Home » Жаңалықтар » Қашықтан оқыту: мұғалімдердің көзімен

Қашықтан оқыту: мұғалімдердің көзімен

Бүгін елімізде қашықтан оқыту жүйесінің екінші аптасы өз бастауын алды. Оқыту мен сабақ берудің негізгі тәсілдерін жаңа форматқа икемдеген ұстаздар қауымы үшін өткен апта ескіні бағамдау мен жаңаны бағалаудың алғашқы кезеңі болды деп айтауымызға болады. Мұғалімдерге қысқа уақыт ішінде үйреншікті жүйеден бас тартып, технологияны ғана емес, өзін-өзі өзгертуге тура келгені баршамызға белгілі.

Осыған орай, бүгін біз «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» мұғалімдерінің оқытудың алғашқы аптасы туралы ойларымен бөліспекпіз. Олар оқушы мен мұғалімнің жанама (алыстан) өзара іс-қимылына негізделген жаңа формат жайында пікір білдірді:

­­­­- Қашықтан оқытудың алғашқы аптасын да артта қалдырып үлгердік, «көз-қорқақ, қол-батыр» деген осы екен-ау. Сабақты қалай құру керек, қандай ресурстар мен технологияларды пайдаланған тиімді, оңтайлы үй тапсырмаларын ұйымдастыру, ата-аналардың көзқарасы,  шәкірттеріме сапалы білім беруде бұл үрдістің қаншалықты тиімді болатынына ерекше алаңдадым. Оқыту платформаларының функционалдық қызметтерін меңгеру оңайға түскен жоқ. Ал қазір сабақтар ойдағыдай өтуде. Бірлескен талқылаулар, түсіндірулер, сұрақ-жауап ағымдағы оқу үрдісіндегідей жүріп жатыр. Оқушыларым да позитивті көңіл-күйде, берілген барлық тапсырмаларды қызығушылықпен құлшына орындап, кері байланысты асыға күтуде», дейді бастуыш сынып мұғалімі Райгуль Карменва.

Қашықтан оқытудың маңыздылығы – білім берудің біртұтас ақпараттық жүйесін құру арқылы оқушылардың жалпы білім деңгейін көтерумен өлшенеді. Сонымен қатар, оқушылардың оқу және ғылыми ізденістерін арттырып, әлемдік ақпарат кеңістігіне жол аша алсақ, бұл жүйенің ұтымды тұсы да осы болмақ.

— Қашықтан оқыту жүйесіне көшкелі мұғалімдердің жұмысы екі есе артқаны жасырын емес. Жаңа дүние қашан да үйренушіден ерек көзқарас мен өзге танымды қажет етеді. Мақсатымыздың ең биігіне келешек ұрпақ оқушыны қойғандықтан, әлем тәжірибесіне ілесуге міндеттіміз. Алғашқы аптаны бейімделу кезеңі деп қарастыратын болсақ, жаңа форматтың жетістіктері көңіл қуантады,- деп дизайн пәнінің мұғалімі Фариза Мейрамбек өз ойын ортаға салды.

Күн санап танымалдығы артқан қашықтан оқыту жүйесі мұғалім мен оқушы арасында аудиториялық (сыныптық) әрекеттесуді талап етпейдіндігімен, шекаралық кедергілердің жоқтығымен ерекшеленеді. Бастауыш сынып мұғалімі Валентина Петровнаның пайымдауынша, оқушылардың тез бейімделгіштігін ескерер болсақ, жүйедегі қиыншылықтардың уақытша екендігі сөзсіз:

— Қашықтан оқыту балалардың зияты білім жүйесін ғана емес, өмірге қажетті, болашақта оқуға қажетті жаңа дағдыларды да қамти алатындығын дәлелдеді. Тапсырманы орындай отырып, бала: «Менің қолымнан келеді!», «Мен жасай аламын!» деп өзін-өзі жігерлендіреді.  Сабақтың өздері көріп жүрген мультфильм секілді қызықты болатынын көреді. Басты рөлде сиқыршы әрі дос, жүргізуші әрі сырлас ұстаздары екенін түсінеді.  Міне, ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынастың ешбір жүйеге қарамастан беки түскендігінің тағы бір дәлелі – осы, — дейді мұғалім.

Заман ағымына қарай қадам басқан жүйелердің маңыздысы – білім беру жүйесі. Жаңа формат ерте ме, кеш пе тәжірибеге енгізілер еді. Бір айта кетерлігі, жаңа дәуір талқысын Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің мұғалімдері зор абыроймен қабыл алды.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп»
«Назарбаев Зияткерлік мектептері»
дербес білім беру ұйымы филиалының
баспасөз хатшысы
Сандуғаш Кожина

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.