Home » Мақалалар »   Білім беруді дамытудың жаңа бағыттары

  Білім беруді дамытудың жаңа бағыттары

Исагалиева Айнур Шайжановна
Атырау қаласы, Үш тілде оқытатын
дарынды балаларға арналған
№30 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі,
«ҚР білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінің
құрметті қызметкері», «Білім беру саласындағы
ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,
әдістемелік құралдың авторы, мектеп тренері

Қай уақытта да болмасын кез-келген мемлекет пен қоғамның қалыптасуына, жан-жақты дамуына, өркендеуіне, әлемдік аренада өзіндік орын алып, өркениетті елдер қатарына қосылуы үшін білім мен ғылымның алатын рөлі аса ерекше. Білім беру жүйесіндегі өзгерістерге негізделген әлемдік дамудың негізгі үрдістеріне тоқталсақ: қоғам дамуының қарқындылығы; ақпараттық қоғамға көшу; мәдениаралық өзара қатынас ауқымының кеңеюі; халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде шешілуі мүмкін ғаламдық проблемалардың туындауы; қоғамның демократиялануы; экономиканың қарқынды дамуы, бәсекелестіктің өсуі; адам капиталы мәнінің артуы. Осыған сәйкес дамыған елдердің білім беру жүйесінде төмендегідей тенденциялар байқалып отыр: білім беру философиясы мен әдіснамасының жаңаруы; мазмұнын құру әдістерінің өзгеруі; жүйенің жетілдірілген моделдердің жасалуы; басқарудың тиімді жолдарының қарастырылуы; жаңа білім технологияларының енгізілуі; оқытудың дәстүрлі өнімсіз стилін ығыстырып, оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін дамытушы, сындарлы білім беру моделіне көшуі; терең және белсенді кәсіби бағдар берудің ерте жастан басталуы; оқушы жастарға азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік, көпмәдениеттілік, денсаулықсақтау және экологиялық тәрбие беру рөлінің күшейтілуі және т.б.
Білім беру сапасын бағалаудағы  халықаралық PISA, TIMSS, PIRLS  зерттеулерінің соңғы 10 жылдағы нәтижелері негізінде, оқушылары тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсететін  дамыған елдер: Финляндия, Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Канада, Жаңа Зеландия және Шанхай екендігі анықталған. Финляндия  барлық халықаралық зерттеулер бойынша алдыңғы орында тұр және қазір Европа Финляндиядағы мектептік білім беру  жүйесіне Еуропаның эталоны деп баға беріп отыр[1].
12 жылдық білім беруге көшу — қазіргі заман талабына сай туындап отырған мәселе. Дамыған елдердің тәжірибесі біздің еліміздің білім жүйесіне өзгеріс енгізудің қажеттілігін көрсетіп отыр. Дүниежүзінің аса дамыған елдерінде -АҚШ-та, Англияда, Швейцарияда, Канада мен Германияда жалпы білім беру ұзақтығы 12 не 13 жыл, Голландияда     14 жыл,  ал Кореяда, Жапонияда, Швецияда, Францияда, Италияда – 12 жыл. Енді сол елдердің тәжірибесіне тоқталайын. АҚШ-та орта мектеп 2    буыннан тұрады: кіші және жоғары мектеп. Кіші орта мектепте     7-9-сыныптарда жалпыға бірдей бағдарлама, және  таңдау бойынша сабақтары, жоғары орта мектепте 10-12-сыныптарда міндетті түрде 5 оқу пәндері және практикалық, академиялық бағыттағы профильдік пәндер берілген. Оқушылар 9-сыныптан кейін міндетті 5 пәнге қоса келешектегі мамандығына жақын бейінді пәндерді таңдап оқиды. Жапонияда  мектептің жоғары сатысы 5 түрлі – техникалық, сауда, ауыл шаруашылық, флоттық, қосымша  мектептер болып құрылған.  Ұлыбритания білім беру жүйесі мектепке дейінгі білім беру және тәрбиеден басталады.  Дамыған елдерде орта және жоғары білім сапасын көтеруге негіз болатын, орта мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланысқа ерекше назар аударады. Мысалы:Америкада 7-8-сыныптарда кәсіптік бағдар беріліп,   9-сыныпта дифференциалдық сипат алады. 11-12-сыныптарда оқыту үш бағытта – академиялық, кәсіптік және жалпы бағыттарды жүргізіледі. Тек академиялық бағыт қана оқушыларды университетке түсуге дайындайды. Францияда 3 жылдық лицей жалпы және технологиялық білім болып бөлінеді. Лицей бітірушілер жалпы және технологиялық білім бакалавры дәрежесін алу үшін емтихан тапсырады. Бакалавр дипломы талапкерлердің өздері оқыған секция бағдарына сәйкес келетін университет мамандықтарына түсуге мүмкіндік береді.  Ұлыбританияда жоғары орта мектепте бағдарлы білім беріледі. 13-сыныпта оқитын барлық оқушылар өздері келешекте оқуын жалғастырғысы келетін университеттермен тығыз байланыс жасайды. Сөйтіп оқу бітірген әрбір оқушы келешекте қайда оқитынын толық анықтайды [3].
