Home » Мақалалар » Мұғалім мәртебесі – мемлекет абыройы.

Мұғалім мәртебесі – мемлекет абыройы.

Алматы қаласы,
Жетісу ауданы
№143 Сүйінбай атындағы мектеп-лицей
директоры Иманбекова Шара Талгатовна

Педагог – болашақ прези­денттің, ғарышкердің, жұмысшының мемле­кетіміздің кез келген азаматының өмір жолына жолдама беретін тұлға.Бүгінгі ақпараттар ағылған технологиялық мәдениет дәуірінде заманауи ұстаздық қызметтің жауапкершілігі  күннен-күнге артуда.  Жаһандану дәуірі – әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде  жандану дәуірі болғандықтан, білім пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс.XXI ғасырдың басы жаңа заман болып табылады. Жаңа заман ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономиялық реформалар сияқты көріністерімен ерекшеленеді. Сол кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу – әр ұстаздың міндеті.

Жаңа формацияға жаңа педагог қажет. Дәл осы кезеңдегі қабылданған «Педагог мәртебесі» заңы –заман талабы болып отыр.Мұғалім мәртебесі – мемлекет абыройы.Ұстаз мамандығының беделін арттыру кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі.    Мұғалім беделінің төмендеуіне әсер ететін объективті және субъективті факторлар болатыны белгілі. Мұғалімнің мәртебесін көтеру ең алдымен оның материалдық жағдайын жақсартуға тікелей байланысты. Осы бағытта игілікті істер басталып та кетті. 2018 жылы мектеп мұғалімдері үшін біліктілік сынағы енгізілді. Аттестациялау нәтижесінде  сынақтан өткен мұғалімдерімізге қосымша төлем қосылды. Ол санатына қарай 30 бен 50 пайыз аралығында. 2020 жылдан бастап мұғалімдер жалақысы 25 пайызға өсті. Ал төрт жыл ішінде жалақы екі есеге артатын болады. Академиялық дәрежесі бар магистрант  ұстаздарға да  жалақысына қосымша 25 пайыз үстемақы қосылып отыр. Сонымен бірге Жаңа заңда педагогтың әлеуметтік мәртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін азайту, қажетсіз тексерістерді азайту көзделген. Мемлекет басшысы өзінің  мұғалімдерді қоғамдық жұмыстарға тартуды тоқтатуды тапсырды. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында  да  білім сапасын арттыру мәселесін ерекше айтты. Бұл заң мұғалімнің құқықтық жағдайын, әлеуметтік-экономикалық жағынан қорғалуын құқықтық тұрғыда реттейді.

Қазірде эпидемиялық төтенше жағдай кезіндегі білім беру жүйесі ұстаздарды тағы бір қырынан ашылуға мүмкіндік тудырды десе де болады.Дегенмен, қашықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын түсінікті. Жаңа режимде жұмыс істеу педагогтер үшін де, балалар үшін де оңай шаруа емес, біраз күш-қуатты талап ететіні белгілі. Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді.Қиын кезеңге қарамастан, көптеген мұғалімдер жағдайға бейімделіп, өз міндетін лайықты атқаруды жалғастыруда. Осы шұғыл шараға байланысты ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетовтың 01.04.2020 жылғы «Пандемия кезеңінде білім беру ұйымдарында COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы» №123 бұйрығын басшылыққа ала отырып, мектебіміз де  қашықтықтан оқуға көштік. Білім беру ұйымында әкімшілік құрамнан қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша жауапты үйлестірушіні тағайындап, қашықтықтан оқу процесін сапалы ұйымдастыру үшін жеткілікті мүмкіндіктер жасауды және әрбір оқушы оқу бағдарламасына сәйкес өз оқуын жалғастыруды зор жауапкершілікпен ұйымдастыруды қолға алдық. Оқыту процесінің барлық қатысушыларына сұрақтар бойынша нұсқаулықтар берілді.  Ақпараттық жүйе арқылы ата-аналарға жеке кеңес беріп, сынып жетекшілерімен, пән мұғалімдерінің және ата-аналарының қатысуымен чаттар құрылды. Сол чаттар арқылы ата-аналармен кері байланысқа шығып, әр аптадағы жасалынған жұмыстарды қорытындылап отырамыз.

