Home » Мақалалар » МЕКТЕПТЕГІ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУМЕН  ҮЛГЕРМЕУШІЛІКТІҢ АЛДЫН АЛУ

МЕКТЕПТЕГІ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУМЕН  ҮЛГЕРМЕУШІЛІКТІҢ АЛДЫН АЛУ

Бультрикова Нургуль Найманхановна
педагог-зерттеуші
Алматы қаласы, Түрксіб ауданы,
№49 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жоспары:

  1. Үлгермеушіліктің негізгі себептері
  2. Үлгермеушілікті болдырмаудың әдістері мен түрлері
  3. Оқушының оқу үлгеріміне әсер етуші жағдайлар
  4. Оқушылармен жұмысты ұйымдастырудың технологиялық картасы

Көптеген ғалымдар өз еңбектерінде сабақ үлгермеушілік себептерін талдауға көп орын бөліп  келеді. Арнайы педагогикалық қазіргі күндегі жетекші парадигмаларының бірі – гуманизация. Ал ХХ ғасырда  еңбек еткен Ы.Алтынсарин  шығармаларында педагогикалық, гуманистік көзқарас, яғни шәкіртке мейірімді болу, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақты принциптерінің көрініс тапқанын байқауға болады. Ғалымның атақты Хрестоматиясында  жасөспірімдердің жан дүниесін, ақыл-ойын қалыптастыруға  ұдайы көңіл бөлу мектеп пен ата-ананың  ортақ міндеті деп есептеген.

Үлгерімі  нашар оқушыларды  зерттеу барысында үлгермеушіліктің мынадай үш категориясын қарастыруға болады:

1-категорияға оқушының барлық пәннен бірдей  ұзақ уақыт  үлгермей оқудан жалпы және кенжелеп қалып қоюын жатқызамыз.

2-категорияға сабақты ішінара негізгі пәндерден үлгермейтін оқушылар жатады.

3-категориядағы оқушылар сабаққа  анда-санда  ғана үлгермейді.

Бұл мәселені психологиялық жағынан қарастырсақ, сабақ үлгерімі  төмен оқушыларды мынадай 5 топқа бөлуге болады:

  1. Оқуға деген көзқарасы дұрыс емес балалар.
  2. Материалды қиналып ұғатындар.
  3. Сабаққа дайындалу әдеті қалыптаспаған оқушылар.
  4. Еңбектене білмейтіндер.
  5. Білуге және оқуға құштарлығы жоқ оқушылар.

Сабаққа үлгермеудің себебі көп. Үлгермеушілік сабақ барысында  қалыптасады. Оның алдын алуға болады. Оқушы үлгермеушілігінің себептері  оқу-тәрбие жұмысын дұрыс ұйымдастырмауда, санитарлық –гигиеналық нормалардың бұзылуында. Үлгермеушіліктің негізгі себептері мыналар:

—  жекелеген мұғалімдердің сабақтарының  сапасыздығы,  жаңа материалды толық түсіндіре алмауы, бекіту жұмысының әлсіз  жүруі, оқушы білімін есепке алудың болмауы, мұғалімнің тиісті дәрежеде талап етпеуі;

—  үй тапсырмасын орындау жұмысын  дұрыс ойластырмау және  тыңғылықты тексерудің болмауы, жеке жұмыстың болмауы, танымдық қызығуын дамыта алмау;

—  мектепте үлгермеушіліктің алдын алу жөнінде жүйелі жұмыстың  болмауы;

—  тәрбие жұмысындағы олқылықтар, оқушылардың тәртібінің төмендігі, өз міндеттерін саналы түрде  түсінбеуі, мектеп әкімшілігі тарапынан  тәртіп бұзушыларға уақытылы және тиісті шара қолданбауы;

— бағалаудағы біржақтылық;

— оқыту мен тәрбие үрдісіндегі  сабақтастықтың  болмауы;

— сабақ босату, оқушының  ауырып қалуы, т.б.