А.Құсайыновтың білім реформасы туралы кітабынан басқа «Семей таңы», «Мәдени мұра», «Жалын» журналдарында жарияланған мақалалары арқылы Жапон мектептерінің тағылымымен толық таныстым. Бұл мектептегі оқушылардың еркіндігі, партаға отырудағы өзгерістер, мұғалімнің баламен байланысы, ата-аналардың сабаққа еркін қатысуы балалардың достық қарым қатынасы,  мұғалімді, мектепті ерекше құрмет тұтуы мен баланы рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің жапондық жүйесі  мені өте қызықтырды. Әрине қазақ халқының да дәстүрлі рухани-адамгершілік тәрбиелеудегі мол тәжірибесі бар, алайда қазір кейбір құндылықтар жойылып, саясаттанып кеткендігін жасыра алмаймыз.
Дамыған елдердегі оқушылардың үлгерімін бағалау мені өте қызықтырады. Біздің елімізде 5 балдық жүйе қолданылады. Дегенмен дамыған елдердегі бағалау оқушы білімін нақты, дәл анықтауға мүмкіндік беретіндігі сөзсіз. Атап айтсам, Америкада білім деңгейін бағалау мен бақылау барысында көбіне кредитті көп қолданады. Мектепті бітіргендігі туралы аттестат алу үшін небәрі 16 кредит жинауы қажет. Германияда орта білім беретін оқу орындарында алты деңгейлі білімді бағалау шкаласы негізге алынған. Румыния, Голландия, Ауғанстан  мектептерінде оқушыларға  1-ден 10-ға дейін балл қойылады. 10 — өте  жақсы, 1 — өте жаман, Жапонияда бастауыш және орта мектепте 5 дәрежелі шкала бағасы қолданылады: S (өте жақсы), А (жақсы), В(қанағаттанарлық), С (нашар),              D (өте нашар)[4].
Дамыған елдерде дарынды, талантты балаларға оқытуға ерекше назар аударады. АҚШ-та 1970 жылдардан бастап дарынды балаларға арналған арнайы білім беру бағдарламалары дайындалып келеді. Сондай-ақ, Ұлыбританияда  дарынды балаларды қолдайтын қолданыстағы «Дарынды және талантты оқушылардың білімін дамытудың Ұлттық бағдарламасы» бар. Сингапурда  дарынды оқушыларға оқудың ерекше жағдайлары жасалды. Оқу жетістіктерін бағалайтын Халықаралық қауымдастық өткізген математикалық және жаратылыстану ғылыми білімді бағалаудың халықаралық зерттеулердің қорытындылары бойынша ең жақсы нәтижені Сингапурдың оқушылары көрсетті. Ал Қазақстанда дарынды балаларды оқыту қолға алынып, оларға арналған бағдарламалар жасалуда.
Тағы бір жетістіктеріміздің бірі — әлем бойынша білім беру аспектілерін түбегейлі өзгертетін және оларды тиімді біріктіретін,  ХХІ ғасыр трендіне айналған ақпараттандыру процесінің арқасында Қазақстанда IT-технология бойынша қашықтан және электронды оқуға қатысатын оқушы санының жыл сайын артуы. Білім беру ұйымдарында электрондық оқытудың сынамасы толық деңгейде жүргізілуде.