Қазіргі таңда оқушылар, мұғалімдер қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру үшін телесабақтарды, интернет ресурстарының – BilimLand, Kundelik.Kz, Daryn.online, MicrosoftTEAMS, GoogleClassRoom мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда.

Сонымен қатар ұстаздарымыз, оқушыларымыз, ата-аналарымыз әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырылып жатқан ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың, вице министр Ш. Каринаның, Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Л.Жылқыбаеваның, Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы С.Кусаинованың instagram, fecebook парақшаларында, теле арналарда арнайы қашықтықтан оқытуға байланысты ұйымдастырып жатқан брифинг, сұхбаттарына қатысып, айтылып жатқан ақпараттармен, жаңалықтармен үнемі танысып, беріліп жатқан нұсқаулықтарын басшылыққа алып, жұмыстарын жүйелі жүргізуде.

Оқу процесінен бөлек тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда жоғарғы деңгейде атқарылуда.  Пән мұғалімдері, сынып жетекшілер, ата-аналармен, оқушылар қашықтықтан түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, әлеуметтік желілерде бөлісіп отырады.

Еліміздің басына түскен қиын уақытта, көмек беріп, қол ұшын созып жатқан барлық абзал жандарға, әсіресе аудандық оқу бөлімінің басшысы Кусаинова Салтанат Амангелдіқызына қолдау көрсеткені үшін  ата-аналарымыз  үлкен ризашылықтарын білдіруде. Сонымен қатар  мектеп-лицей ұжымы оқушылардың сапалы білім алуына ең дұрыс, ең тиімді жағдай жасап отырғанын  ата-аналар мен оқушылар да жоғары бағалауда.

«Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Шәкірттеріне қашықтан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдіремін»,- деді. «Биылғы 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары қашықтан оқытыла бастады. Індеттің таралуына жол бермеу үшін осындай қадамға бардық. Екінші жағынан, бұл – заман талабы. Интернет жылдамдығы әртүрлі болғандықтан, қашықтан оқытудың бірнеше жолы ұсынылды. Атап айтқанда, телесабақ, интернет-платформадағы сабақ ұйымдастырылды. Интернет байланысы жоқ 57 елді мекенде тұратын оқушылар пошта қызметі арқылы оқу үдерісін жалғастырып отыр. Жергілікті атқарушы органдар мұғалімдер мен оқушыларды компьютермен, мобильді интернетпен қамтамасыз етуде. Үкімет қорынан байланыстың мүмкіндіктерін арттыру үшін қаражат қарастырылды. Осының нәтижесінде қашықтан оқыту қазір қалыпқа түсті», — деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысы атап өткендей, соңғы жылдарда қашықтан оқыту тәсілі жаһандық үрдіс ретінде қалыптасты. Әлемнің көптеген жоғары оқу орындары бұл әдісті кеңінен қолданып келеді. «Мұның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Әсіресе қазіргідей карантин жағдайында бұған балама жоқ. Сондықтан алдағы уақытта оны жетілдіре түскен жөн. Биылғы оқу жылы ойдағыдай аяқталады деп ойлаймын. Оқу үлгерімін бағалауға қатысты еш қиындық туындамауы тиіс. Әрине, оқушылардың өз мұғалімдерімен және құрбыларымен жүздесіп, әдеттегідей сабақ оқығанына не жетсін. Бұл – уақытша қиындық. Бұған түсіністікпен қарап, шәкірттеріне қашықтан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдіремін», — деді Қазақстан Президенті.

Әр уақытта өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаз қашан да зор құрметке лайық. «Алты алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын — мұғалімдікі» деп Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқандай, заман көшін бастаушы ұстаздарға көрсетілетін сый-құрмет бұдан да ерекше болады деп сенемін.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.