Home » Жаңалықтар » Ағайынды қос батыр

Ағайынды қос батыр

           Спорт үшін туылған жандар десек, артық болмас. Бүгінде біз жас та болса бокс әлемінде талай белестерді бағындырып үлгерген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Толағай» жоғары спорт шеберлігі мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мақтан тұтар, бірбеткей мінездерімен ерекше ағайынды Оралбай Айбек пен Нұрбек Рахатұлдарының Қазақстандық жас боксшылар арасындағы ойып тұрып алатын орындарына тоқталмақпыз. Себебі, әрбір қазақ спортшыларының жеңісі – барша қазақ елі үшін зор мақтаныш.
Мақала кейіпкерлері ағайынды-егіздер 2000 жылдың 11 маусымы Жамбыл облысы Айша бибі ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасынан шыққан бокстың жас жұлдыздары Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы Республикалық спорттық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты колледжінің 3 курс студентері. 11 жылдан артық уақыт үздіксіз жаттығудың арқасында Оралбайлардың 3 жыл бұрынғы көрсеткіштеріне көз жүгіртсек:

Оралбай Нұрбек Рахатұлы:
— Бірнеше дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы;
—  2017 жылы жастар ойындары 75 кг-І орын( Щучинск қ.);
— 2018 жылы Әлем чемпионаты І орын( Будапешт қ.);
— 2019 жылғы Қазақстан Республикасы 5 Жазғы спартакиадасының чемпионы;
— 2019 жылы «Gee Bee»  Халықаралық турнирдың жүлдегері;

Оралбай Айбек Рахатұлы:
— Бірнеше дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы;
— 2017 жылы жастар ойындары 91 кг-І орын( Щучинск қ.);
— 2018 жылы Азия чемпионаты  91 кг -І орын (Бангкок қ.);
— 2018 жылы Буэнос-Айрес қаласында өтетін Жастар арасында Олимпиада ойындарының чемпионы;
— 2018 жылы Әлем чемпионаты 91 кг-ІІ орын( Будапешт қ.);
— 2019 жылы Қазақстан Республикасы 5 Жазғы спартакиадасының чемпионы;
— 2019 жылы КФБ кубогінін чемпионы;
Сондай-ақ, 2020 жылдың бастамасын Венгрия елінде өткен «Иштван Боксай» Халықаралық турнирін жаңа жеңістерімен жаңашалап үлгерді. Атап айтсақ, аталмыш турнирде Оралбай Айбек топ жарып, Нұрбек қола жүлдегері атанды.

   —Құрметті Оралбай Айбек және Нұрбек. Сіздерді жеңістеріңізбен құттықтай отырып, «Иштван Боксай» Халықаралық турнирінің қалай өткенін сұрағымыз келеді. Әлемдік деңгейдегі білікті боксшылармен бір рингте кездесу қиындық тудырды ма?

Айбек:-Венгрия елінде өткен Халықаралық турнирге тынғылықты дайындалдық. Біз Алматы қаласында арнайы оқу-жаттығу жиынында Германия, Беларусь, Англия, Куба, Жапония т.б кәсіби спортшыларымен спарингке шығып, жақсы формада бардық. Аталмыш жарыста, бүкіл Еуропа елдерінің (30 мемлекет) кілең бокстың мықты саңылақтармен бақталастық. Өз салмақ дәрежемізде 20 спортшы болса, мен 4 бой өткіздім, Нұрбек 3 бой өткізді. Атап айтсақ, 1 – Беларусь, 2 – Испания, 3 – Фрация, 4 – Индия боксшыларымен ойдағыдай жақсы бой өткіздік.

Нұрбек: —Менің алаңдағы бірінші кездесуім Аустралия боксшысы болса, екінші – Ресей елі, үшінші бойда Испандық спортшыға 4:1 есебінде есе жіберіп алдым. Енді, алда белсенді еңбек ету керек. Осы жарыста жіберіп алған қателіктеріммен жұмыс жасайтын боламыз. 

-Жалпы, бокс алаңындағы өздеріңізге көңілдеріңіз тола ма? 

Айбек:  Жалпы, негізі спортта үлкен нәтижелерге жету керек қой әлі. Бұл жарыс біздің негізгі мақсатымыз емес, бұл жәй турнир. Біз Әлем чемпионатында, Олимпиада ойындарында қазақтың көк туын желбіретіп, әнұранымызды шырқатқымыз келеді. Мақсатымыз – Олимпиада шыңын бағындыру.

-Екеулеріңізге қарасам қатты ұқсассыздар, қайсыңыз үлкенсіздер? Достарыңыз қалай ажыратады. Мысалы, мен бірден ажырата алмас едім.))

Айбек: Мен 5 минутқа үлкенмін. Негізінде қасымыздағы араласатын балларымыз, достарымыз ажырата алады.

Нұрбек: Бірден ажырата алмайтындар да бар).

-Бұл ұқсастықты бокс алаңында пайдалана аласыздар ма ?)))

         Айбек:  Осы сұраққа сәйкес көбісі айтады негізі, сен Нұрбектің орнына бойға шық деп. Біз ондай нәрсе істеп көрмептік. Ондай ойымызда да болмаған. Мүмкін мұндайды пайдалануға болатын шығар)) (әзілдесті).

Нұрбек: Меніңше, әркім өз қарсыласын ұту керек, өзімен күресу керек. Әсіресе, спортта мұндайға жеңіл-желпі қарамау керек деп білемін.