Қазақстандағы жоғары білім саласында жасалынып жатқан маңызды бір қадам — білім беруді интернационалдандыру үрдісі ерекше орын алуда, яғни көптілді кадрларды даярлау мәселесі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы үш тілді меңгерген жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс деген нақты міндет қойып,  Қазақстан халқына Жолдауында «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз»деп атап өтті.
Білім беруді жаңартудың маңызды басымдықтарының бірі 12 жылдық оқытуға көшу.  Әр елдің білім беру және тәрбие саласында өзіндік ерекшелігі мен артықшылығы, тіпті кемшілігі де болады, осы себепті де біз Қазақстанда оқушыға білім беру мен тәрбиені жан-жақты дамыту мақсатында шетелдік білім берудің тек оң  және тиімді жақтарын алуымыз қажет. Мысалы, АҚШ пен Францияның балаларды  мектепке дейінгі дайындау тәжірибесіне, Германиядағы бейіндік оқытуда пәндерді блоктарға біріктіру тәжірбиесіне, Қытайдың мектеп оқушыларын адамгершілікке, әлеуметтендірілуіне көп көңіл және ғылыми жұмыс әдістеріне баулуына, Скандинавия елдерінің оқу үдерісін демократияландыруына  баса назар аударған абзал болар еді.  Жапониядағы сияқты орта білімнің жоғарғы сатысында бейіндік оқыту бағыттарын кеңейту мүмкіндігін қарастырған да жөн болар.  Білім саласына өзгерістер енгізу үшін оны елдің тарихи дәстүріне, мақсатына, өндірісі мен мәдениет сұранысына бейімдеу керек.
Ұлыбритания және Қазақстан арасындағы білім беру саласында өзара  ынтымақтастық жүзеге асырылуда. Қазақстанға Кембридж университеті ғалымдарының оқыту тәсілі, яғни жаңа бағдарлама енгізілді. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибесін жетілдіру мен бағалауға көмектесу,  зерттеушілік әрекетінің ұйымдастырылуын, игерген білімін іс-әрекетте яғни оқушыға дайын білім бермей, оны дамыта оқытып, ізденушілік-зерттеушілік әрекетінің ұйымдастырылуын, игерген білімін іс-әрекетте  пайдалана алуын көздейді. Бірінші деңгей көшбасшысы болып мектептің даму жоспарын әзірлеу барысында  көптеген дамыған елдердің білім саласындағы реформаларымен,  жаңалықтарымен таныстым. Әсіресе мені дамыған елдердің мектептерінің құрылымы, оқушылардың білімі бағалау әдістері, электрондық оқу жүйелері, оқушылардың білім сапасының көрсеткіштері мен рухани – адамгерщілік тәрбие бағыттары үлкен ойға қалдырды. Осындай өзгерістерді көшбасшы ретінде өз мектебіме енгізуге талпындым. Көшбасшы ретінде мектеп басшыларымен, мұғалімдермен, ата-аналармен, оқушылармен пікірлестім, ақылдастым.  Зерттеу жұмыс-тарына  бет алып, оларға арнап сауалнама үлгісін дайындадым. Осы бастапқы сауалнама зерттеулерінің қорытындысы бойынша мектепті дамыту жоспарының басымдығы таңдалып, мектептің даму жоспарын жасауға өз үлесімді қостым. Біз еңбек ететін Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназиясы қаламыздың бірнеше мектебін біріктіретін  желілік қоғамдастықтың тірек мектептеріне  кіреді. Биылғы оқу жылында ай сайын жоспарлы түрде мектептер өзара тәжірибе алмасу семинарларын өткізуде. Біз де өз мектебімізде «Ізденіс» желілік қоғамдастығын құрып, даму жоспары бойынша жоспарланған       іс-шараларды жүзеге асырудамыз. Желілік қоғамдастықтың көмегімен көптеген мәселелерді шешіп, жаңа идеялармен алмасып, қала, облыс көлемінде бірнеше семинарлар өткіздік. Білім беруді жаңғырту – бүгінгі заманның талабы.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. А.Құсайыновтың «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» атты кітабының жарық көруіне байланысты автордан алынған сұхбат, 2013
  2. Құсайынов А.Қ. «Білім және реформа» — Алматы 2016 ,77-82-б.
  3. Айқынбаева Г.Қ «12 жылдық білім беру жүйесінің шетелдік мемлекеттердегі дамуының ерекшеліктері» Жоғары мектеп педагогикасы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.