Home » Білім және тұлға » Торқалы тоқсаныңыз құтты болсын, қадірлі Ұстаз!

Торқалы тоқсаныңыз құтты болсын, қадірлі Ұстаз!

        Ұстаз – ұлы есім. Ұстаз – ұлағат иесі. Мектеп көрген әр кісінің жүрек түкпірінде аяулы ұстазының есімі мәңгі тұрақтап қалатыны бар. Ол – заңдылық. Мен де осы бір жақсы адам туралы «Менің ұстаздарым» деген естелік-эссе жазғанмын. Әдебиет әлеміне сапар шегуіме, ақын-жазушыларды сүйіп оқуыма, ара-тұра өзімнің де қалам тербеуіме асыл ұстазымның еңбегі зор. Іргетасы мықты қаланған үйдің құламайтыны секілді, тәлімі тереңнен бастау алған ілім-білімің де қандай бір дауылыңа төтеп бере алады. Көркем әдеби кітапқа құмарлығым бастауыштан оянып кеткен еді. Бұл ынтызарлық төртінші сыныптан бастап (ол кезде бастауыш үш сыныптық) әрі сынып жетекшім болған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әбдібек ағай Байболұлының оқытушылық еңбегінің арқасында ұштала түсті.

Ақын-жазушылардың шығармашылығын оқытуды тереңдете түсетін жоғарғы сыныпқа келгенде біз олардың көптеген кітаптарын төменгі сыныптарда (ағайдың ықпалымен) өз бетімізше қызығып оқып, түгесіп қоятынбыз да (бағымызға қарай мектеп кітапханасы бай еді), ағайдың әр сабағы қызықты әрі нәтижелі өтетін. Енді оқылмай қалған шығармаларымен тезірек танысуға ден қоятынбыз. Таңғаламын, қоңырауда мектеп кітапханасы балаға толып кететін. Ешкім оларды күштеп кіргізбейді ғой. Көпшілігін оқып қойып, оқымаған кітаптарға таласып қалушы едік. Қайсыбірін ағай өзі жеке үй кітапханасынан әкеп беріп, оқуымызға тамаша мүмкіндік туатын. Ол да бір ғажап дәурен екен ғой! Шіркін, дүние-ай, балалық шағымның солай өткені қандай жақсы болған! Жас кезде алған білім тасқа түскен таңбадай, санаңнан еш өшпейді. Қазір көп айтылатын, көбіне үстірт айтылатын «рухани жаңғыру» дәуірі өткен екен басымыздан. Заман сондай болды ма, адам сондай болды ма, әйтеуір сол кездегі ұстаздарымыз қазіргідей санынан адам жаңылысатын көл-көсір көрнекіліксіз-ақ, бір ғана кітаппен телегей теңіз білім беретін. Неге телегей теңіз? Себебі, Абай айтқандай «Артық білім – кітапта, Ерінбей оқып көруге» дәлелдеуді қажет етпейтін даналық. Иә, ешнәрсе алмастыра алмайтын артық білім тек кітапта! Қазіргі сауатсыздық – кітап оқымаудан.

«Не ексең, соны орасың» дейді халық даналығы. «Ұстаз – адамды адам етуші мамандық» деген сөз бар. Парасат биігінен төмендемеуді үйрете білген ұлағатты ұстазымның жолын қуып мен де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болдым. Бәлкім, «болмасаң да ұқсап бағу», бәлкім, «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» атанып, ұстаз жолын қуу. Не де болса, ардақты ұстазымның ұлтымның тілі, қазақ тілінің дамуына, сол құнарлы тіл арқылы көрнекті тұлғаларды танытуға, олардың құнды шығармаларын зейін сала оқытуға сіңірген адал қызметін абыроймен жалғадым деп ойлаймын. Жасырмаймын, сыныпта ұстазымның ерекше ықыласы түскен шәкірті болғаным рас.

Қайсыбір тұстарын еске алсам, ағай сабақ үстінде образға кіріп кететін. Үстелге отырып алу деген жоқ еді. Көп оқығандықтан болар, көне, әдеби сөздермен шығарманы түсіндіре жөнелгенде, сілтідей тынып отыратынбыз. Кейде терезеден алыс көкжиекке көз жіберіп, кейде қолдарын жайып, ал бірде бір қолы қалтасында, бір қолымен әлденені түсіндіру үшін сермеп қалып, (бір ғажабы, ешкімнің бетіне тіктеп қадалмайтын, өз ойын бөлмеу үшін бе…) сабағын өте шебер өтуші еді. Отыз екі оқушының көзі тек ұстаздың қимыл-қозғалысында, ойы әлгі әдеби шығарманың әлемін шарлап кететін. Ұстаздық қасиет, ұстаздық бедел осылай көрінсе керек. Иә, айтқандай, ағайдың тағы бір әрекеті есіме түсіп отыр. Әрине, сонша баланың ішінде бірді-екілі баланың жыбырламауы мүмкін емес қой. Баланың аты бала. Ондайда ағай кейбіреулер сияқты сабағын тоқтата сап, айқайға баспайтын. Әңгімесін үзбеген бойы, жәйлап әлгі «жыбырлаққа» жақындай түсіп, иығына қолын қойып, «тыныш отыра ғой, елді алаңдатпа» дегендей арқасынан жәй ғана қағып-қағып қоятын да, жылжып өтіп кететін. Мұндай «айналайын» ескертуден соң, қайта тыныштық орнайтын. Осы бір сәттік көріністің өзі мәңгі есіңде қалады. Өмірлік сабақ деген осы, бәлкім?! Көзге көрінбейтін тәрбие деген осы болғаны ғой.

Уақыт жүрдек қой. Бәрі де кеше ғана болған сияқты еді. Міне, бүгінде ардақты, асыл ұстазымыз Әбдібек ағай Байболұлы торқалы тоқсанның биігіне көтерілді. Еңкеймей, ентікпей, демікпей, ауырып-сырқамай, ешкімнің мазасын алмай, әдемі қартаюды Алла нәсіп етіп, жақсы жетіп отыр. Құтты болсын айтамыз! Мектептің дәстүрлі мерекелері алғашқы қоңырау, соңғы қоңырау, ұстаздар күнінде үнемі құрметпен шақырылып, сол мәртебелі жиындарда жас ұрпаққа ақ батасын аямай төгетін аузы дуалы абыз атамызға зор денсаулық тілейміз.

Зеберкүл Шардарбекова

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.