Сіздің адам өмірінің айтулы белесі — қос отыздың қосындысына толған мерейлі де мәртебелі жасыңыз құтты болсын!
Көктемнің алғашқы айының шұғылалы, сәулелі күндерімен бірге жылулық лебін, ізгіліктің нұрын бірге әкелетін биылғы жыл сіз үшін ерекше, жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесін артқа қалдырды. Сіз осы кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен келіп отырсыз.
Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, адами қасиет, ғылымның шыңына шығып, шыңырауында шыңдалған ғалым ретінде тану. Таңдаған жолыңызды табысты, аброймен жалғастырып ғылыми мектеп қалыптастырып келе жатқан шәкірттеріңіз ғылым, білім әлемінің биігінен көрінуде.
Сіз өз еңбек жолыңызда талай белестерді бағындырып, ұжымның құрметіне бөленудесіз. Ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым, аяулы да сүйікті жар, ардақты ана, мейірімді әже ретінде сізге шынайы шаттық, баянды бақыт, зор денсаулық тілей отырып, өмірдің барлық қуанышын қызықтап, ерен еңбегіңіздің жемісін ұзағынан көріп, Болат бауырыммен берге бақытты ғұмыр кешуіңізге тілектеспін!
Әрбір адам дүниеге келгенде түнгі аспандағы жұлдыздардың саны көбейеді екен. Шынында да түнгі аспанды бір сәт тамашалап көрсеңіз, адамдар да сол жұлдыздар тәрізді екенін байқайсыз. Біреулер жарыққа шыққаннан гөрі тасада жүргенді қалайды-оның жұлдызы әлсіз жалтырайды. Ал енді үнемі күн тәрізді жарқырап, түнгі аспанға ерекше шұғыла шашып тұратын ізгі жандар болса керек. Бүгінгі туған күн иесі осындай ерекше жарық жұлдыздың иесі деп айтуға болады, жұлдызыңыз әрқашанда жоғарыда жарқырап, ешуақытта сөнбесін!
Қазіргі күнде кафедрадағы, ұжымдағы беделіңіз айрықша. Терең біліміңіз, берік ұстанымыңыз, кәсіби шеберлігіңіз бен жоғары біліктілігіңіз және пайым парасатыңызбен зор құрметке бөленіп отырсыз. Бар күш-жігеріңізбен тәжірибеңізді ғылымға арнап, жоғары мектепте мамандар даярлауға жұмсап келесіз. Барлық атқарған қызметтерде белсенділік танытып, тындырымды ісіңізбен танылудасыз. Біліктілігіңізбен іскерлігіңді орайлы ұштастыра отырып, білім беру ісіне сүбелі үлесіңізді қоса беріңіз, игі істеріңіздің қашанда оңға басуына, әр қадамыңыздың қарымды болуына тілектестік білдіремін. Әрқашан ойлаған ойларыңыз орындалып, толағай табыстарға жете беріңіз. Мерейлі жасыңызда өмірде бақытты, әріптестеріңізге қадірлі де сыйлы, жүзіңіз нұрға, өміріңіз жырға толып, алға қойған үлкен мақсаттарыңызға сүрінбей жете беруіңізге тілектеспіз. Аспаныңыз ашық, жүзіңіз жарқын, шаттық-қуанышыңыз мол болсын! Елге етер еңбегіңіз, келер ұрпаққа берер тәліміңіз бен тағылымыңыз алдағы уақытта жалғасын таба берсін, Алланың берген жасын жасап, немерелерден шөбере сүйіп, несібе-дәулетіңіздің арта беруіне ақ тілегімді білдіремін!
Ізгі ниетпен қажы апаң Фатима Ниязбекқызы.
ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛУШЫ ҒИБРАТТЫ ҒАЛЫМ Отбасы – адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Отбасы ең алғашқы тұлғаны дамытатын әлеуметтік орта. Отбасы – адам өмірінің тамаша жақтары жүзеге асатын… адамның ең басты шаттығы болып саналатын балалардың өсіп, өмір сүретін орны болса отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты, сондықтан ол қоғам мүддесіне қызмет етуі тиіс. Қоғамда отбасы екі қызмет атқарады, оның бірі – дүниеге ұрпақ әкелу, екіншісі – дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамытуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыру. Отбасында баланың тұлғалық қасиетіне ықпал ететін көптеген жағдайлар болады. Отбасындағы жас ұрпақтың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына ата-ананың, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасындағы мейрімділік пен махаббат қажет. Толық мәнді отбасы болу үшін ата-ананың және басқа отбасы мүшелерінің береке-бірлікті, түсіністікті сақтауы, сонымен қатар әр отбасы мүшесінің құқы қорғалуы тиіс. Осындай отбасы құндылықтарының тарихын терең зерттеу нысанасына алып, қыр-сырына қанығып, оны бүгінгі заманауи бағытта жас ұрпақтың бойына дарытып, саналы ғұмырын осындай отбасы тәрбиесін түп-тамырымен зерделеуге арнаған біздің сөз қозғағалы отырған кейіпкеріміз танымал ғалым, майталман маман, үлгі мен өнегенің өрнегін көрсетіп келе жатқан әріптесіміз Атемова Қалипа Тұрсынқызы. Ол ізгі мұраттарды отбасындағы тәрбиемен ұштастырғанда ғана, отанын, елін-жерін сүйетін, өз ұлтының салт-дәстүрін, сонымен бірге ұлттық құндылықтарды ұрпағының бойына сіңіріп, өзінің кісілік келбетін сақтай алатын тұлға тәрбиелеудің зергері десек те болады.
Қалипа Тұрсынқызы 26.03.1964 ж. Самарқан облысы, Нұрата ауданы, Қызылша ауылында дүниеге келген. Ұлты қазақ. 1971 жылы мектепке Жызақ облысы, Фариш ауданына қарасты Қызылқұм совхозында №9 Абай мектебіне барып, 1981 жылы өте жақсы тамамдаған. 1981 жылы Фарыш аудандық «Шаруа» газетінің редакциясында бір жыл аудармашы қызметін атқарған. 1982 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық институтының «Физика және математика» мамандығына түсіп, оны 1987 жылы үздік бітіріп шыққан. 2017-2019 оқу жылында Шымкент университетінде «Педагогика және психология» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды.
1987-1990 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы №7 Қ.Спатаев атындағы орта мектепте және №50 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте физика пәнінің мұғалімі қызметін атқарған.
1990 жылдан бастап жоғары оқу орнында қызмет етіп келеді. Атап айтқанда: 1990-1995 жылдар арасында Шымкент педагогикалық институтының «Педагогика» кафедрасында оқытушы, 1995-2003 жылдар аралығында М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Педагогика» кафедрасында оқытушы, 2003-2008 жылдар аралығында Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде доцент, 2008-2012 жылдар аралығында Шымкент университетінде «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, кейіннен ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, 2012-2021 жылдар арасында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінңғ «Педагогикалық ғылымдар» кафедрасының профессоры қызметін атқарған. 2021 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық унивеситетде «Педагогика» кафедрасының профессоры қызметін атқарып келеді.
1999 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-де п.ғ.д., профессор А.А.Бейсенбаеваның жетекшілігімен «Мектеп пен отбасы бірлескен жұмысы негізінде оқушылар бойында гумандық қасиеттерді қалыптастыру» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған.
2010 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-де п.ғ.д., профессор А.А.Бейсенбаева мен фил.ғ.д., профессор М.Мырзахметұлының кеңесшілігімен «Түркі ғұламалары мұраларындағы отбасы тәрбиесі идеяларының қалыптасуы мен дамуы (IX-XIIғғ)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған.