Отбасы жағдайында психологтың ойынша  оқушының үлгермеу себептері мыналар:

—  ата-ана мәдениетілігінің аздығы, педагогпен байланыстың жоқтығы;

—  отбасындағы сәтсіздік;

—  балаға талап қою бірлігінің жоқтығы;

—  отбасында бала тәрбиесінің дұрыс жолға қойылмауы;

Үлгерімін жақсарту бағытындағы жұмыстарға мыналар жатады:

1.Отбасында бала тәрбиесіндегі жағдайдың жақсы жолға өзгеруі.

2.Ата-ананың психологиялық-педагогикалық сауаттылығын жоғарылату.

3.Оқу-тәрбие үрдісіне ата-аналарды белсенді түрде араластыру.

4.Баланың дұрыс күн тәртібін ұйымдастыруын бақылау.

5.Баланың жағымды және жағымсыз қасиеттерін тәрбиелеуде ата-анаға жеке кеңес    және көмек беру.

Мұндай жұмыс түрлері оқушыға  үлгерімін жақсартуға  көмектеседі.  Оқушыны жақсы, орта, төмен деп бөлмей, оларды тұлға ретінде қалыптастыруға  психологпен, әлеуметтанушымен, медбикемен жұмыс ұйымдастыру керек.

Әлеуметтік педагогтың ойынша, үлгерімі жақсы оқушының әлеумет жағдайын тексере отырып, үлгерімі төмендеп кетпеуі үшін мынадай жұмыс түрлерін жүргізу керек:

1) жеке әңгімелесу;

2) ата-анамен сұхбаттасу;

3) мадақтау арқылы баланың ынтасын арттыру.

Үлгерімі және әлеуметтік жағдайы төмен  оқушылармен жұмыс барысында психолог, әлеуметтанушы, сынып жетекшісі мына мәселелерге көңіл бөлгені жөн. Яғни, баланың жеке басын мадақтау арқылы ортада өзін еркін сезінетіндей нәтижеге жеткізу керек.

Ата-ананың ойынша, мұғалім мамандығы өте қиын. Сондықтан баланың біліміне, тәрбиесіне басты жауапкершілік  ата-ананың мойынында екенін сезінуі керек. Ең бастысы, баласының үлгерімін жақсарту үшін ата-ана мектеппен тығыз байланыс жасауы тиіс.

Сынып жетекшісі ойы да ата-аналар пікіріне сәйкес келеді. Өйткені, оқушылардың үлгерімін жақсарту үшін пән мұғалімдерімен, ата-анамен тығыз байланыс қажет. Әр оқушының оқу үлгерімін жақсарту үшін үнемі бақылау керек.

Мұғалімнің үлгермеушілікті болдырмау жөніндегі жұмыс жүйесін зерттеу мақсаттары:

— нашар үлгеретін және үлгермейтін оқушылардың білім, білік, дағдыларының жағдайын және сыныптарындағы үлгермеушілікті болдырмау жөніндегі әкімшіліктің іс-әрекетін талдау.

Үлгермеушілікті болдырмаудың әдістері мен түрлері:

— бірінші жарты жылдық барысындағы мұғалімнің  қойған бағаларын және олардың нормаларға сәйкестігін  талдау (бақылау жұмыстарын, оқушылардың дәптерлерін, журналдағы, күнделіктердегі бағаларды талдау);

Нашар, жақсы үлгеретін оқушыларды бақылау түрлері.

Сабақтағы бақылау бағдарламасы. Оқушылардың үлгермеушілігін болдырмауға  бағытталған шаралар жүйесі. Сынып оқушыларына төмендегідей сұрақтар қойылады:

— сыныпта достық қарым-қатынастар жағдайы жасала ма?

— тақта алдында жауап беру кезінде оқушыларға  көмекші құралдар  қолдануға рұқсат етіле ме?

