Home » Мақалалар » Өмірі өзгеге өнегелі ұстаз

Өмірі өзгеге өнегелі ұстаз

Нұргүл АБУЕВА,
Орал қаласындағы М.Ықсанов атындағы
 №36 ЖООБМ-нің дене тәрбиесі мұғалімі

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші,  Батыс Қазақстан өңіріндегі  ұстаздар қауымына белгілі, жүрегі кең, пейілі ақ азаматтардың бірі – жоғары санатты, ұлағатты ұстаз Құсайын Шакен.
            Құсайын Тұрсынұлы 1957 жылы 31 наурызда сол кезде Орал облысы аталған өңірімізге қарасты бұрынғы Чапаев ауданының Шағатай ауылында дүниеге келген.
Жастайынан оқуға зерек, бойында суретшілік өнері бар, спортқа  жетік кейіпкеріміз онжылдықты ойдағыдай аяқтап, сол жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жаратылыстану факультетінің география-биология мамандығына оқуға бірден түсіп кетеді. Институт қабырғасында жүріп, көптеген студенттік іс-шараларға белсене қатысып, оқу орнының намысын түрлі деңгейдегі сайыстар мен спорттық шараларда абыроймен  қорғайды. 1979 жылы институтты география және биология пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен Маңғыстау облысына жіберіліп, қуанышы мен қиындығы мол ұстаздық өмірді бастап кетеді. Ұстаздық қызмет етіп жүріп, Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге сұранады. Әскерде өз ісіне ұқыпты, сауатты, жинақы жүретін жас сарбаз командирлерінің көзіне түсіп, әскери бөлімшенің штабына жұмысқа тартылады. Әскери қызметтің соңында, яғни 1981 жылдың күзінде Петрозаводск қаласында офицерлер дайындайтын жиыннан өтеді.  Әскерилерден әскери бөлімшеге жұмысқа қалуға ұсыныс түссе де, елге келіп ұстаздық жолын жалғастырады.
Кейінгі еңбек жолына үңілсек, 1981-1996 жылдар арасында БҚО-дағы қазіргі Теректі ауданы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта
білім беретін мектепте дене шынықтыру, география, алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімі, мектеп директоры болып жұмыс жасайды. 1982-1984 жылдары «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытында бастауыш комсомол комитетінің секретарлығына сайланып, қиындығы мен жауапкершілігі мол, білімділік пен ұйымдастырушылық қабілетті талап ететін жұмысты абыроймен атқарады.
1997 жылы Орал қаласына қоныс аударған білікті маман М.Ықсанов атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектепке алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Арасында 2004-2005 жылдары облыстық «Орал өңірі» газетінде жауапты хатшы, 2005-2006 жылдары «Олимпиада резервтерін даярлайтын облыстық спорт орталығында» директордың орынбасары болып жұмыс жасайды. Бірақ мектептегі шәкірттерін сағынған Құсайын Тұрсынұлы 2006 жылдың сәуір айынан өзінің сүйікті білім ордасына оралады.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берудегі қызметте Құсайын Тұрсынұлының еңбегі зор.  Оның өмір жолындағы ұстанымына, ұстаздық еңбегіне разы болмайтын шәкірті жоқ шығар, сірә. Қазіргі таңда өзі бағыт беріп, тәрбиелеген шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде әскери салада еңбек етуде. Ол кісінің ұлағатты ұстаздығы – адамгершілік жырына тұнып тұрған ғажайып бір әлем. Тумасынан еңбексүйгіш те белсенді Құсайын Тұрсынұлының шығармашылық жұмыспен қатар, облыстық, қалалық әріптестеріне өзінің кесімді пікірлерімен, өмірлік бай тәжірибесімен бөлісіп отыратыны көпшілікке мәлім. Қаншама жас маманға ұлағатты тәлімгер Құсайын Тұрсынұлы қызығы мен қиындығы қатарласып келетін қызметтің қыр-сырын үйретіп, қарапайым адамгершілік қағидаттарымен сусындатып келеді. Ол кісінің бойындағы «ақырын жүріп, анық басатын» байсалдылығы, жусаннан аласа, бетегеден биік кішіпейілділігі, құйса толмайтын, толса аспайтын парасаттылығы, зерделілігі, еңбекқорлығы, зияткерлігі, ұлы Абай бабамыз айтқандай, тамаша бес қасиеті жайлы да көп айтуға болады.
Қазір ол М.Ықсанов  атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектебінде жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде өнегелі үлгісімен, жаңашылдық жолымен, адамгершілік қасиетімен, қоғамдық жұмысымен ұстаздық жолын жалғастыруда. Сонау 90-шы жылдардың басында іргесі қаланған мектебіміздің әр бұрышында өзінің қолтаңбасы бар. Ұстаздық жолында атқарған еңбегі елеусіз қалған жоқ. Құсайын Тұрсынұлы – бірнеше қалалық,  облыстық деңгейдегі «Құрмет Грамоталары» мен «Алғыс хаттарының» иегері.
Әріптестері арасындағы сыйластығы да бір төбе болатын ұстаздың күнделікті тұрмыста қарапайым, барға қанағатшыл, кісі кемшілігін көзге шұқып, мін тақпайтын жұмсақ мінезі, керек кезінде талап қойғыштығы да бар. Үлкенге де, кішіге де қол ұшын беріп, он саусағынан өнер тамған педагогтың әріптестеріне келгенде аянып қалған жері жоқ.
Атақты педагог-ғалым В.А.Сухомлинский ұстаздық өнерге ерекше баға берген: «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі де, қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады». Осынау бағаны ұлы педагог еліне еңбегімен сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болатын Құсайын Тұрсынұлындай абзал жандарға арнап бергендей. Уақыт таразысы – әр адамның тағдырына белгілі бір өлшеммен берілген баға жетпес байлық. Дәл осы тұрғыда өмірінің әрбір сәтін, әр кезеңін игілікті іске жаратып, өзінің саналы ғұмырын шәкірттерінің болашағына арнай білген, арын адамгершілігіне бағалаған Құсайын Тұрсынұлының  өнегелі өмір дәстүрі – бәрімізге үлгі. Он саусағынан өнер тамған ұстаз, білікті маман әлі де әріптестеріне, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие, мол рухани азық берері хақ.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.