  —Жақсы, жалпы спортқа қалай келдіңіздер? Неге бокс?Қанша жыл спорттасыздар?

Айбек: Спортқа әкеміздің арқасында келдік. Әкеміз негізі күрес шебері, бізді күреске беремін деп жүріп, кездейсоқ боксқа берді. Нақтырақ айтсақ, 2009 жылдары әкемізбен Астанадағы (қазіргі Нұр-Сұлтан)  «Алатау»  спорт кешенінен күрес спорт түрін іздеп жүріп қазіргі жаттықтырушымыз Еркебаев Асқар Берікбайұлын кездестірдік. Осы кісіден әкем күрес спорты бар ма деп сұрағанда, бұл жерде күрес жоқ. Бірақ, балаларыңызға қарасам көздерінен нағыз чемпион болатын егіз ағайындыларды көріп тұрмын. Мен бокс жаттықтырушысымын, балаларыңызды маған беріңіз, менің де арман-мақсатым –  егіз балаларды Олимпиада чемпиондары еткім келеді деп көндіріп алды. Содан бері спортпен біргеміз. Жалпы айтқанда, негізі уақытша жаттығып жүріп, көріп отырғандарыңыздай бокс өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Біз боксқа келгенімізге өтте қатты қуанамыз. Кейде жаттықтырушымызбен осы сәтті еске алып отырамыз.

— Бүгінге дейінгі көрсеткіштеріңіз өте жоғары деңгейдегі кәсіби боксшылар екендеріңізді дәлелдейді. Өздеріңіздің Қазақстандық боксшы ретінде орындарыңызды білесіздер ме? Қандай?

Айбек: Негізінен спортшылар Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасына кіргеннен соң, бәрі бірінші орында болғылары келетіні сөзсіз. Қай спортта болмасын әркім өзінен кейін із қалдырып, Қазақстанның атын шығарып, бокс тарихында орындарын белгілеуді көздейді. Біз де осыған тырысып, еңбектеніп жүрміз. Енді, Қазақстан боксында Василий Левиттен кейінгі екінші орындамын. Бірақ, қазір тынбай жаттығып, күш салып бірінші орында болуға тырысамын. Әлі де осындай жарыс, турнирлерде бақ сынап өзіміздің мықтылығымызды дәлелдейміз деп сенемін.

 —Мысалы, мен журналист ретінде өздеріңізді мектебіміздің мақтаныштары, Геннадидің ізінен ерген жас буын чемпиондары деп білемін. Геннадидай болу сіздер үшін..?

Айбек:  Неге болмасқа?! Геннади… ол енді орны бөлек. Ол Қазақстандағы нөмірі 1 боксшы. Бүкіл әлемге Қазақстан бокс профилін танытты. Біздің оған қарап үйренеріміз көп, керегімізді аламыз. Біз де қазақ боксын әлемге паш еткіміз келеді.

-Жаттықтырушыларыңыз кім?

Айбек:  2009 жылдан бері жаттықтырушымыз Еркебаев Асқар Берікбайұлы. Осы кісіге ең бірінші рет келдік содан бері бізді тәрбиелеп өсірді, бүгінге дейінгі барлық нәтижелеріміз жаттықтырушымыздың арқасы. Ол кісіге үлкен рақмет айтамыз! Сондай-ақ, «Толағай» жоғары спорт шеберлігі мектебі басшысы Данияров Бағдат Болатұлына ерекше алғысымызды білдіреміз! «Толағай» мектебі әркезде қажеттілікте көмек көрсетіп, жарыс алдында да, кейін де жағдайларымызды сұрастырып қолдау көрсетіп отырады. Көп-көп рақмет!

 —Дайындық өтетін орындарыңыз қандай?

Нұрбек: Біз қазір спорт интернатында оқимыз. «Жас батыр» спорт кешенінде дайындаламыз. Көбінде оқу-жаттығу жиыны Алматы қаласындағы АИБА спорттық базасында өтетіндіктен сонда жаттығамыз.

 —Сіздердің көзқарастарыңызбен Қазақстандық боксқа не жетпейді немесе қандай артықшылықтар бар?

Айбек: Қазақстанның боксын өзге елдермен салыстыра алмайсың. Қазақстанның өзінің тыңғылықты дайындалатын мектебі бар. Бұрыннан КСРО кезінен келе жатқан ерекше стилі бар. Біздің боксқа қосатындай дәрежеге әлі жетпедік. Ал артықшылықтарын айта кетсек, мысалы, біз көбінде шетелдерге шығамыз. Сонда шетелдіктер, бізге айтады, осы Қазақстанның мектебі бізге қатты ұнайды. Қазақстанның таза боксы өзіндік ерекшелігі бар деп. Негізі біздің алдыңғы боксшы ағаларымыз бүкіл әлемге қазақ стилін көрсетіп әлемді мойындатқан. 

-Алдағы жоспарларыңыз?

 Нұрбек: Ендігі нақты жоспарға келсек, маңыздысы – 2020 жылы күзде жоспарланып отырған Азия Чемпионатында 22 жасқа дейін чемпион болуды көздейміз. 

-Салиқалы сұқбаттарыңызға көптен көп рақмет. Сіздерге зор денсаулық пен мақсаттарыңызға жетуде ұмытылмас жеңісті сәттер тілейміз!!!

«Толағай» жоғары спорт шеберлігі мектебінің
 баспасөз хатшысы
Ж. А. Мұстафина

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.