Жаңа тақырыпты түсіндіру кезінде:

— Нашар үлгеретіндерге жаңа тақырыпты баяндау жылдамдығы қиындық туғызбай ма?

— Жаңа тақырыптың негізгі мәселелері ерекше айтылып көрсетіле ме?

— Мұғалім нашар үлгеретін оқушылардың жаңа тақырыпты түсіну  деңгейін  анықтап ескере ме?

Жаттығу кезінде:

— Өз бетімен жұмысқа арналған жаттығулар дұрыс таңдалды ма?

— Нашар үлгеретіндерге өз бетімен жұмыс кезінде көмек көрсетіле ме?

Үй тапсырмасын түсіндіру кезінде:

— үй тапсырмасының көлемі сол сыныпқа сай ма?

— Үй тапсырмасына қатемен жұмыс енгізілген бе?

— Мұғалім үй тапсырмасын нақты, жете түсіндіре ме, кездесер қиындықтар жөнінде ескерте ме?

Оқушының оқу үлгеріміне әсер етуші жағдайлар

Әрбір жеке тұлғаның қалыптасуына әсер етуші күш – қоғам, мемлекет екені айқын. Білім сапасына қоршаған  ортаның, ата-ананың  және ұстаздар  қызметінің, тіпті оқушының  психологиялық көңіл-күйі мен ынта-жігері, талабы да әсер ететіні сөзсіз.  Бұл сызбаны тұтастай ағза деп алатын болсақ, ағзаның қалыпты жұмыс жасуы үшін әрбір бөліктің  атқарар қызметі орасан зор. Үлгерімге әсер ететін жағдайлардың  бірі – оқушының ынта-жігері мен табандылығының, талпынысының  бірлігі, оның мінезіне, мүдделері мен құштарлығына көп көңіл аудару  мұғалімнен талап етіледі.

Жұмыс түрлерін ұйымдастыруда оқушылардың  үлгерімін жақсарту барысында үш түрлі бағытты атап көрсетуге болады.  Осы үш бағыттың бірлігінде жұмыс үнемі  орындалса, мұғалімдер  қиыншылыққа ұрынбас еді. Олар: психо-педагогикалық, медико-биологиялық және әлеуметтік бағыттар.

Бұл бағыттар оқушының даму дәрежесіне, сабаққа қатысуына, оқу үрдісіне жеке оқушының өз қабілеті мен мүмкіншілігін пайдалану жолдарын ашуға көмек береді.

  • Үлгермейтін оқушылар жайлы толық мәлімет алу.
  • Оқушымен қосымша сабақ жүргізу.
  • Жеке тапсырмалар беріп, орындалуын қадағалау.
  • Оқушының ықыласын ояту арқылы табиғи дарынын анықтау, дамыту.
  • Бос уақытында немен шұғылданатынын бақылау.
  • Еңбекке баулу.
  • Ата-анасымен белсене жұмыс жүргізу.

Бұл туралы А.Байтұрсыновтың пікірі бойынша, бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің қызметі оның білімінің, шеберлігін ұзақ жолды қысқару үшін, ол жолдан балалар қиналмай оңай өту үшін, керек білімін кешікпей, кезінде алып отыру үшін, балаға жұмысты әліне қарай шағындап беру мен бетін белгілеген мақсатқа қарай түзеп отыру керек.

Мұндай оқушыларды толық үлгерімге жеткізу — мұғалімнің қиын да абыройлы міндеті.

Осы оқушылармен сабақ үстінде, сабақтан тыс уақыттарда жұмысты төмендегіше жүргіземіз.

  1. Сабақ үстінде:

а) үлгерімі төмен оқушылардан жиі-жиі сұрау, сабақ үстінде оларға барынша

мүмкіндік тудыру. Ол үшін: берілетін білімді түсіндіріп айту, оңтайландыру,сұраққа толық жауап алу, жазуға үйрету, жазбаша салыстыру.

