрбиесінің негізгі діңгегі.Ұрпақтар бұл тәрбиеден нәр алып, бойына сіңіреді. Отаныңды, ел жұртыңды, халқыңды қалтқысыз сүйе отырып, сол айнымас абзал сезімді патриоттық іс-әрекетпен ұштастыру керек. Қорытынды пікірімді Қайырлы Теңесбайбаевтың сөзімен тұжырымдағым келеді. «Ұлттық идеологияның қуатын арттыра отырып, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жаңа биікке көтеру, сол арқылы егеменді еліміздің ертеңін ойлайтын көзі ашық, көкірегі ояу саналы ұрпағын тәрбиелеуде заман, уақыт талабы деп түсінсек, қателеспек едік» деп айтқанындай, еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы саналған жастарды тәрбилеуде халқымыздың ұлттық тәрбиесі ұмыт қалмауы тиіс.
Осы орайда ұлттық тәрбиені насихайтын көркем шығармалар мен  телебағдарламалар кеңінен қолданыс тапса, кешенді сипаттағы  игілікті іс болар еді. Жастардың бойына «Елім» деген сөзді ұялатып, елге адал қызмет ететін патриоттық құндылықтары қалыптасқан тұлға тәрбиелеу менің кәсіби парызым деп білемін.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.