Home » Жаңалықтар » Оралда жаңа мектеп салынуда

Оралда жаңа мектеп салынуда

Жазғы демалыс мерзімі де аяқталуға таяп, жаңа оқу жылы басталар уақыт жақындап келеді. Осы ретте Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласындағы мектептер жаңа оқу жылына қаншалықты дайын деген сауалмен қалалық білім беру бөліміне хабарласып көрдік.
Оралда жалпы 51 жалпы орта білім беретін күндізгі мектеп бар.  Олардың 49-ы – орта, екеуі – негізгі және біреуі – кешкі ауысымды мектеп. Сонымен қатар қалада бес гимназия мен бес лицей жұмыс жасайды.
Өткен оқу жылын 49955 оқушымен қорытындылаған оралдық білім ошақтарында жылдық білім сапасы 66,33 пайызды құрады. Соның ішінде 2019-2020 оқу жылында 9-сыныптарды  3637 оқушы аяқтаса, олардың 181-і  үздік аттестатқа ие болды. Ал алтын ұяларымен қоштасқан 2013 түлектің 1692-сі ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. 86 түлек «Алтын белгі» иеленіп, 70 мектеп бітіруші үздік аттестат иегері атанып, ұстаздары мен ата-аналарын қуантты.
Осындай жетістіктермен бір жылды артқа тастаған оралдық білім ордалары келесі оқу жылына дайындалуда. Шаһардағы №21, №25 және №45 орта мектептерге қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал техникалық қорытынды бойынша апатты жағдайда деп танылған №31 және №33 мектеп ғимараттары бұзылып, орнына жаңа мектептер салынуда. Сонымен қатар қалалық білім беру бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығындағы №3, 6, 10, 13, 14, 22, 23, 27, 32, 35, 37, 40, 42, 43, 44, 46, 47 және кешкі (ауысымды) мектептер күрделі жөндеу сипатындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осыған байланысты қажетті қаражатты қайта қарастыруға бюджеттік комиссия отырысына жолданған.
2020 жылы Орал қалалық мәслихатының 31 наурыздағы  «Орал қалалық мәслихатының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №39-2 «2020-2022 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешіміне  сәйкес білім саласы бойынша бірқатар іс-шараларға қаражат бөлінген. Мысалы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ұйғарымдарында көрсетілген білім мекемелеріндегі кемшіліктерді жоюға,  қалаға қарасты Ветелки ауылындағы №29 НМ, кешкі (аусымды) ЖОББМ, оқу-өндірістік комбинатына ішкі әжетханалар орнатуға,  № 1 және №32 мектептердің ауласын қоршауға, «Атамекен» жазғы сауықтыру лагерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, №9 орта мектептің спорт және мәжіліс залдарына жөндеу жұмыстарын өткізуге қажетті қаражаттар қарастырылған.
Мектептердегі үш ауысымдылықты жою жұмыстары да назарға алынып, қажетті шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Зашаған ауылында салынып жатқан жаңа 900 балаға арналған №51 мектеп құрылысы. Құрылысы аяқталуға таяу жаңа ғимаратқа биылғы жаңа оқу жылында Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі көшірілетін болады. Сонымен қатар жаңа мектепке сол мөлтек ауданның балалары да оқуға қабылданады. «Мектеп-лицей жаратылыстану-математика бағытында білім беретіндіктен, жай сыныптармен қатар лицей сыныптар да жасақталатын болады» деді Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің директоры Шынар Сағынғалиева. Жаңа нысанның құрылысын мониторингтік топ мүшелері де қадағалауда.
Құрылыс бөлімінің ақпаратына сәйкес қаладағы «Балалар ауылы» ауданында 900 орындық №52 мектептің құрылысына қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жолданса, «Балауса» шағын ауданында 900 орындық № 53 мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Оған « Меловые горки» кентінде 300 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталған.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», Орал

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.