2011-2014 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіндегі «Білім» бағытында құрылған диссертациялық Кеңестің мүшесі ретінде ғылыми кадрларды даярлауға қытысты. 2017-2019 жылдарда Е.Букетов атындағы ҚарУ-де 6D010200-«Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» және 6D011900-«Шетел тілі: екі шет тілі» мамандықтары бойынша құрылған Диссертациялық кеңестің мүшесі болды. 2019 жылдан Е.Букетов атындағы ҚарУ-де 6D010200-«Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» және 6D010300-«Педагогика және психология» мамандықтары бойынша құрылған Диссертациялық кеңестің мүшесі. Бүгінге дейін 5 PhD докторы мен 30-ға жуық магистрлер дайындап шығарды
Бүгінде 250-ден аса ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбектің авторы. Соның ішінде, ҚР Білім және ғылым министрлігі грифімен «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бекіткен 3 оқулық, 7 монография, 12 оқу және оқу-әдістемелік құралының авторы. Оған ғалымның төмендегі зерттеу еңбектері дәлел болады. Атап айтқанда: «Қазақ отбасы тәрбиесінің даму тарихы», «Түркі халықтарындағы отбасы тәрбиесі дәстүрлерінің қалыптасуы», «Жоғары оқу орнында студенттердің көпмәдениеттілік тұлғасын қалыптастыру», «Болашақ педагог маманның кәсіби тұлғасын түркі ғұламалары мұралары негізінде қалыптастыру», «Түркі халықтарының қыз балаларды болашақ отбасылық өмірге даярлау дәстүрлері» атты монографиялары, «Әлеуметтік педагогика», «Мәңгілік Ел» оқулықтары, «Отбасында баланың іс әрекетін ұйымдастыру жолдары», «Оқушылар бойында гумандық қасиеттерді қалыптастырудағы отбасының рөлі. «Педагогика негіздері», оқу әдістемелік құралдары, «IX-XII ғасырдағы ғұламалардың отбасы тәрбиесі туралы ой-пікірлері», «Этнопедагогика» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде), «Отбасындағы ұрпақ тәрбиесі», «Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірлердің қалыптасуы», «Ұлы ғұламалар мұраларындағы педагог маманның кәсіби тұлғасы туралы идеялары», «Қыз тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды пайдалану», «Отбасы салт-дәстүрлерінің қыз тәрбиесіндегі рөлі оқу-құралдары», «Қыз тәрбиесіне пайдалы 10 кеңес» т.б. оқу-әдістемелік құралдары жарық көрген. Сонымен қатар, көптеген ғылыми мақалалары Scopus, Web of Science базасындағы журналдарда жарияланған. Ғалымның ғылыми зерттеулерінде қарастырған, таңдап алған ғылым саласында өзіндік қол таңбасын қалдырып, тың үлес қосып отырғаны белгілі.
Соңғы жылдары түркі халықтарына тән тәрбие мәселелерімен айналысып, Анкара қаласындағы Гази университетінің ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Зерттеу аясында жүргізілген жұмыстарын түркі халықтарының тәрбие дәстүрлерімен сабақтастықта қарастырып, «Түркі халықтарының қыз балаларды болашақ отбасылық өмірге даярлау дәстүрлері» атты монографиялық жұмысы жарық көрді.
Әріптесіміздің кісілігін, парасат-пайымын, іскерлік қарымын қызмет барысында танисың. Қ.Т.Атемованың өмірі ізденіспен, жай ізденіспен емес, ғылыми ізденіс үстінде өткені айқын. Көркем мінезді, биязы, қарапайым, ғылымға өзіндік ерекшелігімен үлес қосқан ұлағатты ұстаз.
Сізді мерейлі жасыңызда өмірде бақытты, әріптестеріңізге қадірлі де сыйлы, жүзіңіз нұрға, өміріңіз жырға толып, алға қойған үлкен мақсаттарыңызға сүрінбей жете беруіңізге тілектеспіз. Аспаныңыз ашық, жүзіңіз жарқын, шаттық-қуанышыңыз мол болсын! Елге етер еңбегіңіз, келер ұрпаққа берер тәліміңіз алдағы уақытта жалғасын тауып, несібе-дәулетіңіздің арта берсін, әзиз байлық — денсаулық, ғылыми кемелділік, шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт, отбасыңызға амандық тілейміз! Ерен еңбегіңіздің жемісін ұзағынан көріп, бақытты ғұмыр кешуіңізге тілектеспіз!
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
профессоры, п.ғ.к, Жумабекова Фатима Ниязбекқызы