ә) жолдастарының берген дұрыс жауаптарын жиі қайталатып өз қателерін түзеттіру.

б) сол пәнді өте жақсы білетін жолдастарының көмегін ұйымдастыру.

  1. Сабақтан тыс уақыттарда:

а) өзіндік жұмыстың пайдасы көп, оқушыларға жеңілдетілген үлестірмелер, қызықты тапсырмалар беріп, көбірек сөзге, іске тартып белсенділігін арттыру. Осыған орай үлгерім дәрежесі төмен оқушыларға тапсырманы жеңілден бастап біртіндеп күрделендіру көзделеді.

Ұлы педагог К.Д.Ушинский: “Егер сіз бір сөз айтудың өзі қиын соғатын сыныпқа кірсеңіз, жұмысыңызды сурет көрсетуден бастаңыз, сонда сынып сөйлей жөнеледі”, — дейді.

Жұмыстың жоспары мен оны жүргізудің әдіс-тәсілдерін кеңінен талқылап, белгілеп алады.Үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жүргізу үшін алдымен олар арнайы зерттеледі. Оқушыны зерттеуде мына мәселелерге баса назар аударылады:

-дара ерекшеліктері.

-ойлау қабілетінің деңгейі.

-зейіні мен есте сақтауы.

Осы мәселелер анықталғаннан кейін, баланың жеке пәндер бойынша білімі мен дағдыларын есепке ала отырып, ондағы негізгі олқылықтар анықталады.

Ата-анасымен тығыз байланыс жасау. Үйдегі күн тәртібін белгілеп, оны орындаудың қажеттілігін ата-анаға түсіндіру. Оқушының ұжыммен байланысын нығайту мақсатында арнайы әңгімелер, тәрбие сағаттарын өткізу, мінез-құлқының жақсы жақтарын жетілдіру мақсатында сабақта жұмыстар жүргізу, белсенділігін жандандыру, оқуға ынталы, алғыр балалардың жолдастық көмегін ұйымдастыру.

Есте сақтауын дамыту мақсатында шағын да тілге жеңіл көркем текстерді, мақал-мәтелдер мен жұмбақ, жаңылтпаштарды жаттауға ұсынып отыру.Барлық жеке жұмыстарда “оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге” принципін басшылыққа алып, қайталауға көбірек мән беру.

Оқушының еңбектерінін жақсы жақтарын дер кезінде байқап,тиісінше мадақтап, өз күшіне сенімін ояту, т.б.

Жұмыс барысында үлгерімі төмен оқушылардың жеке пәндер бойынша біліміндегі олқылықтар анықталып, жүргізілетін жұмыстар соларға орай нақты белгіленеді, олардың нәтижелерін жазып отырамыз.

Оқудың белгілі бір кезеңінде үлгерімі төмен болған оқушылардың жоғарыдай жұмыстар барысында едәуір жақсы нәтижелерге бастауы осы бағыттың дұрыстығын көрсетеміз.

Бастауыш сынып мүғалімі оқушыларды таным қабілетіне қарай бірнеше топқа бөліп, қысқаша мінездеме жазып, зерттеу табеліне түсіреді. Олардың сипаттама шамасы төмендегідей:

— Танымы жақсы жетілгендер, зейінділер

— Тез қабылдайтын, бірақ зейіні тұрақсыз, бұл 7-9 жастағылар арасында жиі кездеседі.

— Қабылдауы баяу, зейіні ықтиярсыздар.

— Зейінсіз, қабылдауы төмендер.

Мұғалім сабақ жоспарын жасаған кезде жеке оқушылармен жүргізілетін жұмыс түрлерін қоса белгілейді. Қойылатын сұрақтарды, үлестірмелермен жазбаша тапсырмаларды алдын-ала іріктеп алу дара жұмыс жүргізу жоспарының орындалуын тексеруге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс оқушыларды жеңілден бірте-бірте күрделіге жетелеу арқылы жүзеге асады. Оларды топқа бөліп, жеке дара жұмыс істеу мұғалімнің шеберлігіне де байланысты.

