Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары неміс тілін меңгеруге ден қойып келеді.
Бірнеше ай бұрын олар неміс тілінде сауатты жазуды насихаттау мақсатындағы «Tolles Diktat» халықаралық акциясына қатысып, тілдік қабілеттерін тексеріп көрген. Бұл туралы мәлімет берген аталмыш білім ордасы баспасөз қызметінің мәліметінше, акцияға қатысқан 11-сынып оқушысы Тимур Болатов Қазақстанды лайықты түрде таныстырып, бірінші орын алған екен.
Бірнеше шет тілін қатар меңгеру – қазақстандық мектеп оқушылары үшін қалыпты жағдайға айналды, өйткені тіл білудің көптеген артықшылығы бар, сонымен қатар дүниетанымды кеңейтіп, қарым-қатынас дағдыларын дамытады. Оралдық зияткер Тимур ұстаздарын осы аптада тағы бір жеңісімен қуантыпты. Ол Қазақстандағы Гете институты ұйымдастырған неміс тілінен республикалық олимпиадада екінші орынды иеленген.
Биыл аталған білім сайысы елдегі төтенше жағдайға байланысты онлайн режимде өтіп, қатысушылар тест тапсырып, сөйлеу дағдыларын байқатқан. Бірінші орынды жеңіп алған қатысушының нәтижесінен сәл ғана аз ұпай жинаған оралдық зияткер неміс тілінен халықаралық олимпиадаға қатысу резервіне енген.
Тимур Болатов жеті жұрттың тілін меңгеруді армандайды. Қазір ағылшыннан басқа неміс және жапон тілдерін үйреніп жүр.
– Жапон тілін меңгеруді хоббиім деп айтар едім, жаңа нәрсені үйрену маған қуаныш сыйлайды. Мен тіл үйрену барысында бәрінен бұрын сөздікке және оқу дағдысына мән беремін, өйткені бұл – тілдің маңызды бөліктерінің бірі деп ойлаймын, – дейді ол.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», Орал