Home » Мақалалар » ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫН ҰЛЫҚТАЙЫҚ

ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫН ҰЛЫҚТАЙЫҚ

Кайыпова Гулнур Алпысбаевна
Алматы қаласы   Медеу ауданы
М.Мәметова атындағы
№28 мектеп -лицейдің
қазақ тілі мен әдебиетті пәнінің мұғалімі

Алматы қаласы Медеу ауданы М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінде 2024 жылдың 12-16 ақпан аралығында «Оқу сауаттылығы» апталығы ұйымдастырылып, аталған апталықтың іс-шаралар жоспарына сәйкес ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өнегелі өмірімен танысу, шығармаларына шолу жасау, өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу, әндерін айту, сонымен қатар сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру, көркем сөйлеуге, шәкірттерді адамгершілікке, қасиетті дүниелерді қадір тұтуға тәрбиелеу мақсатында 5-6 сынып оқушыларымен «Абай оқулары», «Толық адам» атты әдеби кеш өткізілді. Сыныптан тыс іс-шараны қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Г.А. Кайыпова, М.С. Майлыбаева, Р.Е. Сагымбекова ұйымдастырып, білікті мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, әдеби кештің жоғары дәрежеде өтуіне атсалысты. Мектеп басшысы Медетбекова Айсұлу Темірғалиқызы іс-шара барысында ұлы ақын шығармаларының күні бүгінге дейін өзектілігі және маңыздылығына тоқтала келе, оқушылардың адам болып қалыптасуына «Толық адам» тағылымының өмірдегі мәніне назар аударуды ұсынды.

Кеш барысында қазақтың дана да дара ақыны жайында заманауи технология арқылы «Абай кім?» атты жасанды интеллект қолданылды. Ғұламаның өмірі мен шығармашылығына тоқталып, оның бізге мұра етіп қалдырған өлеңдері мен әндеріне, белгілі поэмалары мен қара сөздеріне қысқаша тоқталып, ақпарат берілді.  Ақын көзінің тірісінде 176-ға жуық өлең жазып, ең танымал туындыларының бірі – «Қара сөздерін» тоғыз жыл бойы жазғанын, шығарма ең алғаш 1918 жылы, өзі өмірден өткен соң 14 жылдан кейін «Абай» журналында жарық көргенін және Абай шығармалары әлемнің 60 тіліне аударылғанын айтып өтті.

Мектебіміздің жас өнерпаздары, Абайша айтқанда, «болмаса да ұқсап бағып», ақын шығармаларын оқып, өз қабілеттерін көрсете отырып, ақынның жыр шумақтарымен көрермендерді сусындатты. Ақын өлеңдерінің сөзіне жазылған әндерді эстрада жанрында 5 «Б» сынып оқушысы Лекер Аңсағаным «Желсіз түнде жарық ай», 5 «Б» сынып оқушылары «Көзімнің қарасын» хормен шырқаса, қазақтың киелі қара домбырасымен 5 «В» сынып оқушысы Ержанов Темірлан «Сегіз аяқты» орындап, құлақ құрышын қандырды.

«Орыстар үшін – Пушкин, ағылшындар үшін – Шекспир, грузиндер үшін – Руставели қандай ұлы құбылыс болса, қазақтар үшін Абай да сондай теңдессіз құбылыс» — деп, болгар ақыны Кайсын Кулиев айтқандай, қазақты әлемге танытқан жазушының әлеуметтік, саяси, қоғамдық тақырыпта жазылған қара сөздерін де жатқа оқып, оның мәні мен мағынасы тереңде жатқанын түсіндірген жас өрендеріміз табылды. Аудармалары мен поэмаларынан үзінді оқылып, ақын өмірінен қысқаша көрініс көрсетіліп, бір сәт Абай аулына барып қайтқандай сезімде болдық.

Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының асыл мұраларын ұлықтау, жас ұрпақтың бойына ізгілік пен қарапайымдылықты сіңіру, өнер мен білімге баулу ұлағатты ұстаздардың еншісінде екені баршамызға мәлім. Сондықтан оқушы тәлім мен тәрбие алатын, білімін шыңдап, шығармашылығын танытатын игі шараларымыз көп болса екен дейміз. Әр баланың бұл өмірде кірпіш болып қалануына ықпал жасау – біздің міндетіміз. Ұлы ақынның өміріне, шығармаларына арналған түрлі форматтағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдіремін. Өз уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын ұстаздарымызға шығармашылық табыс тілеймін.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.