   Жағдаят. Оқушы  1- сыныпқа басқа мектептен келді. Оның оқуға ынтасыздығы бірінші күннен-ақ байқалды. Ақылға көнбейді. Көңілі соқпаса, сабаққа келмей қалатынды шығарды. Ата-анасының “тілімізді алмайды” деп, бала тәрбиесіне жауапсыз қарайтынын білді. Сабаққа үй жұмысын орындамай келіп жүрді. Егер қатаң талап қойып, кітабынан тапсырманы жеке көрсетіп берсең, сол бетті жыртып тастайтын болды. Сабақта әдейі бір жағымсыз мінез көрсетіп, мұғалім назарын еріксіз өзіне аударып, “ескерту айтсын” дегендей әрекеттер жасайтынды шығарды.

Кейде:

— Сен тыңдап отыр, түсіндіріп болған соң, сұраймын, — деп қатаң талап қойса, кейде сенім білдіріп, көтерме баға да қойып жүрді. Оның балаға үлкен әсері болды. Ойламаған жерден “4” алуы баланың психологиялық түйсігіне әсер еткендігі, соншалық, баланың бет бейнесі бірден өзгеріп, көзінен қуаныш табы байқалады. Сол күнгі басқа сабақтардың барлығында тәртіп бұзбай тыныш отырды. Бұл алғашқы нәтиже еді.

Окушыны жеке алып қалып, түсінбеген тақырыптарын анықтап білгеннен кейін, күнделікті сабак үстінде, сабақтан кейін де қосымша түсініктерді беруді әдетке айналдырды. Баланың білмейтін материалдарын күнделікті дәптеріме жазып жүрді. Оқушының сынып ұжымына қалай карайтынын, берілген жазаны және мадақтауды қалай қабылдайтынын сабақ үстінде, тәрбие сағаттарында анықтады.

Баланың ата-анасымен әңгімелесіп, өмірден көптеген мысалдар келтіріп, бірлесіп, кеңесіп істеген тәрбиемен ғана баланы түзете алатынымызды айтты. Ата-ананың бала тәрбиесіне жауапты екенін де ескертті.

Жеке оқушылармен жұмыс істеуде мына төмендегі мәселелерге үнемі көңіл бөлді.

  • Оқушылардың жаңа материалды сабақ үстінде қабылдауы.
  • Үй жұмысын күнделікті орындауына мұқият есеп жүргізу.
  • Оқушының сабақ оқуға ынтасын қалыптастыру.

Мұнда тек үлгермеушілерге ғана емес, 5-ке оқитын окушыларға да білімін дамыту мақсатында жеке тапсырма беріледі.

ҚОРЫТЫНДЫ.

Білім негізі — бастауыш сыныпта қаланатыны жұртшылыққа белгілі жағдай. Оқушының бұл сыныптарда алған білімінің тиянақты да сапалы болуы — жоғары сыныпқа барғанда жақсы оқуының кепілі болатындығын ешкім жасыра алмайды.

Жаңа бағдарламаға көшкен оқушылар ізденгіш, өз бетінше жұмыс істеуге икемді, ішкі сезімге бай, ақыл-ойы өткір болып тәрбиеленуде.

Болашақ ұрпақтың білікті азамат болып өсіп-өнуі мектептен, ең алдымен, бастауыш білім беруден бастау алатыны анық. Сондықтан да бастауыш мектепте оқу үлгермеуін болдырмау жолында оқулықтар мен білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру қажет. Сондай-ақ,   оқушылардың оқу үлгермеушілігін болдырмаудың жолдары оларды шығармашылық іс -әрекетке баулу қажет екенін деп қорытындылаймыз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.